Accessibility links

Порошенко сайлауда жеңгенін мәлімдеді


Сайлау учаскесіне дауыс беруге келген бизнесмен әрі саясаткер Петр Порошенко. Киев, 25 мамыр 2014 жыл.
Сайлау учаскесіне дауыс беруге келген бизнесмен әрі саясаткер Петр Порошенко. Киев, 25 мамыр 2014 жыл.

Бизнесмен Петр Порошенко экзит-пол нәтижелеріне сілтеме жасап, Украина президенті сайлауында бірінші турда-ақ жеңгенін айтты.

Экзит-пол нәтижелері шыққан бетте, мамырдың 25-і күні Киевте брифинг өткізген кондитер магнаты Петр Порошенко президент ретіндегі әуелгі мақсаты «соғысты тоқтату, бейбітшілік орнату» екенін, бірінші сапарында-ақ елдің шығысына, ресейшіл көтерілісшілерге баратынын айтты.

Ол Украинаның «ешқашан Қырымдағы референдум мен Ресей басқыншылығын» мойындамайтынын және украиналықтардың осы сайлау арқылы Еуропамен интеграцияны «таңдағанын» мәлімдеді. Порошенко Украинада биыл парламент сайлауы өтуі тиіс екенін де айтты.
Қараңыз: «Президенттіктен үміткер Порошенко – жұмбақ саясаткер»

Порошенконың негізгі бәсекелесі, Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко 25 мамыр күні сайлау учаскелері жабылған соң өзінің жеңілгенін мойындады.

ВИДЕО: Порошенконың мәлімдемесі
Порошенконың мәлімдемесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

Екі сауалнаманың нәтижесіне қарағанда, Порошенконы сайлаушылардың 55-57 пайызы қолдап, Тимошенкоға 12 пайызы дауыс берген.

Егер осы сауалнамалардың нәтижелері мамырдың 26-сы күні шығатын сайлаудың ресми қорытындысымен сәйкес келсе, сайлаудың маусым айына белгіленген екінші туры болмайды.

АҚШ президенті Барак Обама Украинаның жаңа сайланған президентімен жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. Обама мәлімдемесінде украиналықтарды сайлаудың өтуімен құттықтап, оның елдің тұтастығын нығайту жолындағы маңызды қадам болғанын атап өткен.

АҚШ конгресінің мүшесі Эд Ройс сайлауды «Украина демократиясының айқын жеңісі, әрі Владимир Путиннің елді бөлшектеу саясатына үлкен соққы» деп бағалады.

Президент сайлауымен қатар өткен Киев мэрі сайлауының экзит-пол нәтижесіне қарағанда, «Еуромайдан» акциясында таныла түскен бұрынғы боксшы Виталий Кличко мэр сайлауында 57 пайыз дауыспен жеңіске жетуі мүмкін. Ол – Порошенконың одақтасы.

Украина президенті сайлауына тұрғындар белсенді түрде қатысты. Бұл сайлау елдің бұрынғы президенті Виктор Янукович елден қашып кеткен соң үш айдан кейін өтті.

Украинадағы АҚШ елшісі Джеффри Пайетт 10 сайлау учаскесін көріп шыққаннан кейін Азаттықтың Украин қызметіне «демократия жаттығуына» қатысып жатқан мыңдаған украиналықтарды және олардың «ерекше проблемаларын» көргенін мәлімдеді.

Сайлау елдің шығысындағы екі аймақты сепаратистер бақылауда ұстап отырған тұста өтті.

Украина орталық сайлау комиссиясы кешкі сағат сегізде сайлау учаскелері жабылғанын, сайлауға дауыс беру құқығы бар халықтың 60 пайызынан астамы қатысқанын мәлімдеді.

Киев пен елдің батыс аймақтарындағы кейбір учаскелерде сайлаушылар күн ұзақ кезекте тұрды. Билік Киев облысы сайлаушыларының - 68,5 пайызы, елдің батысындағы Львов облысы тұрғындарының 76 пайызы дауыс бергенін хабарлады.

ВИДЕО: Киевтегі дауыс беру
Киев сайлау учаскелеріндегі кезек
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:44 0:00

Алайда сепаратистер шоғырланған Донецк аймағында сайлау учаскелерінің кейбірі ғана ашылды, ал Донецк қаласының өзінде сайлау учаскелеріне ресейшілдер шабуыл жасап, сайлаушылардың дауыс беруіне кедергі жасады.

Мариуполь қаласында 216 учаскенің 202-сі жұмыс істеді. Көршілес Луганскіде 12 сайлау учаскесінің екеуі ғана ашылған.

Луганск және Донецк мамырдың 11-і күні өткен «референдумнан» кейін тәуелсіздіктерін жариялаған. Сайлау қарсаңында премьер-министр міндетін атқарушы Арсений Яценюк «Мәскеу қаржыландырып отырған террористердің бүлігінен ештеме шықпайтынын» мәлімдеген еді. Киев Мәскеуді «сепаратистерді қолдап отыр» деп айыптайды.

Ресей президенті Владимир Путин сайлау нәтижелерін мойындауға, Киевтің жаңа билігімен жұмыс істеуге уәде берген. Путин әзірге Украинадағы сайлаудың нәтижелеріне қатысты реакция білдірген жоқ. Ресей Украинаның Қырым түбегін даулы референдумнан кейін қосып алған еді.

Украина президенті сайлауына 18 кандидат қатысты.

Ресей қолдаған бұрынғы президент Виктор Янукович 2013 жылдың қарашасы Еуропа Одағымен Украина арасындағы серіктестік туралы келісім-шартқа қол қоймай тастағаннан кейін халық наразылығына ұшыраған. Шерушілер бірнеше ай қарсылық көрсетіп, 2014 жылдың ақпан айында ол Ресейге қашуға мәжбүр болған.

ШЫҒЫСТАҒЫ ҚИЫНШЫЛЫҚ

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) мыңнан астам бақылаушысы Донецк және Луганскіден басқа жерлердегі сайлау процесі мен дауыс беру нәтижесін санау процедураларын бақылады.

Сайлау елдің шығысындағы соғыс қимылдарына қарамастан өтті. Шығыс аймақтарда сепаратистер халықтың дауыс беруіне кедергі жасады. Алайда сайлау күні ірі қақтығыстар туралы ақпараттар болған жоқ.

ВИДЕО: Донецкідегі сайлау учаскелері ашылмады
Донецк тұрғындары дауыс беруге қатыса алмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:45 0:00

Донецкіде жүздеген ресейшіл сепаратист сайлау күні миллиардер бизнесмен Ринат Ахметовтің үйіне барған. Ресейшілдер оған «мүлкіңді тәркілейміз» деп қоқан-лоқы жасаған. Ахметов халықты сайлауға қатысуға шақырып, сепаратистерді «геноцидке ұрындыратын» әрекеттер жасады деп айыптаған еді.

Ресейшіл сепаратистер Ринат Ахметовтің резиденциясын қоршап тұр. Донецк, 25 мамыр 2014 жыл.
Ресейшіл сепаратистер Ринат Ахметовтің резиденциясын қоршап тұр. Донецк, 25 мамыр 2014 жыл.
Ахметовтің қала сыртындағы резиденциясын қарулы күзетшілер қорғайды. Оның кәсіпорындарында 300 мыңдай адам жұмыс істейді. Ол жұмысшыларын сепаратистерге қарсы митингіге шығуға да шақырған.

Украиналық БАҚ-тың хабарлауынша, сайлау күні көтерілісшілер мен Украина армиясы арасындағы атыстан бір адам қаза тапқан.

«Интерфакс-Украина» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ішкі істер министрінің орынбасары Сергей Яровой «қарулы сепаратистердің Луганск қаласының солтүстігіне қарай орналасқан Новоайдар елді мекенінде сайлауға арналған бюллетеньдерді тартып алмақ болғанын, сол кездегі атыстан өлген адамның кім екені әлі анықталмағанын» айтқан.
XS
SM
MD
LG