Донецк облысындағы ахуал қандай?
Донецк әскери әкімшілігінің өкілі Татьяна Игнатченко-Тюрина аймақтағы қазіргі ахуалды былай деп баяндайды:
- Ресей ускерилері Авдеевка қаласын атқылап, әлеуметтік инфраструктуралардың көбін қиратты. Кеше, 19 сәуірде Краматорск қаласына ракетадан шабуыл жасалды. Очеретинская грамада аймағында да ауыр шайқас жүріп жатыр, мұндағы кіші елдімекендердің көбінде жарық жоқ. Авдеевканың жартысы жарықсыз.
- Донецк облысының Украина билігінің бақылауындағы аумағында 370 мың адам қалды. Ресей басқыншылығына дейін мұнда 1,68 млн адам тұрған еді (жікшіл "ДХР" мен "ЛХР" есептемегенде).
- Краматорск қаласы босап қалды. Облыс бойынша эвакуация жұмыстары жалғасып жатыр.
- Донецк облысымен көрші облыстар арасында байланыс бар. Азық-түлік жеткізуге мүмкіндік бар. Дәрі-дәрмекпен жағдай қиын, кейбір елдімекендерде дәріханалар жұмыс істеп тұрған жоқ. Дәрілерді гуманитарлық көмек ретінде жеткізіп жатырмыз.
Қазір Ресей Донецк пен Луганск облысын алу үшін бүкіл әскери күшін осы аймаққа жіберген. 18 сәуірде Зеленский Ресей Украинаның шығысындағы басқыншылығын бастады деген.
Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Мәскеу "Украинаның келіссөз делегациясына сенбейді әрі сенім жоғалды" деді.
Ресей мен Украина арасындағы келіссөз іс жүзінде Бучадағы қырғыннан соң тоқтап қалған. Бірнеше күн бұрын Зеленский Ресей Мариупольдегі украиналық әскерилерді өлтірсе келіссөзге нүкте қойылады деген.
Мариуполь билігі: Бізге көп қару-жарақ керек
Мариуполь мэрінің орынбасары Сергей Орлов ВВС телеарнасының эфирінде қалада әлі 130 мың бейбіт тұрғын қалғанын, қала 50 күннен бері қоршауда тұрғанын айтты. Оның сөзінше, Мариупольге азық-түлік, су, медициналық көмек қажет. Орлов украиналық күштер қаланы бақылауда ұстау үшін көп қару-жарақ керек деп мәлімдеді.
20 сәуірге қараған түні Ресей әскері "Азовстальдегі" украин сарбаздарына берілуді ұсынды. Ұсыныс қабылданса, 20 сәуір күні атқылауды тоқтата тұратынын айтты. Украина күштері олардың бұған дейінгі осындай ұсыныстарынан бас тартып келген.
Ал бүгін Украинаның шығысындағы "ДХР" аймағының өкілдері "Азовсталь" аумағынан бес украиналық солдат қаруын тастап берілді деді. Бірақ соғыс жағдайында мұндай ақпараттарды тексеру қиын. Украина тарабы бұл мәлімдемеге жайлы әзірге ештеңе деген жоқ.
Украина вице-премьері Ирина Верещук 20 сәуір күні Мариупольден гуманитарлық дәліз ашылатынын айтты
"Әйелдерге, балаларға және егде жастағыларға арналған гуманитарлық дәліз жөнінде келісе алдық" деп жазды Верещук. Колонна Мариуполь-Мангуш-Бердянск-Тоқмақ-Орехов-Запорожье бағыты бойынша жүрмек.
Ресей әскері Мариупольде түгел дерлік жермен жексен етіп, бақылауға алды. Бірақ "Азовсталь" зауытына тығылған Украина әскері әлі қорғанып жатыр. Зауытта жүздеген бейбіт азаматтың бары айтылады. Мұның алдында Верещук гуманитарлық дәліз жөніндегі келіссөздердің нәтижесіз аяқталғанын хабарлаған.