Accessibility links

Украина мен Ресей бірін-бірі "Пасха бітімін" бұзды деп айыптады

Ресей күштерінің әуе шабуылы салдарынан жанған отты сөндіріп жатқан адам. Украина, Сумы облысы, 11 сәуір, 2026 жыл.
Ресей күштерінің әуе шабуылы салдарынан жанған отты сөндіріп жатқан адам. Украина, Сумы облысы, 11 сәуір, 2026 жыл.

Украина қарулы күштері 11 сәуір күні сағат 16:00-ден, яғни атысты тоқтату туралы "Пасха бітімі" күшіне енетін уақыттан кейін оны бұзған 469 жағдай тіркелгенін мәлімдеді.

"Сағат 16:00-ден кейін атысты тоқтату режимін бұзудың 469 жағдайы тіркелді. Атап айтқанда: қарсы тарап 22 шабуыл әрекетін жасап, 153 рет атқылады, 19 камикадзе-дронмен ("Ланцет", "Молния") және 275 FPV-дронмен шабуылдады", делінген Украина қарулы күштері штабының хабарламасында.

Сумы облысының билігі ресейлік дрон жедел жәрдем көлігіне түсіп, салдарынан үш медицина қызметкері жараланғанын хабарлады.

"Ресейлік дрон аппараты Глухов елдімекеніндегі көлікке тиді. Үш медицина қызметкері зардап шекті. Оларға жедел түрде көмек көрсетілді. Өміріне қауіп жоқ", деп жазды Сумы облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Григоров.

Ресей тарапы да оқ атпау режимі бұзылғанын айтып, Курск және Белгород облыстары атқыланғанын хабарлады.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин 11 сәуір күні сағат 16:00-ден 12 сәуірдің соңына дейін "Пасха бітімін" жариялаған. Сенбі, 11 сәуір күні таңертең Зеленский Украина бітім режимін сақтап, қарсы жақтың іс-әрекетіне дәл сондай жауаппен әрекет ететінін мәлімдеді. Егер Ресей әуеде, жерде және теңізде шабуыл жасамаса, Украина да оқ атпайды деді ол.

"Пасха бітімі" күшіне енетін қарсаңда Ресей мен Украина "175-ке 175" форматымен тұтқын алмасқан.

Путин былтыр да Пасха мерекесі кезінде осыған ұқсас уақытша бітім жариялаған еді. Сол кезде Ресей қорғаныс министрлігі Украина тарапы бітім шартын сақтайтын болса атысты тоқтатамыз деген. Зеленский егер Ресей майданда атысты толық тоқтататын болса, Украина да дәл солай істеуге әзір деп жауап берген. Алайда кейін екі тарап бір-бірін "бітімді бұзды" деп айыптады.

Айдар
XS
SM
MD
LG