Accessibility links

Ресей мен Украина әскерінің қайсысы мықты?


Украина жауынгерлері Ресейдің әскери кемесіне қарап тұр. Украина, Севастополь, 4 наурыз 2014 жыл.
Украина жауынгерлері Ресейдің әскери кемесіне қарап тұр. Украина, Севастополь, 4 наурыз 2014 жыл.

Ресей мен Украина арасындағы саяси кикілжің соғысқа алып келуі мүмкін деген де болжам бар. Азаттық тілшісі екі жақтың әскерін салыстырып көрді.

Ресейде солдаттар саны Украинадағыдан төрт есе, танкілері - екі есе, әскери ұшақтары – алты есе көп. Бірақ Мәскеудің Кавказдағы, Қытаймен шекарадағы және Тынық мұхиты аймағындағы сарбаздарын ары-бері тасуға шамасы жоқ.

КІМ КҮШТІ?

Екі жақтың арасындағы ең үлкен айырмашылық әскери бюджетке қатысты. Ресей жылына қарулы күштерін ұстап тұруға 78 миллиард АҚШ долларын жұмсаса, Украина бұл салаға тек 1 миллард 600 миллион доллар бөледі.

Ресей президенті Владимир Путинге Ресей армиясының басқарма басшысы Иван Бувальцев әскери жаттығуды көрсетіп отыр. Ресей, Ленинград облысы, 3 наурыз 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путинге Ресей армиясының басқарма басшысы Иван Бувальцев әскери жаттығуды көрсетіп отыр. Ресей, Ленинград облысы, 3 наурыз 2014 жыл.
Дегенмен Ресей қарулы күштерінің тек жартысына жуығы ғана Украинаға қарсы жұмыла алады. Себебі, Мәскеудің Солтүстік Кавказдағы, Қытаймен шекарадағы және Тынық мұхиты аймағындағы сарбаздарын ары-бері тасуға шамасы жоқ.

Нью-Йорк университетіндегі Ғаламдық қатынастар орталығының аймақтық сарапшысы, Мәскеуде тұратын Марк Галеоттидің айтуынша, "Ресей соғысқа Украинадан екі есе көп сарбаз жұмылдыра алады". Демек, Ресейдің бірден жеңіске жететіндей айқын басымдығы жоқ деген сөз.

КІМНІҢ ҚАРУЫ МЫҚТЫ?

2008 жылғы Грузиядағы соғыстан соң Ресей әскерді сыртқы саясаттағы қару ретінде қолдану мүмкіндіктерін түсініп, қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны 30 пайызға арттырды.

Ал Киев керісінше, қарулы күштеріне бюджетте көзделгеннен де аз қаражат жұмсап келеді. Украинаның таңдаулы жасақтары НАТО-ның халықаралық бейбітшілік сақтау операцияларына қатысады, ал қалғандары тым аз қаржыландырылады әрі қару-жарағы да ескірген. Украина қару-жарағының көбі – СССР-ден қалған тозығы жеткен құралдар.

Ұлыбританиядағы қақтығыстарды зерттеу және сараптау орталығының сарапшысы Кристофер Лэнгтонның айтуынша, "Украина әскері де кәсіби деңгейге көтерілу үшін біраз реформаны бастан кешірді, бірақ бұл процесс әлі аяқталған жоқ".

Львов қаласында тұрған Украина әскери бөлімінің техникасы. Украина, 3 наурыз 2014 жыл.
Львов қаласында тұрған Украина әскери бөлімінің техникасы. Украина, 3 наурыз 2014 жыл.
- Соңғы жылдары оларда біраз өзгерістер болып, көп реформа жасалды, бірақ қару-жарақты жетілдіруге, мамандардың біліктілігін арттыруға мүлде қаржы бөлінбеді. Олар міндетті әскери қызметті мүлде жоюға тырысқанымен, бұл мақсат та орындалмады. Украина қарулы күштерінде міндетті әскери қызмет элементі әлі де бар. Бұл әрине армияның әлеуетін азайтады, - дейді сарапшы.
Соңғы бес жыл ішінде Украинаның қарулы күштер саны 245 мыңнан 184 мың адамға азайды. Бұлардың 60 пайызға жуығы – міндетті әскери борышын өтеуге келген қарапайым азаматтар.

УКРАИНА АРМИЯСЫНДА ЖІК БАР МА?

Украина халқының жартысы украин тілінде, ал жартысы орыс тілінде сөйлейтінін, орыстілді азаматтар негізінен елдің шығыс аймақтарында тұратынын ескеру керек. Бұдан Украина сарбаздары мен офицерлері отанына қаншалық адал болады деген күмән туады.

Назарға алуды қажет ететін бұдан да басқа факторлар бар. Украинаның әскери қолбасшыларының көбі ғұмырының көбін ресейлік әріптестерімен бірге Совет армиясына қызмет етуге арнаған.

Киевте өткен "Украина халқының бірлігі" акциясы. 29 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Киевте өткен "Украина халқының бірлігі" акциясы. 29 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Мәселен, Украина әскери-теңіз флотының жаңадан тағайындалған басшысы Қырым түбегін Ресей әскері бақылауға алғанда Мәскеу жағына шығып кетті. Бұл оқиғадан соң сарбаздардың қарсы жаққа өтіп кету мүмкіндігі ашық айтыла бастады.

Дегенмен Украина армиясын біріктіріп тұрған екі күш бар. Ол – сырттан жау келгенде оянатын ұлттық сезім, екінші - Украина армиясының өз ішіндегі жауынгерлік бірлік.

- Украина қарулы күштері СССР үлгісінен біршама алыстап кетті. Қазір Украинада әскери рух, ұлтқа қызмет ұғымдары қалыптасып үлгерді, - дейді Галеотти.

ҰРЫС ҚАЛАЙ ЖҮРУІ МҮМКІН?

Бұл Мәскеудің таңдаған стратегиясына байланысты болмақ. Олар 1968 жылғы Чехословакияға жасалған шабуыл кезіндегі сияқты кең ауқымды әскери қимылдарды бастап кетуі де ғажап емес. Олай болмаған жағдайда Кремль Қырымда жүзеге асқан тактиканы қолданып, «өзін-өзі қорғау күштерінің» қолтығына су бүркіп, оларға айырма белгілері жоқ Ресей сарбаздарын көмекке жіберу әрекеттерін қайталауы мүмкін.

Лэнгтонның айтуынша, ашық әскери соғыс басталған жағдайда ол екі мемлекет арасындағы дәстүрлі соғысқа айналады. Ал бұл Ресей үшін тым қымбатқа түсуі мүмкін.

Қырымдағы "ресейшіл" әскердің жауынгері. Украина, 4 наурыз 2014 жыл.
Қырымдағы "ресейшіл" әскердің жауынгері. Украина, 4 наурыз 2014 жыл.
- Қағаз жүзінде екі жақтың мүмкіндіктері салыстыруға келмейтіндей әркелкі болғанымен, Ресей кең ауқымды әскери операцияларды бастаған жағдайда бұл ұрыс Украина аумағында жүретінін ескерген жөн. Сондықтан олар бар күшін салып соғысады. Бұл нағыз қанды шайқасқа айналатыны анық. Ұрыс Украинаның өз аумағында жүріп жатқандықтан, жергілікті қарулы жасақтар партизандық соғысқа кірісуі де мүмкін. Мұндай ашық соғыс тым қымбатқа түсетіндіктен, Мәскеу жергілікті қақтығыстарды шешуге көмектесеміз деген желеумен астыртын әрекет етіп, шығыс Украинадағы орыстілді тұрғындары басым аймақтарды бақылауға алу әдісін таңдауы ықтимал. Дәл осы стратегия Қырымда жақсы жүзеге асып, Киевті шарасыз күйге түсірді. Украинаның бөлініп кеткен аймақты қайтарып алу мүмкіндігі азайды, - дейді Лэнгтон.

Қай сценарий жүзеге асса да, Украина Ресей әскеріне тойтарыс береді деп айта алмаймыз. Мұндағы әскери базалардың барлығы СССР кезінде, шығыстан емес, батыстан келетін агрессорларға қарсы соғысуға лайықталып тұрғызылған.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG