Accessibility links

Қырымдағы сепаратистік ұйымдар күшейіп барады


Қырымдағы ресейшіл тұлға Сергей Шувайников.
Қырымдағы ресейшіл тұлға Сергей Шувайников.

Украинадағы саяси және экономикалық дағдарыс екпіні Қырым түбегіне де жетті. Бұл аймақтағы Ресейге жақтас ұйымдар ұлт аралық араздықты қоздырғысы келетінін байқатты. Кейбіреулер «мұның ақыры Украинаның бөлінуіне әкеп соғады» деп қорқады.

Қырым парламентінің депутаты, Симферопольдің шетіндегі көп пәтерлі үйде кеңсесі бар Сергей Шувайников Қара теңіз түбегіндегі этникалық орыстарды қорғауды мақсат етеді. Шувайников Қырымның картасы, «Ресеймен біргеміз!» деген ұран, коммунистік орақ пен балға белгісі бар медаль ілінген кабинетінде Украинадағы орыс тілі мен мәдениетінің жапа шегіп жатқаны туралы ұзақ сөйледі.

«Бұл – орыс екенін тілі арқылы айқындайтын халықты ұлттық сипатынан айыру үшін, олардың жас ұрпағына орыс екенін мойындатпау жолындағы саяси ұстанымның жемісі. Украинадағы орыс халқына қарсы жасалған күрес» дейді ол.

Шувайников «бункер» деп атайтын үйдің бұрышында үйілген мегафондар мен оралған баннерлер ол басқаратын «Орыс қауымдастығы конгресі» мен «Орыс майданы» ұйымдарының әрекетінен хабар береді. Қараша айынан бастап Киевте саяси дағдарыс орнағаннан бері оның ұйымы Симферополь мен басқа жерлерде шерулер өткізіп, Еуропа Одағының (ЕО) туын өртеді. АҚШ пен НАТО-ны «Украинадағы бүлікті ұйымдастырды» деп айыптады.

ЭТНИКАЛЫҚ АРАЗДЫҚ ҚАУПІ

Қырым халқы Украинадағы ұзаққа созылған саяси, әрі экономикалық дағдарыстың ақырын үрейлене күтіп отыр.

Қырым – Украинадағы этникалық орыстар көп шоғырланған жалғыз аймақ.
Шувайниковтың "бункеріндегі" жазу.
Шувайниковтың "бункеріндегі" жазу.
Ондағы 2 миллион адамның шамамен 60 пайызы – орыстар. 18-ғасырдан бастап 1954 жылға дейін Қырым Ресейдің меншігі болатын. Украинадағы этникалық және діни толқулар күшейген сайын аймақтың қайтадан Ресейге қарауы мүмкін деген сыбыс та күшейе түсті.

Украинада сепаратизммен ашық айналысуға тыйым салынса да, көптеген ресейшіл ұйымдар Януковичтің үкіметі «фашистік» оппозициямен келісімге келген жағдайда «Қырым автономиясын бекітуге» шақырады.

Ресейшіл топтардың мақсаты – Украинаны Мәскеудің ықпалында ұстап, ЕО-мен бірігуге жол бермеу. Сол үшін олар православ орыстар мен мұсылман татарлардың арасына от жағады. Мұсылман татарлар тұрғындардың 12 пайызын құрайды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде депортацияға ұшыраған жүздеген мың татар кейін отаны Қырымға оралған.

Шувайниковтың Симферопольдегі бункерінен солтүстік-шығысқа қарай 40
Қырымның картасы.
Қырымның картасы.
шақырым жерде Белогорск деген қала бар. Бір кезде бұл қала Қарасубазар аталып, Ұлы Жібек жолындағы сауда орталығының бірі болған. Қазір қалада 18 мың тұрғын (орыс, татар және украиндар) бар.

Қала мэрі, этникалық татар Альберт Кангиев – президент Виктор Януковичтің партиясының мүшесі. Ол «қаладағы этникалық топтар арасындағы қарым-қатынас жақсы, бейбіт» дейді. Бірақ мэр сыртқы күштер осы үйлесімділікті бұзуы мүмкін деп қауіптенеді.

«Көп ұлтты қаламыз. Депортацияланған тұрғындар қаланың 30 пайызын құрайды, сондықтан ірікті салам деушілерге қиын емес» дейді Кангиев.

Қараша айында Шувайниковтың Орыс қауымдастық конгресі Белогорск қаласында шеру өткізіп, орыстардың «Халықтар бірлігі күнін» атап өтті. Оған қатысқандар «Украинада орыс тілінің, мәдениетінің, православ дінінің жапа шегіп жатқаны» туралы тыңдады.

Кангиевтің қалада тұрақсыздық орнауы мүмкін деген қаупі негізсіз емес. Оңтүстікке қарай 100 шақырым жерде, Ялта теңіз шипажайында өзін Ирина деп таныстырған егде орыс әйелі Совет Одағы тараған соң отанына оралған қырым татарларына көңілі толмайтынын айтты.

«Татар деп репрессияға ұшырап, жер аударылғандарды айтса керек. Әйтеуір өзбекке ұқсайтын біреулер келді. «Мен татармын! Репрессияға ұшырағанмын. Жер бер!» дейді. Жер алады да, оны кейін көп ақшаға қайта сатып жібереді. Сөйтіп аз нәрседен көп пайда көреді» дейді Ирина.

«99 ЖЫЛДАН СОҢ УКРАИНА ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ БОЛМАЙДЫ»

Қырымда белсенділік танытып жүрген жалғыз ресейлік ұйым «Орыс қауымдастығы конгресі» мен «Орыс майданы» ғана емес. Ақпанның 12-сі күні Симферопольдің кәсіподақ ғимаратындағы АҚШ елшілігі қаржыландыратын баспасөз клубында жиырмаға жуық ресейлік ұйым жиналып, «Қырымдағы этникалық орыстардың мүшкіл халін» талқылады.

Бұл шараны 1994-95 жылдары Қырым президенті болған ресейшіл сепаратист
Симферопольде тұрған танк.
Симферопольде тұрған танк.
Юрий Мешков Skype арқылы ұйымдастырды. Сепаратистік әрекеті үшін 2011 жылы Украинадан депортацияланған Мешков қазір Мәскеуде тұрады.

Шараға қатысушылар Совет Одағын аңсайтындарын ашық білдіріп, ашу мен үрейге толы пікірлерін айтты. Беларусь президенті Александр Лукашенконы қолдайтын комитет атынан сөйлеген Виктор Головин: «Біз соғысуға шақырмаймыз. Тек өзімізге тиесілі дүниені қайтарсын дейміз. Ешкім бізді ұлы Ресей әлеміне оралуға шақырудан тоқтата алмайды. Біздің үйге қайтуымызға мүмкіндік беріңдер» деді.

Дөңгелек үстелде «Халық майданы» атты ұйымның жетекшісі Валерий Подъячий баяндама жасады. Ол бөлінуге ашық шақырмаса да, «Киев Қырым түбегін Ресейге жалға берсін, есесіне Мәскеу Украинаның барлық қарызын кешірсін» деді. Ол осындай сценарий «АҚШ-тың Кубадағы Гуантанамо әскери-теңіз базасын жалға алған сәтіне ұқсас екенін» де ескертті.

«Жалға алу мерзімі аяқталған соң не болады?» деген сауалға ол жылдам жауап қайтарды: «99 жылдан кейін Украина тәуелсіздігін сақтап қалады деп ойламаймын. Ресей осы қалпында қалады, себебі ол – АҚШ, Қытай, ЕО сияқты елдермен терезесі мемлекет. Ал Украинаның осы қалпында қалуы екіталай».

«РЕСЕЙ ҚОЛТАҢБАСЫ»

Бірақ Қырымның орыстарға жақындай түскенін татарлар қауымы қаламайтын тәрізді. Қырымдық татарлардың өзіндік басқару құрылымы – меджлистің
Қырым татарлары басшысы Рефат Чубаров. 25 қаңтар 2014 жыл.
Қырым татарлары басшысы Рефат Чубаров. 25 қаңтар 2014 жыл.
басшысы Рефат Чубаров Совет Одағы тарағаннан бері Мәскеудің аймақты өз қарауынан шығармау үшін жанталасып жатқанын айтады.

«Совет Одағы құласа да, Мәскеу бұрынғы советтік аймақтарды уысынан шығарғысы келмейді. Армения мен Әзербайжандағы Таулы Қарабақты, Молдовадағы Приднестровьені, Грузиядағы арандатушылық әрекеттерді, Балтық елдерін ойлаңыз. Мәскеу Қырымды да Украинаны басқаруға ықпал ететін тетік деп қарайды» дейді Чубаров.

Ресейге жақтас ұйымдар Мәскеумен байланысы жоқ екенін айтады. Бірақ барлық жерде Ресейдің қолтаңбасы байқалып тұрады. Симферопольдегі Ресей консулдық қызметі этникалық орыстарға ресейлік төлқұжат таратып, бұған Киев наразылық танытты. Ресей мемлекеттік агенттігі басқа ТМД елдерімен бірігіп Симферопольде үлкен вилла салды.

Өткен аптада Ресей президентінің кеңесшісі және Кремльдің бас идеологы Владислав Сурков Қырымға құпия сапармен келіп, Қырым премьер-министрі
"Стоп Майдан" ұйымының жол шетіне ілген баннерлері.
"Стоп Майдан" ұйымының жол шетіне ілген баннерлері.
Анатолий Могилевпен, парламент спикері Владимир Константиновпен, Севастополь губернаторы Владимир Яцубамен кездесіп қайтты. Константиновтың 20 ақпан күні Мәскеуге барып, Ресей думасының спикері Сергей Нарышкинге жолығатыны белгілі болды.

Қырымның жолдарында «Стоп Майдан» деп аталатын құпия үкіметтік емес ұйым ілген мыңдаған баннер тұр. Онда Қырымның «елдегі тұрақтылықты қолдайтыны, экстремизм мен шетелдің араласуына жол бермейтіні» жазылған. «Стоп Майдан» жүздеген шерушіні Киевке жіберіп, Януковичтен шеруді ымырасыз басуды талап етті.

Ал меджлис төрағасы Рефат Чубаров Украина үкіметінің саясаты татарлардың көңілін қалдырып, аймақтағы этникалық топтардың арасында шиеленісті күшейткенін айтады. Бірақ ол Қырымға сырттағы күштер ықпал етпесе, жергілікті жағдай тұрақты болар еді дейді.

«Ресейге қарайтын топтардың кенеттен белсенділік танытуына ішкі жағдай әсер еткен жоқ. Оларға сырттан біреулер дем беріп отыр. Мәскеу мен Киевтің қарым-қатынасы қиындаған сәтте үнемі осындай құбылысты байқаймыз» дейді ол.

Роберт Коалсонның мақаласын аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG