Accessibility links

Украина азаматтары жаппай әскерге шақырылды


Қырымдағы Ресей әскери-теңіз базасының жауынгері. Балаклава қаласы, 1 наурыз 2014 жыл.
Қырымдағы Ресей әскери-теңіз базасының жауынгері. Балаклава қаласы, 1 наурыз 2014 жыл.

Украина қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі басшысы "азаматтардың әскерге шақырылатынын" хабарлады. Ресейдің Украинаға басып кіру мүмкіндігіне қатысты Батыс елдері шұғыл мәлімдемелер жасап жатыр.

Украина қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі басшысы Андрей Парубий журналистерге "Украина қорғаныс министрлігіне барлық адамдарды қарулы күштер қатарына шақыру туралы бұйрық берілгенін, қазіргі кезде Украинаның барлық аймағынан қарулы күштер жасақтау қажет екенін" айтты.

"УКРАИНА ТҰТАСТЫҒЫ ҮШІН..."

Ол бұл шараның "Украинаның қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалатынын" мәлімдеді.

Оның сөзіне қарағанда, "қарулы күштер елдің энергетикалық нысандарындағы қауіпсіздікті де күшейтеді".

Андрей Парубийдің Майданда жүрген кезі. Киев, 22 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Андрей Парубийдің Майданда жүрген кезі. Киев, 22 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Парубий "қорғаныс министрлігіне АҚШ пен Ұлыбританиядан көмек сұрау тапсырылғанын" айтты.

Мұның алдында, 1 наурыз күні Украина билігі әскердің толық жауынгерлік дайындыққа келтірілгенін хабарлады.

Бұл шаралар Ресей Федерация кеңесінің Ресей әскерін Украина аумағында пайдалану туралы қаулысынан кейін жасалып жатыр. Сенбі күні Ресей Федерация кеңесі (Ресей парламентінің жоғарғы палатасы - ред.) президент Владимир Путинге этникалық орыстарды қорғау үшін Ресей әскерін Украина территориясында пайдалануға рұқсат беретін қаулы қабылдаған еді. Украинадағы Қырым аймағында Ресейдің әскери-теңіз базасы бар.

Мұның алдында Украинаның қорғаныс министрі Игорь Тенюх Ресейді "ешқандай ескертусіз және Украинаның рұқсатынсыз Қырымға 6 мың солдат пен 30 БТР жіберді" деп айыптады. Мәліметтерге қарағанда, Қырымда нөмері жоқ әскери көліктер мен айырма белгісі жоқ солдаттар жиі байқала бастаған.

Жексенбі күні Брюссельде Украинадағы жағдайды талқылау үшін НАТО шұғыл отырыс өткізді. Шұғыл басқосу Польша ұсынысы бойынша шақырылған. Польша "көршілес Украинаға әскери интервенция жасалуынан қауіптеніп отырғанын" мәлімдеді.

НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен сенбі күні Twitter арқылы "Қырымдағы жағдайды шұғыл түрде тыныштандыру қажеттігі" туралы хабарлады. Расмуссен "Ресей Украинаның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын, шекараларын құрметтеуі тиіс" деп жазды. Жескенбі күні Расмуссен "Ресей Еуропадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр" деп мәлімдеген.

НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. Брюссель, 27 ақпан 2014 жыл.
НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. Брюссель, 27 ақпан 2014 жыл.
"Украина-НАТО" комиссиясының отырысы Брюссельде дүйсенбі күні өтеді.

НАТО отырысы өтер қарсаңда Батыс саясаткерлері Ресейге "әскер кіргізбеу" туралы ескертулерін жиілетті.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Уильям Хейг Киевке жексенбі күні баратынын мәлімдеді. Ол Мәскеуді Украинаның тәуелсіздігін құрметтеуге, 1994 жылы Украина қауіпсіздігін сақтау туралы АҚШ, Ұлыбритания, Ресей қол қойған Будапешт меморандумын бұзбауға шақырды.

Меморандумда "Үш елдің Украина тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын құрметтейтіні" келісілген.

ПУТИН: "РЕСЕЙДІҢ ОРЫСТАРДЫ ҚОРҒАУҒА ҚҰҚЫҒЫ БАР"

Ақ үй жұма күні АҚШ президенті Барак Обаманың Ресей президенті Владимир Путинмен 90 минут телефонмен сөйлескенін хабарлады.

Ақ үй хабарламасында Обаманың Путинге "Ресей Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін бұзды" деп мәлімдегені айтылған.

Ресей туын ілінген Қырым парламенті ғимаратын күзетіп тұрған белгісіз солдат. Симферополь, 1 наурыз 2014 жыл.
Ресей туын ілінген Қырым парламенті ғимаратын күзетіп тұрған белгісіз солдат. Симферополь, 1 наурыз 2014 жыл.
Обама "АҚШ Ресейдің Украина территориясына әскер кіргізуін" айыптаған. Ол Ресейді Украинадағы жағдайды ушықтырмауға, әскерін Қырымдағы базасына қайтаруға, Украинаның ішкі ісіне араласпауға шақырды.

Путин Обамаға "Мәскеудің Украинадағы мүддесі мен орыстілді тұрғындарды қорғау құқығы бар" екенін ескертті.

Барак Обама Владимир Путинге "Ресей Украинадағы этникалық азшылық құқығына алаңдаса, ондай мәселелер бейбіт түрде, ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) сияқты халықаралық ұйымдардың аясындағы келіссөздер арқылы шешілуі қажет екенін" айтты.

Обама "Ресейдің Украина егемендігін бұзуы оның халықаралық беделіне нұқсан келтіретінін, Ресейдің халықаралық изоляцияда (оқшаулау) қалатынын" ескерткен. АҚШ пен Канада Сочиде (Ресей) өтетін "Үлкен сегіздік" саммитіне қатысуға дайындық шараларын уақытша тоқтатты.

АҚШ президенті Обама "Украинаға жедел қаржылық және техникалық жәрдем беруге" бұйрық етті.

"РЕСЕЙДІ ТОҚТАТУ КЕРЕК"

АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Саманта Пауэр ханым сенбі күні Ресейді "халықаралық міндеттерін бұзды" деп айыптады.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Саманта Пауэр.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Саманта Пауэр.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиналысында ол "ЕҚЫҰ мен БҰҰ бақылаушыларын дереу Украинаға жіберуге" шақырды. Ол "осы шара арқылы Украинадағы ушыққан жағдауды тыныштандыруға тырысып көру қажет" екенін айтқан. Пауэр "Украинаға Ресей интервенциясын тоқтататын уақыт жетті. Ресей әскері кетуі керек. Украина халқының мүддесі қорғалуы тиіс. Саяси диалогтар басталуы керек" деген.

БҰҰ-дағы Украина елшісі Юрий Сергеев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін "Ресей агрессиясын тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға" шақырды.

Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат ведомствосының басшысы Кэтрин Эштон Мәскеуді өзінің халықаралық міндеттерін орындауға шақырып, әскерін Қырымнан алып кетуге, өз позициясын бейбіт тәсілдермен білдіруге кеңес берді.

Еуропа Одағы ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің Украинаға қатысты келіссөздері дүйсенбі басталатынын хабарлады.

Ал Симферопольде жексенбі тыныш өтіп жатыр. Қала көшелерінде қарулы адамдар көрінбейді. Алайда жергілікті әуежай әлі қарулы топтың қолында:

Қырымдағы жексенбі
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:08 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG