Accessibility links

Украина Ресейдің азаматтық авиациясын қаншалық бұғаттай алады?

Мәскеудегі Шереметьево әуежайында тұрақта тұрған Aeroflot ұшағы.
Мәскеудегі Шереметьево әуежайында тұрақта тұрған Aeroflot ұшағы.

Украина президенті Владимир Зеленский азаматтық әуе компанияларына үндеу жасап, Ресей аспанында ұшу қауіпті деп мәлімдегелі Ресейдегі бірқатар рейс тоқтатылып, әуежай жабылып, шектеулер енгізілді.

Украина президенті Владимир Зеленский азаматтық әуе компанияларына үндеу жасап, Ресей аспанында ұшу қауіпті деп мәлімдегелі Ресейдегі бірқатар рейс тоқтатылып, әуежай жабылып, шектеулер енгізілді.

Украина Ресейге дрон шабуылын үдеткелі мұндай шектеулер бұған дейін де болған, сол себепті қазіргі жағдай несімен ерекшеленетіні түсініксіздеу. Бірақ Зеленский әуе шабуылы одан әрі күшейетінін меңзегендіктен, мұның Ресейге қаншалық ауыртпалық түсіретіні туралы сұрақ туып отыр.

"Қазір біз рейстердің уақытша тоқтатылуы туралы емес, олардың тәулік бойы, аптасына жеті күн бұғатталуы туралы айтып отырмыз. Басқаша айтқанда, стратегия – бұл әуежайларды пайдалануға жарамсыз ету" деді Украинадағы Авиация музейінің өкілі Валерий Романенко Азаттық радиосының Украин қызметіне.

"Мұндай операцияны іске асыруға болады, оған мүмкіндік бар. Бұл Ресей әуе қорғанысында тұрған көптеген кешендерді басқа бағытқа бұруға итермелейді. Ал біз оны шағын дрондар арқылы іске асырамыз" дейді ол.

Зеленский "Енді Ресейдің әуе кеңістігі іс жүзінде жабық" дейді Зеленский "Енді Ресейдің әуе кеңістігі іс жүзінде жабық" дейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:56 0:00

"Аса қауіпті"

Зеленскийдің ескертуі 1 қыркүйектің кешінде жарияланды.

"Бүгін біз Ресейдің әуе кеңістігін пайдаланатын әрбір әуе компаниясына, әрбір сақтандырушыға, Ресейдің негізгі әуежайларын әлі де пайдаланатын барлық адамға ескерткіміз келеді: Ресей аспаны аса қауіпті болып барады" деді ол.

Зеленскийдің мәлімдемесінен кейін Украина 2 қыркүйекте Халықаралық азаматтық авиация ұйымына (ICAO) ресми түрде хабарлама жолдап, Ресейдің әуе кеңістігінде азаматтық авиацияға төнетін қауіптің артып келе жатқанын ескертті.

3 қыркүйекте болған жайттар мұны растағандай болды.

Мәскеудегі Внуково әуежайы жұмысын уақытша тоқтатты. Қалаға қызмет көрсететін басқа да ірі әуежайлар – Шереметьево мен Домодедово рейстерге шектеу енгізілгенін хабарлады. Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің айтуынша, 2-3 қыркүйек аралығында Мәскеу облысына қарай 548 украин дроны ұшқан.

Сол күні Ресейдің Көлік министрлігі әуе тасымалдаушылардың өтінішінен кейін шетелдік әуе компанияларына Ресей әуежайлары мен әуе кеңістігіндегі қауіпсіздік шаралары туралы түсініктеме бергенін мәлімдеді.

Көлік министрі Андрей Никитин Ресейдің Қорғаныс министрлігімен және Ұлттық ұланмен бірге қауіп-қатерді барынша азайту үшін жұмыс істеп жатқанын айтты.

"Азаматтық авиацияның жұмысында елеулі іркіліс болуына жол бермейміз деп ойлаймын" деді ол.

Flightradar24 сайтының онлайн картасы 3 қыркүйек күні 17:11 уақытында Мәскеудің ірі үш әуежайында рейстер азайғанын көрсетті.
Flightradar24 сайтының онлайн картасы 3 қыркүйек күні 17:11 уақытында Мәскеудің ірі үш әуежайында рейстер азайғанын көрсетті.

Алайда Flightradar24 деректері бойынша, 3 қыркүйекте әлемде жұмысы шектелген бес әуежайдың төртеуі Ресейде болған.

Жаңа нысандар

Украинаның дрон шабуылдары бұған дейін де Ресей әуежайларының жұмысына кедергі келтірген. Бірақ ол іркілістер ұзаққа ұласпаған. Романенконың айтуынша, Украина қысымды азаматтық ұшақтарға соққы жасамай-ақ күшейтудің жолдарын қарастырып жатыр. Зеленский азаматтық ұшақтарды нысанаға алмайтынын мәлімдеді, өйткені мұндай шабуыл соғыс қылмысы саналады.

"Нысанаға алынатыны – Ресейдегі әуе қозғалысын басқару инфрақұрылымы. Оның ішінде: диспетчерлік мұнаралар, әуежайлардағы автоматтандырылған қону жүйелері, глиссада жабдықтары және әуе қозғалысын басқаруға арналған радиолокациялық жүйелер бар. Бұл жүйелер ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Соққы ұшырайтыны солар" дейді ол.

Ұшақ брокерлігімен айналысатын литвалық Friendly Avia Support компаниясының бас директоры Александр Ланецкий "Настоящее время" басылымына берген сұхбатында Мәскеудің әуе кеңістігін жабу аумағы жағынан әлемдегі ең ірі ел саналатын Ресейдің бүкіл авиация саласына әсер ететінін айтты.

"Егер Мәскеу авиациялық хабы бір аптаға істен шықса, мұны бүкіл ел сезінеді. Дрондардың үздіксіз ұшуынан ол жерді ұшуға тыйым салынатын аумақ деп жариялауы мүмкін. Соның салдарынан әуежайлардың жұмысы, жалпы осы өңірдегі бүкіл авиация саласы тоқтап қалады" дейді ол.

3 қыркүйектегі ұшу деректері іркілістердің басым бөлігі ішкі рейстерге қатысты болғанын көрсетті. 11 уақыт белдеуін қамтитын Ресей үшін бұл экономикаға айтарлықтай ауыр соққы. Мұның бәрі Ресей соғысының қарапайым жолаушыларға қандай зардап тигізіп отырғанын көрсетеді.

2022 жылғы ақпанда Мәскеу Украинаға басқыншылық соғысын бастап, Батыс елдері бұл елге ұшуға шектеу қойғанда Ресей халықаралық әуе қатынасының едәуір бөлігі тоқтап қалған.

Бірақ халықаралық рейстер толықтай тоқтамады. Ресейдің Туроператорлар қауымдастығының (ATOR) мәліметінше, Түркия, Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай және Египет Ресейдің халықаралық жолаушылар тасымалының 72 пайызын құрап отыр.

"Ресейге ұшу немесе ұшпау туралы шешім қабылдаған кезде бұл әуе компаниялары қауіп-қатерді бағалайды. Өйткені Ресейдің әуе кеңістігінде ұшақтан айырылған жағдайда жауапкершілік толығымен Ресей мен тиісті әуе компаниясының мойнында болады" деді авиация және қорғаныс технологиялары жөніндегі сарапшы Богдан Долинце Азаттыққа берген сұхбатында.

Айдар
XS
SM
MD
LG