16 шілде күні Украина Жоғарғы Радасы премьер-министр лауазымына ұсынылған Сергей Корецкийдің кандидатурасын мақұлдады. Азаттық радиосының Украин қызметінің хабарлауынша, 289 депутат осындай шешімді жақтап дауыс берген.
Бейсенбі күні парламентте сөйлеген сөзінде Корецкий үкімет жұмысына "жауапкершілік, кәсібилік және әділ ережелер" қағидаттарын енгізгісі келетінін мәлімдеді. Ол жаңа кабинеттің "қорғаныс, экономикалық даму және еуропалық интеграция" үкіметіне айналуын қамтамасыз етуге тырысатынын айтты.
Корецкийдің кандидатурасын премьер-министр лауазымына Украина президенті Владимир Зеленский ұсынып, 15 шілде күні Жоғарғы Раданың қарауына енгізген.
Сергей Корецкий 1978 жылы Луцк қаласында дүниеге келген және сондағы мемлекеттік техникалық университетінде оқыған. Студент кезінде "Континуум" компаниялар тобында еңбек жолын бастаған ол 2007 жылы топтың басқарушы компаниясының басшысы қызметіне көтерілген, кейінірек WOG жанармай құю станциялары желісін дамытуға жауапты болды.
2022 жылы Корецкий "Укрнафта" мен "Укртатнафта" компаниялары басшылығына келді, ал 2025 жылы Украинаның ең ірі мемлекеттік энергетикалық компаниясы – "Нафтогаздың" басшысы лауазымына жарияланған байқауда жеңіске жетті.
Сергей Корецкийге дейін үкіметтік басқарған Юлия Свирыденко осы аптаның басында қызметінен кетті. Оған Украинаның АҚШ-тағы елшісі лауазымы ұсынылады деген хабар тараған, бірақ БАҚ-тың хабарлауынша, ол бұл қызметтен бас тартқан.