30 тамыз күні түстен кейін Ресейдің Белгород қаласындағы жылу электр станциясы мен Ozon маркетплейсі жалға алған екі қоймаға зымыран түскенін "Пепел" басылымы мен Exilenova+ және Supernova+ телеграм-арналары жазды.
Белгород облысының губернаторы міндетін атқарушы Александр Шуваев Белгородқа жасалған шабуылдан зардап шеккендер бар деп хабарлады. "Шабуыл салдарынан бірнеше жерде өрт шыққаны жайлы хабар түсті", – деді ол, бірақ егжей-тегжейін айтпады.
Шабуылға ұшыраған нысандарда өрт шыққан деп нақтылады "Пепел". Кейінірек басылым Белгородтағы зымыран шабуылынан соң облыстық халықты әлеуметтік қорғау басқармасы ғимаратына дрон түскенін жазды.
Белгород облысындағы зымыран шабуылынан кейін Ozon тауар жеткізу қызметін тоқтатты. Маркетплейстің баспасөз қызметі компанияның Белгородтағы сұрыптау орталығы мен логистикалық хабы шабуылға ұшырағанын растады.
"Жұмысшылар эвакуацияланды. Алдын ала мәліметтер бойынша, өкінішке қарай, бірнеше адам қаза тапқан. Нысанда өрт шыққан, ол сөндірілді. Біз Белгородта және оның төңірегіндегі аймақта тапсырыс қабылдауды немесе жеткізуді уақытша тоқтаттық", – деп жазылған хабарламада.