Accessibility links

Донбасста ресейшіл сепаратистер зорлаған әйелдер үшін әділдіктің ауылы алыс


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Украиналық құқық қорғау ұйымының таяуда жариялаған есебі бойынша, Донбасста ресейшіл сепаратистердің тұтқынына түскен әр төрт адамның біреуі зорлау немесе басқа да жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Зорланған әйелдер саны бұдан да көп болуы мүмкін, өйткені мұндай жағдайға тап болған адамдардың бәрі бірдей басынан өткергенін айта бермейді.

Украинаның шығысындағы Донецк қаласында тұрған Наталья ресейшіл сепаратистердің тұтқынына 2015 жылы түскен. Оны Украина билігінің пайдасына "тыңшылық жасады" деп айыптаған.

Украинаның мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бұрынға ғимаратында қамауда болған Наталья соққыға жығылғанын, зорланғанын, сөйте тұра ешқандай медициналық көмек көрсетілмегенін айтады.

"Олар мені күзетшілердің біріне алып барды. Мен ашуым келіп, "Бұл не сонда? Не ойын? Ол жерде тұру мүмкін емес" деп айттым" дейді 40 жастағы Наталья украиналық үкіметтік емес ұйымына.

"Саған бірдеңе ұнамай тұр ма?" деп сұрады күзетші. "Оны жігіттерге тапсырыңдар, жайратып тастасын" деді ол. Олар мені сол бөлмеге әкелді. Онда барлығы мас, іші мүңкіп тұр. Бетімді жастықпен басып, қолымды қысып ұстады да, зорлап тастады", дейді Наталья. "Олардың түрі есімде жоқ. Сақалды, қырынбаған, үстінен жағымсыз иіс мүңкіп тұрған біреуі ғана есімде қалды".

Наталья екі жыл қамауда болған Донецк қаласында 2014 жылғы сәуірде, Ресейдің Қырымды аннексиялауынан бір ай өткен соң, Ресей қолдауына ие сепаратистер мен Украина қарулы күштері арасында шайқас басталған.

Ұзаққа созылған бұл шайқас 13 мыңнан астам адамның өмірін қиды. Сепаратистер Донецк және Луганск облыстарының бір бөлігін әлі де бақылауда ұстап отыр.

Наталья тұтқыннан босатылған соң басынан өткен азабын айтып Украина билігіне шағынғанымен, ресми Киев істі әлі қолға алған жоқ. "Прокурор маған мұны дәлелдеудің мүмкін емесін айтты" дейді ол украиналық құқық қорғаушыларға.

Натальяның басынан өткен жағдайларды Шығыс Украина азаматтық бастамалар орталығы (ШУАБО) хатқа түсіріп алған. Орталық 300-ге тарта ер мен әйелден алған сұхбаттардың негізінде 2017 жылы зерттеуін жариялаған. Ұйымға сұхбат берген әр төртінші адам сепаратистерден жыныстық зорлық-зомбылық көргенін айтқан.

Наталья және Донбасстың сепаратистер бақылайтын бөліктерінде жыныстық зорлық көрген басқа да адамдар өздеріне жәбір көрсеткендердің қашан сотқа тартылатынын әлі күтіп жүр.

ШУАБО басшысы Владимир Щербаченко Украинаның сот жүйесі мұндай істермен айналысуға бата алмайтынын айтады.

"Мәселе құқықтық жүйеде жұмыс істейтіндер адамдар – заңгерлер, тергеушілер, прокурорлар мен Украина қауіпсіздік қызметінің мұндай істермен айналысқысы келмеуінде болып тұр. Зорлық-зомбылық екі ай, тіпті жылдар бұрын жасалғандықтан, оларды тергеу өте қиын", – деді ол Азаттықтың "Настоящее время" арнасына. "Олар (құқықтық жүйе қызметкерлері – ред.) жәбірленушілерге мұндай істерді тергеуден пайда жоғын айтып, тіпті ойынан айнытып тастайды".

Мұндай істерді тергеудегі басты кедергі – қылмысқа барды деген күдіктілердің Киевке бағынбайтын аудандарда тұратыны. Щербаченко осыған байланысты Киев халықаралық қауымдастықтың көмегіне жүгінуі керек деп санайды.

Донбасстағы жыныстық зорлық құрбандарының адвокаттары мұндай істердің мыңдап саналатынын айтады. Олардың сөзінше, Украинаның Халықаралық қылмыстық сот туралы келісімді ратификациялаудан бас тартуы әділдік іздеген жәбірленушілерге үлкен қиындық тудырып отыр. Халықаралық қылмыстық сот туралы келісім бойынша, аталмыш қылмыстар әскери қылмыс саналады.

"ЖАЛҒАН НАМЫС"

Киев қылмыс жасады деген адамдарды қолға түсіре алған күннің өзінде, оларды жауапқа тартуға кедергі болатын басқа да жайттар бар.

"Зорлық көргендердің жайын мұндайды басынан өткергендер ғана түсіне алады", – дейді 2017 жылғы ақпанда Донецкіде сепаратистер тұтқынына түсіп қалған Валентина Бучок "Настоящее время" арнасына.

"Бұған қоса, жалған намыс пен жәбірленушінің өзі кінәлі деген пікір де бар. Үкімет те әскери тұтқындардан, тұтқынға түсіп қалғандардан, әсіресе, гендерлік зорлық-зомбылық құрбандарынан көбіне қашқақтап тұрады" дейді Бучок.

Ол өзін сепаратистер көшеде тапайдың тал түсінде ұстап әкетіп, ұялы телефонындағы бірнеше суретке бола "тыңшылық жасады" деп айыптағанын айтады.

Валентина Бучок.
Валентина Бучок.

Сепаратистер Бучокты 17 жылға соттап, "абақтыда" бірнеше ай ұстаған. Мұндағы абақты дегені – қақтығысқа дейін қаңырап қалып, өнер галереясына айналған зауыт ғимараты. Сепаратистер ғимаратты 2014 жылғы мамырда Донецкіге бақылау орнатқан соң ұзамай басып алған.

55 жастағы Бучок 2017 жылғы желтоқсанда Украина мен Ресей қолдайтын күштер арасындағы тұтқын алмасу кезінде босатылған.

"Бұлар – есінен адасқан ауру адамдар. Зорлау дегеніміз – олар үшін азаптаудың бір әдісі ғана. Арамызда бәріміз үшін адам айтқысыз азап көрген бір қыз болды. Олар оған небір сұмдық нәрселерді істеді – бірнеше адам болып талай мәрте зорлады" дейді Валентина Бучок. "Тұтқынға түсе салысымен мені шешіндіріп, суретке түсірді. Дәл кеңседе. Олар қолында билігі барына және адамға ойларына келгенін жасай алатынына масайрап отырды".

"Біз 50 адам болғанбыз, бәрімізді әйелдерге арналған моншаға апарды. Ол жердің лас екені былай тұрсын, еркектер толып отырды. Олар бізге қарап, күліп отырды. Өте ыңғайсыз. Өзіңді ешкім еместей сезінесің" дейді Бучок.

"АЗАП ТАРТҚАН БЕЙНЕ"

Ирина Довгань сепаратистер тұтқынында болған кезінде алған жан жарасы соншалық, босап шыққан соң "боянуға, тырнағына күтім жасауға, көйлек киюге құлқы болмаған". Өзіме жай ғана әйел ретінде көңіл бөле алмадым" дейді.

Довгань 2014 жылы тамызда Донецкіде өзін сепаратистер ұстап әкеткенде косметолог болып жұмыс істеп жүрген. Ол да Киевтің пайдасына тыңшылық жасады деп айыпталған. Ол уақытта оның отбасы Донецк облысының Азов теңізіндегі үкімет әскеріне қарайтын Мариуполь қаласында тұрған.

Сепаратистер оны соққыға жығып, оқ атқан кезде құлағын жанап өткен, зорлаймыз деп қорқытқан.

Довганьді бұған қоса көптің алдында қорлап, суретке түсірген. Оны Донецкінің орталығында бағанаға байлап қойып, үстіне Украина туын жауып, оның "тыңшы, бала өлтіруші" екені жазылған плакат ұстап тұруға мәжбүрлеген. Бұл қорлау сәтінен түсірілген сурет әлемнің назарын аударып, оның бес күннен кейін тұтқыннан босатылуына әсер еткен болу мүмкін.

Ресейшіл сепаратистердің Ирина Довганьді жұрт алдында мазақ етуі. Олар Довганьді Украина туына оранып, "тыңшы, бала өлтіруші" деп жазылған плакат ұстап тұруға мәжбүрлеген. Мұны көрген адамдар Довганьге түрлі деңгейде қоқан-лоқы көрсеткен.
Ресейшіл сепаратистердің Ирина Довганьді жұрт алдында мазақ етуі. Олар Довганьді Украина туына оранып, "тыңшы, бала өлтіруші" деп жазылған плакат ұстап тұруға мәжбүрлеген. Мұны көрген адамдар Довганьге түрлі деңгейде қоқан-лоқы көрсеткен.

Көшеде өткен-кеткен адамдар оны тілдеп, тепкен. Оған қол жұмсау сәттерінің бірі суретке түсіп қалып, кең таралып кеткен.

"Бұл адамдарда қандай да бір моральдық ұстаным жоқ" деді Довгань. "Олар бұрын қара жұмыс істеген және маскүнем болған. Енді келіп, аяқ астынан ешкімге есеп бермейтін адам болып кетті".

"Планшетімде 15 жастағы қызымның суреті болған еді. Олар маған қызымды тауып алып келетінін айтты" дейді Довгань. Оның сөзінше, сепаратистер қызын тауып алса, зорлайтындарын айтып, өзін қатыгездікпен, дөрекі түрде қорқытқан.

Довган "абақтыда" әйелдерді бұрын душ болған, бәрі анық көрінетін кабинада қамауда ұстағанын айтады. Ол жерде әйелдерді төбеге орнатылған камера арқылы бақылап отырған. Есік торланғандықтан ол жерден қашып шығу мүмкін емес.

"Ол жерде әйелдерді бір аптаға қамап, дәрет сындыруға деп бес литрлік құман береді. Олар [сепаратистер] көз алмай қарап отырады", дейді Довгань.

Ирина Довгань.
Ирина Довгань.

Украинаның шығысындағы сепаратистер бақылайтын аймақта жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарының саны қанша екені белгісіз.

"Біз мұндай қылмстарды құжаттайтын ортақ базаны әлі құрып жатырмыз. Үкімет мұны біртұтас реестрге әлі енгізбегендіктен және аталған қылмыстарды қалай жіктеу керектігі әлі күнге белгісіз болғандықтан, нақты статистика жоқ", дейді Украина парламентіндегі гендерлік теңдік және кемсітпеушілік жөніндегі кіші комитет жетекшісінің орынбасары Нелли Яковлева. "Егер біз мұны Украинаның үкімет бақылауындағы аумағында қадағалап, тіркей алмайтын болсақ, онда бақылауымыздан тыс аумақтарда не болып жатқаны мүлдем белгісіз".

Украинаның гендерлік саясат жөніндегі мемлекеттік омбудсмені Катерина Левченконың мәлімдеуінше, Донбасстың сепаратистер бақылайтын аудандарындағы жыныстық зорлық-зомбылық құрбандары "мыңдап саналады".

Левченко Украина Әділет министрлігінің аталған проблеманы шеше алмауының бір себебін украин заңдарының "халықаралық қылмыстық және гуманитарлық құқық ережелерімен" "сай келмейтінінен" көреді.

Яковлева мұны көп жағдайда Украинаның Халықаралық қылмыстық сотқа ресми түрде қосылмай отырғанымен байланыстырады.

Халықаралық қылмыстық сот 2002 жылы Гаагада Халықаралық қылмыстық соттың Рим жарғысы (статуты) деп аталатын келісімге сай, үкіметаралық ұйым ретінде құрылған.

"Украина Рим жарғысын әлі ратификациялаған жоқ. Сол себепті, Украина заңнамасында Рим жарғысында қарастырылатын зорлау, күштеп шешіндіру, мәжбүрлеп жүкті қылу, күштеп стерилдеу деген жіктеулер жоқ", дейді Яковлева.

Татьяна Ярмощук пен Тони Веселовскийдің ағылшын тілінде жарық көрген мақаласының аудармасы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG