Accessibility links

Лениннің тұғыры өнердің қажетіне жарады


Ленин ескерткіші тұғырында суретке түсіп тұрған бойжеткен. Киев, 9 шілде 2016 жыл.
Ленин ескерткіші тұғырында суретке түсіп тұрған бойжеткен. Киев, 9 шілде 2016 жыл.

Киевтің коммунизм мұрасынан құтылу саясатының арқасында құлатылған Ленин ескерткіштерінің тұғырлары бос тұр. Ол орынға не қоятыны әзірше анық емес.

Андрей Турченко өзін әкесі Киевтегі Тарас Шевченко бульварында тұрған Владимир Ленин ескерткішіне әкелген кезде7-8 жастағы бала еді. Совет Одағы құлаған соң бірнеше жылдан кейін, 1990 жылдардың ортасында осында ұлымен бірге келген әкесі большевиктер жетекшісі туралы әңгімелеген. «Ол өткенді аңсап тұрды» деп еске алады Турченко.

Андрей Турченко осы аптада 5 жасар ұлы Александрмен бірге сол жерге келіп, тарихты еске түсірді, Ленин ұзақ уақыт тұрған жерде суретке түсті. Ескерткішті 2013 жылы Еуромайдан шеруіне шыққандар құлатып, 67 жыл бойы «Ленин» тұрған тұғыр бос қалған.

КОММУНИЗМ МҰРАСЫМЕН «ҚОШТАСУ»

Бірақ уақытша орнатылатын көркемдік инсталляцияның арқасында адамдар баспалдақпен тұғырға көтеріле алады, солайша Лениннің «аяқ киіміне дейін» өрлей алатын болады.

«Мен Сашаға Лениннің болмауы – Украинаның бостандығы» деп түсіндірдім дейді Турченко. Сол еркіндікті атап өту үшін олар суретке түсіп жатты.

Мексикалық суретші Синтия Гутьеррестің «Көлеңкелерді мекендету» деп аталған көрмесі өзінің сипаттауы бойынша «жадыны күштеп тану, жүйелі қателіктер, құлазу, бірегейлік және кеңістікті толтыруға қатысты ойлар мен пікірталастар» тудыруды көздеген.

Мексикалық суретші Синтия Гутьеррестің «Көлеңкелерді мекендету» деп аталған көрмесі. Киев, 9 шілде 2016 жыл.
Мексикалық суретші Синтия Гутьеррестің «Көлеңкелерді мекендету» деп аталған көрмесі. Киев, 9 шілде 2016 жыл.

2014 жылы соғыс оты тұтанған Донецкіден Киевке қоныс аударған көркемдік ұжым – «Изоляция» мәдени бастамалар орталығы ұйымдастырған «Көлеңкелерді мекендету» инсталляциясы аптаның соңына дейін тұрады. Бұл «Әлеуметтік келісімшарт» атты үлкен көрменің бір бөлігі, көрменің мақсаты – қоғамдық символдар туралы пікірталас тудыру. «Изоляция» орталығы ұсынған «Әлеуметтік келісімшарт» көрмесі Киевтің орталығында тамыздың 24-іне дейін тұрады.

Үкіметке қарсы еуропашыл шерушілер 2013 жылы желтоқсанның 8-і күні Ленин ескерткішін жерге құлатып, тас-талқан етіп қиратты. 2014 жылдың ақпанында ресейшіл президент биліктен кетті. Көптеген украиналықтар үшін Лениннің «құлауы» Мәскеудің Украинаға қысым көрсетуінен бас тарту және азаматтардың өз бағытын анықтау құқығын растауы дегенді білдірді. Соның нәтижесінде «Ленинопад», яғни «Ленинді құлату» деген қозғалыс пайда болды. Бұл қозғалысты бақылап отырған leninstatues.ru сайтының жазуынша, сол уақыттан бері Украинада кем дегенде Лениннің 1 мың 221 ескерткіші талқандалған.

Запорожьедегі Ленин ескерткішін құлату сәті.
Запорожьедегі Ленин ескерткішін құлату сәті.

Лениннің мүсінін құлату – Украинаның коммунизм мұрасынан құтылу жолындағы даулы саясатының кішкентай бөлігі, Майданнан кейін мемлекет советтік кезеңдегі мұралардан арылуға тырысты. Нәтижесінде ондаған қала, алаң және жолдардың атауы ауысты, балға мен орақ тәрізді коммунистік белгілерді ғимараттар мен көрнекі жерлерден алып тастады.

Бұған елдің бәрі қуанды деуге келмес. Тарихи тұрғыда Ресеймен тығыз байланысты Шығыс Украинаның тұрғындарының көбі, әсіресе зейнеткерлер Совет Одағын қимай, өткен өмірлерінен белгі қалмағанына алаңдады.

«ТҰҒЫРДЫҢ БОС ТҰРУЫ – КҮШТІ СИМВОЛ»

Кейбір сыншылар қоғамдық талқылаусыз өткен коммунизм мұрасынан құтылу үдерісі кезінде үкімет өзі талқандаған коммунистік әдісті қолданды деп айыптайды. «Көлеңкелерді мекендету» және «Әлеуметтік келісімшарт» кураторы Катерина Филюк Азаттық радиосына Ленин ескерткіші орнына көрме жасау арқылы коммунистік мұрадан арылу туралы қоғамдық пікір тудыруға ықпал етуді қалағандарын айтады.

Мексикалық суретші Синтия Гутьеррестің «Көлеңкелерді мекендету» деп аталған көрмесі кезінде Ленин ескерткіші тұғырында тұрған адамдар. Киев, 9 шілде 2016 жыл.
Мексикалық суретші Синтия Гутьеррестің «Көлеңкелерді мекендету» деп аталған көрмесі кезінде Ленин ескерткіші тұғырында тұрған адамдар. Киев, 9 шілде 2016 жыл.

Бүкіл әлем суретшілерінен ұсыныс келіпті, солардың арасынан Филяк пен халықаралық қазылар Гутьеррестің жұмысын таңдайды, себебі «оның ұсынысы Лениннің орнына әлдене орнату емес, Украина халқына өз пікірлерін білдіріп, өткендерін қайтадан ойлау және өткеннің кейбір елесінен құтылуға мүмкіндік береді» дейді.

Филюктың айтуынша, адамдар «Көлеңкелерді мекендету» инсталляциясына оң баға берген. Ол бір егде әйелдің 60 жыл бұрын ескерткіш алдына пионер болып келіп, коммунистік партияға адал болуға ант бергенін еске алады. Ол кісі енді осы жерге келіп, «бұрынғы совет басшысымен қоштасудың жақсы әдісін» тапқанын айтыпты.

Бірақ кейбір тұрғындар көрменің қоршаған ортаға сай келмейтінін айтқан. «Эстетикалық тұрғыда ол әдемі көрінбейді. «Бірақ бұл бастысы емес» дейді Филюк.

Лениннің мүсінін қирату бір минуттық жұмыс болғанымен, оның орнына не орнату керектігі әлі шешілмеді. Екі жылдан астам уақыт бойы көпшілік тұғырға не қою қажет екенін айқындай алмай отыр. 2014 жылдың ақпанында ол жерге біраз уақыт алтын унитаз орнатылды, солайша елден қашқан президент Виктор Януковичтің дүниесін тұспалдады.

Шілде айының басында, Гутьеррестің баспалдағы орнатылғанға дейін біреу т ұғырға Мария Ананың шағын ескерткішін қойды. Бірақ ол ұзақ тұрмады. Киев қалалық әкімшілігінің қалалық жоспарлау және мәдениет департаменті елдің бәрінің көңілінен шығатын нәрсе орнатуды ойластырып жатыр.

«Украинаның барлық аймағында мойындаған кейіпкер қойылса, оның мүсіні тұрақты тұрады» дейді Филюк. Бірақ ол кеңістікті толтыру керек дегенді құптамайды. «Ол бос қалуы керек. Бос тұрған тұғыр – өте күшті символ» дейді ол.

Ұлымен бірге суретке түсіп жүрген Андрей Турченко ол орынға уақытша экспонаттар қоюды ұсынады. «Біз қалай өзгерсек, ол да солай өзгереді» дейді ол.

Кристофер Миллердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG