Accessibility links

Саакашвили Грузияға экстрадициялануы мүмкін бе?


Украина президенті Петр Порошенко (сол жақта) Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиді Одесса аймағының губьернаторы ретінде таныстырып тұр. Одесса, 30 мамыр 2015 жыл.

Украина президенті Петр Порошенконың Тбилисиге сапары қарсаңында «Грузияда 10 жыл президент болған кезіндегі әрекеттері үшін сотқа тарту мақсатында Михаил Саакашвили Украинадан экстрадициялануы мүмкін» деген түрлі алыпқашпа әңгіме тарап кетті.

2013 жылы екінші президенттік мерзімін тәмамдаған соң Михаил Саакашвилиге Грузия билігі «бюджет ақшасын дұрыс жұмсамады», «билігін асыра пайдаланды» деп айып таққан. Қазір Украинаның азаматтығын алып, осы елде тұрып жатқан Саакашвили 2015 жылдың мамырынан 2016 жылдың қарашасына дейін Украинаның Одесса облысы губернаторы қызметін атқарды.

Украина Бас прокуратурасының айтуынша, ел конституциясы Саакашвилиді Грузияға экстрадициялауға мүмкіндік бермейді, себебі ол – Украина азаматы.

Маусым айының ортасында Саакашвилидің партиялас әріптесі Давид Сакварелидзе Украина телеарнасына берген сұхбатында президент Петр Порошенконың Грузияның «Грузия арманы» партиясының негізін қалаушы Бидзина Иванишвилимен экс-президентті экстрадициялау мәселесін талқылағанын айтты. 2012 жылғы қазанда парламент сайлауында «Грузия арманы» партиясы Саакашвили басқаратын «Біріккен ұлттық қозғалысты» жеңген соң, Сакварелидзе де Украинаға қоныс аударған болатын. Бидзина Иванишвили 2013 жылдың соңында премьер-министр қызметінен кетсе де Грузияны тасадан басқарып отыр деген әңгіме бар.

Сакварелидзенің айтуынша, бір кездері Саакашвилидің Грузиядағы жемқорлықпен күресінің жетістіктерін мақтап, оны Одесса облысына қызметке шақырған Украина басшысы енді оның оппозицияға өтіп, билікке қарсы шығып жүргеніне ашулы көрінеді. Саакашвили Украина басшылығын жемқор деп айыптап қана қоймай, Украинада «премьер-министрден де жоғары қызметке» таласатынын бірнеше рет қайталап айтқан.

2017 жылғы ақпанда Грузияның «Рустави 2» телеарнасына берген сұхбатында Саакашвили Украинаның саяси өміріне «мүлде жаңа ойын ережесін енгізуді мақсат тұтатынын» және «саяси элитаға жаңа буынды алып келетінін» айтқан. Мұның алдында ол Украина парламенті – Жоғарғы Раданы «молаға» және «батпаққа» теңеген.

Шілденің 18-і күні Саакашвилидің экстрадициялану мүмкіндігіне қатысты сұраққа жауап берген Украина президенті Петр Порошенко Тбилисидің оны өзіне қайтаруды талап еткенін жоққа шығарған. Ол InterPressNews ақпарат порталына берген сұхбатында «Біз Грузия үкіметімен жақсы байланыстамыз, бізге экстрадиция туралы өтініш түскен жоқ. Демек, біз бұл мәселені талқылағанымыз жоқ» деді. Алайда ертеңінде ол Грузия журналистерімен сұхбатында Тбилисиден Саакашвилиді қайтару туралы өтініштің түскенін растады. Украина президентінің сөзіне қарағанда, бұл туралы ол бұрын хабарсыз болған көрінеді. Оның айтуынша, Украина өтінішке «жоқ» деп жауап беріп, қосымша ақпарат сұратқан».

Порошенко Грузия басшылығымен кездесу кезінде экстрадиция мәселесінің мүлде қозғалмағанын айтты. Оның айтуынша, «мұндай өтініштерді қарау – қауіпсіздік немесе құқық мекемелерінің шаруасы, яғни бас прокурор қылмыскерді экстрадициялау туралы мұндай өтініштерді іждағатпен тексереді». Осыны айтқан Порошенко «біз кез келген қылмысты тергеуде Грузиямен ынтымақтасуға әзірміз» деді.

Ал Грузия әділет министрі Теа Цулукианидің айтуынша, Тбилиси Киевке Михаил Саакашвилидің қылмыстарын дәлелдеп, оны экстрадициялау туралы екі мәрте ресми өтініш жіберіп, екі өтінішті де Украина қанағаттандырмаған. Бірінші өтініш 2015 жылы Саакашвили Украина азаматтығын алардан бұрын берілген. Оның айтуынша, Грузия Украина жағы сұратқан қосымша ақпараттың барлығын жіберген.

Шілденің 19-ы күні Тбилисиде журналистер сұрақтарына жауап берген Грузия бас прокуроры Ираклий Шотадзе украиналық әріптестерімен Саакашвилиді экстрадициялау мәселесін талқылауды жалғастыратындарын айтты. Оның айтуынша, Саакашвилидің Украина азаматы болғандығы іске «кедергі» келтіріп отыр, сондықтан екі тарап мұны айналып өту мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.

Егер Украина президенті конституция берген құқығын пайдаланып Михаил Саакашвилиді азаматтығынан айыратын болса, онда бұл Киевтің НАТО-ға мүше болу жолындағы талпынысына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Ескерту: Лиз Фуллердың блогы ағылшын тілінен аударылды. Автордың көзқарасы Азаттық радиосының ұстанымын білдірмейді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG