Accessibility links

"Айласы асқан жеңеді". Украина теңіз жаяу әскері Ресей қорғанысын біртіндеп бұза бастады


Запорожье облысындағы алғы шепте соғысып жатқан Украина сарбаздары.
Запорожье облысындағы алғы шепте соғысып жатқан Украина сарбаздары.

Украина оңтүстік майданындағы шағын жерге НАТО дайындаған, Батыстың қару-жарағымен жабдықталған төрт бригада орналастырып, айтарлықтай жетістікке жетті. Кеше ғана жаулап алған окоптардан қарасақ, соғыс бітпейтіндей көрінуі мүмкін, бірақ штаб-пәтерде тұрып, мұның ақыл мен қарудың айқасы екенін және ақырында айласы асқан жеңіске жететінін байқайсың.

"Егер біреулер Буденный стиліндегі кавалерия шабуылы немесе советтік танктер атысына ұқсайтын шайқас болады деп күтсе, киноға барсын", – деді бір батальонның командирі.

Барлық әскери іс-қимыл дәл қазір болып жатыр, – деді батальон командирі картадағы Ресейдің бекінісі белгіленген кішкене ғана қызыл шаршыны саусағымен нұсқап. – Ертең оның көзін жоямын".

"Біз шабуылды алдын ала жоспарлап, басып кірдік, екі ресейлік бригаданы талқандадық және олар бүкіл оқ-дәрі қорын тауысқанша атыстық", – деді 37-теңіз жаяу әскері бригадасының батальон командирі Анатолий маусымның басында Украинаның Донецк облысы Велика Новоселка ауылының оңтүстігіндегі майданда қарсы жақтың шебін қалай бұзып өткенін баяндап.

Олардың Мокрые Ялы өзенін бойлай орналасқан Ресей әскерінің қорғаныс шебін бұзып, 10 шақырым ілгерілеуі мен сол жолдағы елді мекендерді азат етуі – Украина қарымта шабуыл бастағалы бері есте қалған ең әсерлі оқиға. Оған қатысқан НАТО дайындығынан өтіп, Батыстың қаруын ұстаған 35-ші, 36-шы, 37-ші және 38-бригадалар – елдегі ең қуатты шабуылдаушы күштердің қатарында.

Шабуыл кезінде Анатолийдің батальоны француздың оқ өтпейтін AMX-10 RC соғыс машиналарын, америкалық жол талғамайтын Oshkosh M-ATV минаға қарсы көлігі сияқты Батыстың ұшқыр тасымалдағыштарын пайдаланған. Айтуынша, олар теңіз жаяу әскері бригадасы іске қосылғанға дейін ресейлік жасақты шошыту мақсатында іс-қимыл жасап, оқ жаудырған. Ұрыс алаңынан тыс, дрондар арқылы басқарылатын бригада жау окоптарына оқты қарша боратып, қауіпті бетпе-бет шайқасқа қойып кеткен.

"Майдан шебінде жүрсің. Қадам басқан сайын мина, үш жақтан оқ борап жатыр. Ешкімнің басына бермесін", – деді Анатолий Азаттыққа. Шайқасты еске алған кезде ол қолына жауынан олжалаған Калашников автоматын ұстап тұрды.

Анатолий, командир батальона 37-й бригады морской пехоты, едет на позицию своих солдат
Анатолий, командир батальона 37-й бригады морской пехоты, едет на позицию своих солдат

Оның аты-жөні мен осы мақалада аталған басқа да жауынгерлердің есімі Украинаның әскери ережелеріне сәйкес өзгертілді.

Бірнеше жылын соғыста, саналы өмірін әскерде өткізген 34 жастағы командир "жастықтың ауылы алыста қалды", "жаудың көзін жою қалыпты іске айналып кетті" деді.

"Егер біреулер Буденный стиліндегі кавалерия шабуылы немесе советтік танкілер шайқасына ұқсайтын ұрыс болады деп күтсе, киноға барсын", – деді ол.

ШТАБТА ЖӘНЕ ОКОПТА

Ол сөйлесе жүріп, бөлімшенің штабына кірді. Штаб Донбасс даласында, жердің астында орналасыпты. Жып-жинақы, кең, суық блиндажға Украина сарбаздарының осы майдан шебіндегі іс-әрекетін анықтайтын бір топ адам жиналған.

Жуырда барғанымызда ол жерде әрбір ағашты, әрбір бұтаны және бекіністің шекарасын көрсететін үлкен масштабтағы ұрыс алаңының картасы бейнелеген ондаған монитор болды. Картада украиналық бекініс жасыл түспен, ресейлік бекініс қызыл түспен сызылған. Ағашпен қапталған қабырғаларға дроннан түсірілген аэросуреттер мен мәліметтер диаграммасы ілінген. Ноутбук алдындағы сарбаздар сирек орнайтын тыныштықты пайдаланып, бірдеңелерді түртіп алып отыр.

"Барлық әскери іс-қимыл дәл қазір болып жатыр, – деді Анатолий картадағы Ресейдің бекінісі белгіленген кішкене ғана қызыл шаршыны саусағымен нұсқап. – Ертең мұның көзін жоямын".

Картадағы ең жақын жасыл нүкте – орыстардан 194 метр қашықта орналасқан украиндықтардың бекінісі. Бұған дейін басып алынған және жаңа қазылған окоптарда аз ғана сарбаз отыр. Олардың ішінде жуырда ғана әскер қатарына алынып, дайындықтан өткен 23 жастағы Юрий, 36 жастағы Виктор және 42 жастағы Сергей бар.

Үш аптадан астам уақыт бекіністе болған Сергей Азаттыққа мұнда келгелі зеңбірек, мина, зымыран атылмаған күніміз болмады деді. Бір күн бұрын жеңі шолақ жейдесін күн көзіне кептірейін деп ағашқа іліп қойған екен, бүгін қараса, киім Швейцария ірімшігі сияқты шұрық-тесік болыпты.

Юрий (оң жақта) мен Виктор ресейлік әскер шебінен 200 метрдей жерде траншея қазып жатыр.
Юрий (оң жақта) мен Виктор ресейлік әскер шебінен 200 метрдей жерде траншея қазып жатыр.

Дронды атып түсіретін винтовка ұстаған Виктордың айтуынша, дұшпанның дрондары төбеден әр жарты сағат сайын ұшып өтеді. Олардың мақсаты – зеңбіректің нысанасын көздеп, жарылғыш зат лақтыру. Кейде жігіттер майдан шебінің арғы бетіндегі сарбаздардың Ресей мемлекеттік әнұранын шырқағанын тыңдауға мәжбүр. Шаршап, қажып, жүйкесі сыр беріп тұрса да, мұндай кезде оларды келеке етіп, өзара әзілдесіп алады екен.

Виктор күніне екі қорап темекі тартады. Сергей соғыс "белгісіз уақытқа" созылады дейді. Юрий жақында өздері жеңіске жетіп, соғыс аяқталатынына сенеді.

Әзірге жерасты үйіне ағаш есік орнатып, от жағатын пеш жасап қойған. "Ақырындап орналасып жатырмыз, командир", – деді Сергей бекіністі тексеруге келген Анатолийге. "Орныңа адам тапқан соң демалысқа жіберуге уәде беремін", – деді оған бастығы.

ТОҚТАУСЫЗ ІЛГЕРІЛЕУ

Ол біраз уақыт алуы мүмкін: Украинаның қарымта шабуылы жалғасып жатқанына төрт ай болды. Әскер алға баяу жылжып келеді және нәтижесі қандай болса да, әзір аяқталмайтыны белгілі. Азов теңізіне қарай стратегиялық ілгерілеудің мақсаты Ресей шекарасынан Қырым түбегіне дейін созылып жатқан "құрлықтағы көпірді" – оккупацияланған аумақтағы шепті жою. Бірақ қазір ол көз ұшындағы сағымдай.

Бұған дейін Украина жасағы шығыстағы майданға қарағанда динамикасы күшті оңтүстік майданға орналасқан. Енді "Суровикин шебі" деген атпен белгілі Ресейдің мызғымас қорғаныс шебін бұзуға барын салып жатыр. Суровикин – былтыр қыста және көктемде осы шепті жасақтаған ресейлік генерал. Ол маусым айының аяғында Вагнер жалдамалы тобының көтерілісінен кейін Украинадағы операция командирі қызметінен босатылды.

Анатолийдің айтуынша, орыстар қателіктен сабақ ала бастаған. Олардың сол қателіктері Украина әскеріне 2022 жылдың ақпанында Мәскеу Украинаға толық басып кіргеннен кейін бірнеше ай ішінде оккупацияланған аймақтардың едәуір бөлігін қайтаруға көмектескен. Енді ресейліктер украиндардың әдіс-тәсілін көшіріп, ақылмен әрекет етіп, қорғанысын нығайтып алған дейді ол.

"Екі жақтың соғыс жүргізу әдісінің қитұрқы тұсы көп, қалай болғанда түбінде кімнің айласы асса, сол жеңіске жетеді", – деді ол.

Маусымнан бері Украина жасағы мацйданның екі тұсында айтарлықтай ілгеріледі. Олардың бірі Запорожье облысымен әкімшілік шекарасы маңында орналасқан Донецк облысының Велика Новосилка ауылының төңірегі болса, екіншісі – жақында ғана жаудан азат етілген Запорожье облысының Роботине ауылы.

Екі жағдайда да жасақ ауылдан ауылға жылжу үшін бір ағаштан екінші ағаштың тасасына жеткенше атысып жүріп отырған. Екі ауылдың ортасы мина толы кең дала. Біріншіден, қимылдағанның бәрі жаудың көзіне түссе, екіншіден, аяғының астындағы мина кенет жарылып, өлімге душар етуі мүмкін.

37-теңіз жаяу әскері бригадасы Батыс техникасымен және артилериясымен жабдықталған.
37-теңіз жаяу әскері бригадасы Батыс техникасымен және артилериясымен жабдықталған.

Сондықтан шабуыл операцияларын бастамас бұрын олар бір-біріне жақын жүру мақсатында әсіресе, түн ортасында даланы минадан, жолды жаудан тазалау үшін ұзақ уақыт зеңбіректер мен зымырандар атқан.

Механикаланған және құрышты танк жасағымен қорғаныс шебін жылдам бұзып өтуге бағытталған алғашқы әрекеттерден соң жасақталған бұл стратегия адам мен техника шығынын азайтуға көмектескен. Бірақ мұның өзі жылдам ілгерілеуге кепілдік бермейді: кейде бір шақырым аумақты басып алу үшін апталап шайқасуға тура келеді.

Анатолийдің айтуынша, теңіз жаяу әскері бригадасының әскери басшылық міндеттеген тапсырмаларды орындауға қару-сайманы да, керек-жарағы да жеткілікті және болашақта шабуыл операцияларын жалғастыра береді.

"Мен Азов теңізінің жағасындағы гамакта жатып, темекі тұтатқанға дейін алға жылжуды тоқтатпаймыз", – деді ол.

37-теңіз жаяу әскері бригадасындағы жауынгерлердің көбі жақында әскерге алынып, дайындықтан өткен.
37-теңіз жаяу әскері бригадасындағы жауынгерлердің көбі жақында әскерге алынып, дайындықтан өткен.

37-теңіз жаяу әскері бригадасы түгел дерлік әскерге шақырылғандардан тұрады. Олар тек Украинада ғана емес, Польша, Норвегия, Ұлыбритания, Франция мен Испания сияқты НАТО-ның бірнеше елінде дайындықтан өткен. Бөлімше командирлері НАТО-мен үнемі байланысып отырса, бригада Батыстан келген беренді машиналарды, жеңіл танктерді, зеңбіректерді және басқа да қару-жарақты пайдаланады.

Украина мамыр айында президент Владимир Зеленскийдің бұйрығымен жеке теңіз бригадаларын құрған болатын. "Ол жауды талқандап, украин жерін азат ететін, ең қиын сәттерде ең қиын тапсырмаларды орындайтын қуатты күш және бізге бұл күш көбірек қажет", – деді ол сол кезде.

ӘСКЕРИ ІС-ҚИМЫЛ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ

Бұл іріктелген бөлімшені алда не күтіп тұрғаны белгісіз, дегенмен ең болмағанда алдағы бірнеше аптада жаңа әскери іс-қимылдар басталары анық.

10 қыркүйекте Штаб басшылары біріккен комитетінің төрағасы, америкалық генерал Марк Милли BBC-ге: "Қазіргі ауа райы жағдайында ұрыс 30-45 күндей жалғасуы мүмкін. Сондықтан украиналықтардың әлі мүмкіндігі бар. Одан кейін жаңбыр басталып, жер иленіп қалады. Ол кезде маневр жасау қиындайды, оның артынан қыс түседі", – деді.

Бірақ Украина әскери барлау басшысы, генерал-майор Кирилл Буданов украиналық жасақ ауа райы жағдайына бейімделеді және "қалай болғанда әскери іс-қимыл жалғаса береді" деп мәлімдеді.

Майдан шебіне бара жатқан әскери танкілер.
Майдан шебіне бара жатқан әскери танкілер.

Украинаның оңтүстігіндегі операцияға қатысушы Таврия тобының қолбасшысы, бригада генералы Александр Тарнавский оккупацияланған айлақ-қала Мариупольге қарай қозғалуға мүмкіндік береді деп топшыланған Велика Новоселка маңындағы шабуыл жай ғана назарды бұру әрекеті деді. Әскери сарапшылар Запорожье облысы Токмак маңындағы, одан әрі батысқа қарай болған ұрыстар шешуші рөл атқаруы мүмкін деген пікір айтты. Өйткені ол жақтағы Украина жасағының іс-қимылы "құрлықтағы көпір" үшін маңызды рөл атқаратын оңтүстіктегі тағы бір оккупацияланған қала – Мелитопольге жол ашады.

Қайткен күнде екі аймақтағы жетістіктер Украина қарулы күштерін Ресейдің жабдықтар таситын жолына жақындата түседі. Сөйтіп олар қарсыласының логистикасын бұзуға мүмкіндік алады.

"Бір-екі айдан кейін не болатынын білмеймін. Тіпті ертең не боларынан хабарым жоқ", – деді Анатолий Азаттыққа. Сәл үнсіздіктен соң: "Негізінде, ертең не болатынын білемін, бірақ сізге айтпаймын", – деп сөзін қорытты.

Бір аптадан кейін ашық дереккөздерден Юрий, Виктор және Сергей отырған окоптан 194 метр қашықта орналасқан ұзын қызыл сызық жасыл түске боялғанын, яғни ол енді Ресейдікі емес, Украинаныкі екенін білдік.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG