Accessibility links

Украинадағы Волчанск. Азат етілген қаланың өмірі


Украин сарбазы ресейшіл ұран жазылған баннерді шешіп жатыр. Волчанск.
Украин сарбазы ресейшіл ұран жазылған баннерді шешіп жатыр. Волчанск.

Ресей шекарасынан төрт шақырым жерде орналасқан Харьков облысындағы Волчанск қаласы оккупациядан қыркүйекте азат етілген. Украинаның қарымта шабуылы кезінде қаланы тастап кеткен Ресей әскері енді оны алыстан атқылап отыр. Тұрғындардың көбі көшіп кеткен, қалғаны күнін әрең көріп отыр.

Ресей әскері Украинаның солтүстігіндегі Харьков облысының көп бөлігін, оның ішінде Волчанск қаласын 24 ақпан күні басқыншылықтың алғашқы сағаттарында оккупациялаған. Украина әскерінің қарсы шабуылынан соң, Ресей әскері қаладан кеткен. Қазір оның көшелері қаңырап қалған.

"Көп адам кетті" деді жабық тұрған дүкендердің қасынан өтіп бара жатқан 84 жастағы Виктор Бондаренко. "Адамдардың көбі мұнда әлі де шайқас болады деп ойлайды. Көбі қорқып қалды, бірақ олар [осында] қалуы керек еді деп ойлаймын".

Волчанск тұрғыны Виктор Бондаренко.
Волчанск тұрғыны Виктор Бондаренко.

Оккупацияға дейін 18 мың адам тұрған қала бірнеше ай оккупацияда болғанымен, әскери әрекеттерге куә болмаған: Ресей әскері де, Украина әскері де қаланы қорғамай, тастап кеткен. Бірақ Ресей қаланы әлі де жиі атқылайды.

Олар белгілі бір нысананы көздемей ата береді дейді Украина сарбаздары.

"Ресей күштері халыққа террор жасап, адамдарды қорқытуды көздейді" деді сарбаздардың бірі "Настоящее время" арнасына. "Бұл ауданда әскери нысана жоқ. Дүкендерді, балалар алаңдары мен аурухананы қиратудың мәні жоқ. Бар мақсаты – дүрбелең туғызу".

Волчанск қаласы тұрғындары азайып жатқандықтан, қаланы үнемі атқылау нәтиже беріп жатқанға ұқсайды. Мұнда дүкендер, дәріханалар, мейрамханалар мен басқа да кәсіпорындар жабық тұр.

Үкіметтік мекемелер мен жедел көмек көрсету қызметтері де әлсіреген. Бұл қаланың қалыпты өмірге оралуын бәсеңдетіп отыр.

"Әкімшілікке немесе қалалық кеңеске барсаң, адам таппайсың" дейді Бондаренко. "Ешкімнен ештеңе ала алмайсың. Жалғыз зарығып қалдым. Бұл расымен қиын".

"Настоящее время" тілшілері Бондаренконы көргенде, ол Украинаның әскери бекетіне бара жатты.

"Аздап болсын жылынып алайын деп сонда бара жатырмын" деді ол. "Жасым 84-те. Газдың болмағанына он күн болды. Үй де суық, күн де суық. Электр жарығы да жоқ".

Тегін атамаған алпыс жастағы Валерий де Волчанск қаласында қалған. Ресей күштері армия қатарына қосуға мәжбүрлемек болды дейді ол "Настоящее время" арнасына.

Жасын білген соң, оны босатқан. Бірақ көшеден ұстап алып, екі күн бойы окоп қазғызып қойған.

Валерий төрт жыл бойы гуманитарлық көмек алмағанын, дүкендердің де, банкоматтардың жабық екенін айтады.

"Кедей секілді жүрміз" деді ол. "Есепшотымда 18 мың гривен бар, бірақ оны ала алмаймын".

Жергілікті тұрғындар тығылуымыз керек бола ма деп үйінен алысқа кетпейді дейді аты-жөнін атамаған әйел.

"Таңертең нан алуға барынша ерте барамыз" дейді ол. "Бірақ соның өзінде үйге жетер-жетпесіңді білмейсің".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG