Accessibility links

Януковичтің бұлтақтауы серіктерін жікке бөлді


Шерушілер ЕО-мен серіктестік келісіміне қол қоймай тастаған Украина президенті Виктор Януковичтің суреттерін ұстап шықты. Киев, 29 қараша 2013 жыл.
Шерушілер ЕО-мен серіктестік келісіміне қол қоймай тастаған Украина президенті Виктор Януковичтің суреттерін ұстап шықты. Киев, 29 қараша 2013 жыл.

Украина президенті Янукович өзара қайшы мәлімдемелер, ал үкімет кереғар әрекеттер жасап жатыр. «Мұның себебі – президент маңайындағы адамдардың жікке бөлінуі» дейді сарапшылар.

Украина президенті Виктор Януковичтің «оппозициямен дөңгелек үстел басында кездесуге әзірмін» деген мәлімдемесінен соң іле-шала түн қараңғылығын пайдаланған полиция Киевтің орталығындағы демонстранттарды күшпен ығыстырып шығармақ болды. Соның кесірінен шиеленісті бейбіт жолмен реттеуден үміт үзілді.

«ПРЕЗИДЕНТ ЖАҒДАЙДЫ УЫСТАН ШЫҒАРЫП АЛҒАНДАЙ»

Шерушілерді күшпен тарату туралы пікір айтып жүрген Янукович елдің бұрынғы үш президентімен кездескеннен кейін жуаси қалды. Бірақ оның мұнысы бірінші құбылуы емес. Мұның алдында да, қарашаның 30-ы күні, полиция халықты күшпен ығыстырып, келесі күні көшені демонстранттарға қайта босатып берген.

Украина президенті Виктор Янукович (сол жақтан - екінші) елдің бұрынғы үш президенті: Леонид Кравчук (оң жақтан - екінші), Леонид Кучма (оң жақта) және Виктор Ющенкомен (сол жақта) кездесіп отыр. Киев, 10 желтоқсан 2013 жыл.
Украина президенті Виктор Янукович (сол жақтан - екінші) елдің бұрынғы үш президенті: Леонид Кравчук (оң жақтан - екінші), Леонид Кучма (оң жақта) және Виктор Ющенкомен (сол жақта) кездесіп отыр. Киев, 10 желтоқсан 2013 жыл.
Президент Виктор Януковичтің Еуропа Одағымен (ЕО) серіктестік құжатына қол қоюдан бас тартып, Ресейге бет бұруынан басталған саяси дағдарыс барысында ел басшысының әрі-бері құбыла беруі біраз жұртты шаршатты.

Киевтік саяси сарапшы Виктор Небоженконың айтуынша, «президенттің қазіргі әрекеттері жағдайды бақылаудан шығарып алғандай әсер қалдырады».

- Президенттің саяси жағдайды уысынан шығарып алғаны анық. Ол абдырап қалды. Оның бір-біріне қарама-қайшы әрекеттерге баруы, осы қазір мәмілеге келіп отырып, әп-сәтте айнып шыға келуі оның ешқандай стратегиясының жоқ екенін және тек жағдайдың өзгеруіне қарай әрекет етіп отырғанын айғақтайды, - дейді сарапшы.

Небоженконың пікірінше, Украинадағы қазіргі басты проблема – президенттің мың құбылуы, «бұл елде іс жүзінде әскери жағдай енгізілгендей әсер қалдырады».

- Президенттің бірізді қимылдап отырмағаны анық. Ол біресе халықты қорқытпақ болса, енді бірде ымыраға келуге ұмтылады. Қазіргі басты мәселе «Украина президенті енді қандай қадам жасар екен?» деген сұраққа тіреледі, - Небоженко.

«ІШКІ КОНФЛИКТ УШЫҒЫП КЕЛЕДІ»

«Украина басшылығының бұлайша бұлталақтау себебі - Януковичтің маңайындағы адамдар оған өзара кереғар кеңестер беріп жатыр» дейді сарапшы. Сырттай қарағанда бей-берекетсіздік болып көрінетін бұл құбылыс ішкі кикілжіңнің ушығып бара жатқанынан хабар береді.

Дмитрий Фирташ.
Дмитрий Фирташ.
Небоженконың айтуынша, президенттің іс басқарушысы Сергей Левочкин мен олигарх Дмитрий Фирташ бастаған топ «демонстранттар өздері-ақ басылады» деп үміттеніп, «қатаң шараларға бару қажет емес» деген позиция ұстанады.

Ал Украина қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Андрей Клюев, ішкі істер министрі Виталий Захарченко, премьер-министр Николай Азаров бастаған топ «шеруді күшпен тарату керек» деп санайды.

Азаттық радиосының Украин қызметіне сұхбат берген саяси сарапшы Владимир Фесенконың айтуынша, «30 қарашадағы алғашқы күш қолдану шарасын Януковичтің бұрынғы іс басқарушысы Виктор Медведьчук Клюевтің қолымен жүзеге асырған».

Бір кездері саясатқа тасада тұрып ықпал етуімен әйгілі болған, Ресеймен тығыз байланысы бар Медведьчук 2012 жылдан бері билікке оралуға әрекет жасап келеді.

Қарашаның 30-ы мен желтоқсанның 1-і күнгі күш қолдану операциясынан соң демонстранттар бұрынғыдан әрмен өршеленіп кетті, ал ақпарат құралдары
Украинаның ЕО-мен жақындасуын қолдайтын шерушілер. Киев, 12 желтоқсан 2013 жыл.
Украинаның ЕО-мен жақындасуын қолдайтын шерушілер. Киев, 12 желтоқсан 2013 жыл.
​Левочкиннің отставкаға кетуге өтініш бергенін, президенттің бұл өтінішті қабылдамай тастағанын хабарлады. Бұл жайттар елдің басқарушы элитасы екіге жарылды деген күдікті күшейтті.

«Левочкиннің оппозиция серкесі, бокстан әлем чемпионы Владимир Кличкомен жақындығы бар екен» деген қаңқу сөз отқа май құя түскенімен, Кличко мұны жоққа шығарды.


«ЖАЛА ЖАБУ» ЖӘНЕ «МӘСКЕУ ЫҚПАЛЫ»

Януковичтің бұрынғы кеңесшісі Тарас Чорновилдің айтуынша, «Украина саясаткерлері бір-біріне жала жабуды әдетке айналдырған, мұндай саяси ортада адамды шатастыратын ақпараттар жиі тарап отырады».

Шерушілерге қарсы күш қолдану (30 қараша) туралы шешімді Клюев (Украина қауіпсіздік кеңесінің хатшысы - ред.) қабылдады деген ақпарат тарады. Алайда мұндай ақпараттың көбі Левочкинге (президенттің іс басқарушысы - ред.) жақын ақпарат құралдарында жарияланды. Левочкин мен Захарченконың (ішкі істер министрі - ред.) арасындағы кикілжің «Левочин – жақсы, ал Захарченко - нашар адам» деген көзқарас қате болуы мүмкін деген ойға жетелейді, - дейді сарапшы.

Мұнда, әрине, Мәскеудің ықпалы да бар. Азаттық радиосына сұхбат берген украиналық саяси сарапшы Александр Палийдің айтуынша, «демонстранттарға күш қолдану шарасы Януквичті Батыстан алшақтата береді, ал Мәскеудің бар көздегені де – осы».

Саяси сарапшы Виктор Небоженко.
Саяси сарапшы Виктор Небоженко.
Сарапшы Небоженко да «Ресей Киевте белсенді әрекет етіп жатыр» деп санайды.

- Министрлер кабинетінің дәліздерінде Владислав Сурков (Ресей президентінің кеңесшісі — ред.) типтес саяси кеңесшілердің үлкен тобы жүргені жасырын емес. Әрине, жансыздар (Ресей тыңшылары — ред.) арнайы күштердің барлық бөлімдеріне, полицияға және президенттің қауіпсіздік қызметіне «кіргізілгені» анық, - дейді ол.


«ОЛИГАРХТАР АРАСЫНДАҒЫ ТЕПЕ-ТЕҢДІК БҰЗЫЛДЫ»

Алайда «Януковичтің маңайын «еуропашыл» және «ресейшіл» деп қарапайым екі топқа бөле салуға болмайды» дейді Небоженко. Мәселен, Ресей қауіпсіздік күштерімен тығыз байланысы болғанына қарамастан, Клюевтің басты экономикалық мүдделері Австрияда жатыр. Ал Фирташтың бизнес-мүдделері Батыста да, Шығыста да бар.

Парижде тұратын пост-советтік елдер бойынша маманданған сарапшы Елена Гнединаның айтуынша, «Ресеймен тығыз байланысы болғанына қарамастан, Фирташ Батыстағы имиджін жақсарту мақсатында ЕО-мен серіктестік шартына қол қоюды жақтайды». Ренат Ахметов, Петр Порошенко сияқты ықпалды олигархтар ЕО-мен жақындасуды жақтайтындарын ашық мәлімдеді.

Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кучма.
Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кучма.
Гнединаның айтуынша, «Янукович олигархтардың арасындағы тепе-теңдікті бұрынғы президент Кучма сияқты шебер ұстап тұра алмады. Ал бұл оны қолдаушылардың қарасын азайтып жіберді».

Небоженконың айтуынша, «Украина үкіметіндегі ең ресейшіл тұлға – Азаров, ол үкіметке қарсы наразылық шараларын ЕО мен АҚШ астыртын ұйымдастырып отыр» деп санайды.

Ішкі келіспеушіліктерге қарамастан, Янукович маңайындағыларды біріктіретін ортақ мүдде – қайткенде билікте қалу. Бұл мүдде олардың арасындағы қайшылықтарға қарағанда әлдеқайда күшті.

«ОЛАРДЫ БІРІКТІРЕТІН – БИЛІК ПЕН АҚША»

Киевтегі «Мемлекет және демократия» институтының президенті Иван Лозовой:

- [Януковичке жақын] Донецк тобының ішінде жік туыпты деген лақап шыққалы бірнеше жыл болды. Бірақ бұл топтың ортақ мүдделері өте күшті болып тұр, себебі олар 2010 жылы билікке келді. Украинаның бар билігі солардың қолында. Оларды елдегі ешбір саяси институт тежей алмайды, мұндай еркіндікті Батыс елдерінде елестетудің өзі қиын. Билікті сақтау – барлық мақсаттан биік тұрған мүдде. Тактикалық тұрғыдан дараланып, көзқарастары сәйкес келмей жатқанымен, олардың барлығы бір принцип төңірегіне біріккен: билік солардың қолында болуы керек, әрі олар көп ақша жасап жатыр, - дейді.

Лозовойдың айтуынша, «Янукович және Донецк олигархтары қазір демонстранттарды титықтатып барып саяси жетекшілеріне шабуыл жасауды көздейтін саяси ойын ойнап отыр».

Беларусь президенті Александр Лукашенко 2010 жылдың желтоқсанында, президент сайлауынан кейін бас көтерген оппозиция тобын дәл осы әдіспен тыныштандырған еді.

Лозовой «Украинаның 2015 жылы өтетін президент сайлауы қазір жүріп жатыр» дейді.

Евгений Солонин мен Энди Шеридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG