Луганск облысының әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай Ресей әскері аймақтағы Кременная қаласына кіргенін хабарлады. Оның сөзінше, қаладан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау мүмкін емес. Соғысқа дейін бұл қалада 18 мыңдай адам тұрған.
Львовқа шабуылдан алты адам қаза болғаны айтылды
Львовқа жасалған ракета шабуылынан алты адам қаза болып, сегіз адам жараланды деп хабарлады Львов әскери әкімшілігінің басшысы Максим Козицький.
Оның сөзінше, Львовқа төрт рет ракета шабуылы жасалған: үшеуі әскери объектілерге, біреу көлік дөңгелегін жөндейтін орталыққа.
"Укрзалізниця" (Украина теміржолдары) компаниясы да Львовта бірнеше ракета теміржол объектілеріне түскенін айтқан.
18 сәуір. Қазірге дейінгі негізгі ақпараттарты шолып шығыңыз:
- Ресей туын тігіп алып теңізде жүрген кемелерге 17 сәуірден бастап Еуропа одағы елдері портына кіруіне тыйым салынады. Ресейге қарсы осындай шараға Эстония, Бельгия мен Болгария да қосылды. Оның алдында Румыния мен Италия ресейлік кемелердің келуіне тыйым салған. Бұл 24 ақпанда Мәскеу Украинаға соғыс ашқалы бері Еуропа одағы мақұлдаған Ресейге қарсы санкциялардың бірі. 24 ақпанға дейін Ресей туы астында жүріп, содан кейін басқа елдің туын іліп алған кемелер де осы санкцияға ілігеді.
- Вашингтонның Киевке қауіпсіздігін нығайтуы үшін бөлген 800 млн доллардың көмегі аясында АҚШ жіберген қару-жарақ, оқ-дәрілер Украинаға келе бастады. Бұл жөнінде Америка үкіметіндегі дереккөзге сүйенген CNN телеарнасы хабарлады.
- Ресей әскері Украина қалаларын атқылауды жалғастырды. Украина қарулы күштері Ресей Харьков маңындағы әскерін көбейтуге тырысып жатқанын айтады. Спутниктен түсірілген суреттерде әскери техникалардың Харьков облысы Липчановка елді мекенінде шоғарланғаны байқалады. Техниканың біраз бөлігі Изюм қаласына қарай бара жатыр.
- Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресей Украинадағы соғыста тактикасын өзгерткенмен, мақсатын өзгерткен жоқ деп мәлімдеді.
- Украина президенті Владимир Зеленский "Мариупольдегі украин күштерінің қазасы Ресеймен келіссөзге нүкте қоюы мүмкін" деп мәлімдеді. Қоршауда қалған Мариупольдегі украин күштері Ресейге берілуден бас тартқан.
- Журналистер "Москва" крейсерінде қаза болған теңізшінің аты-жөнін анықтады. Пентагон Ресей крейсері Украинаның екі зымыраны түскеннен кейін суға батқан дейді.
Эстония, Бельгия мен Болгария порттарына Ресей кемелерінің кіруіне тыйым салынды
Ресей туын тігіп алып теңізде жүрген кемелерге 17 сәуірден бастап Еуропа одағы елдері портына кіруіне тыйым салынды. Ресейге қарсы мұндай шараға Эстония, Бельгия мен Болгария да қосылды. Оның алдында Румыния мен Италия ресейлік кемелердің келуіне тыйым салған.
Бұл – Еуропа елдері Ресейге Украинаға қарсы басқыншылығы үшін Еуропа одағы салған санкциялардың бесінші пакетіне сәйкес қабылданған шара. Мәскеу Украинаға соғыс ашқан 24 ақпанға дейін Ресей туы астында жүріп, содан кейін басқа елдің туын іліп алған кемелер де осы санкцияға ілігеді.
Эстония экономика және инфрақұрылым министрі Таави Асстың мәлімдеуінше, күллі Еуропа Ресейге тәуелді болмау үшін экономикалық қызметін қайта қарап жатыр.
"Кремль агрессиясын доғаратын сыңай танытпай отыр, сондықтан Еуропа [Мәскеудің] басқыншылық соғысты жалғастыру ниеті оған өте қымбатқа түсетіндей етудің стратегиялық жолдарын қарастырып жатыр. Елдер ғана емес, Ресеймен қандай да бір байланысы бар кәсіпорындар да экономикалық қызметін жаңа жағдайға қайта бейімдеуі тиіс" деген Аас.
Ресей туымен жүрген кемелер Эстония порттарына тек көмек қажет болған ерекше жағдайда, оның өзінде полиция департаменті мен шекара күзетін алдын ала ескерткеннен кейін кіруі мүмкін деп хабарлаған.
Болгария билігі де өз аумағындағы теңіз және өзен порттарына Ресей кемелерінің кіруіне тыйым салды. Бұл туралы ақпарат осы елдің теңіз әкімшілігі порталында жарияланды.
Бұған дейін Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Ресей өнеркәсібіне ықпал ету мақсатында ресейлік кемелердің Еуропа порттарына кіруіне тыйым салынатынын мәлімедеген.