Accessibility links

АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпеоның постсоветтік төрт елге сапары қандай мақсат көздейді?


АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Лондоннан кейін Украина, Беларусь, Қазақстан мен Өзбекстанға барады. Ол бұл сапарында қандай мәселелерді талқыламақшы?

Беларусь қоғамы президент Александр Лукашенконың Ресейден алшақтап, Батысқа жақындауға батылы жете ме деген сұраққа жауап іздеп отыр.

Өзбекстанда президент Шавкат Мирзияев сыртқы әлемді "менің реформаларым ұзақ жылдар бойы елді тұралатқан жемқор авторитарлы жүйеден анағұрлым өзгеше" деп сендіруге тырысып жүр.

Украинада президент Владимир Зеленский бір жағынан жемқорлық пен орашолақ басқарудан көз ашпаған елінің беделін көтеруге тырысса, екінші жағынан Ресейдің қолдауына сүйенген сепаратистермен соғысып әлек.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео қаңтардың 30-ы саяси-экономикалық байланысты нығайту мақсатында постсоветтік төрт ел - Беларусь, Украина, Қазақстан мен Өзбекстанға сапарын Киевтен бастайды.

Бұл елдердің көбі АҚШ-тан қаржылай, моральдық және әскери қолдау күтеді.

Бірақ Американың өзі президент Дональд Трампқа импичмент жариялау мәселесімен саяси әбігерге түсіп жатқанда, "Бұл қолдау қаншалық салмақты?" деген сұрақ туады. Помпеоның сапар қарсаңында бір тілшіге сұхбат берген кезде ашуға бой алдыруы көпшілікке журналист істейтін ақпарат құралына тіс батыру тәрізді көрініп қалған.

Помпео бұл жолғы сапарында қандай мәселелерді талқыламақшы?

УКРАИНА

Киев – АҚШ мемлекеттік хатшысы аялдайтын екінші қала. Қаңтардың 29-ы күні Помпео Лондонға барып, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон және өзге де ресми тұлғалармен кездесті. Ұлыбританияның қаңтардың 31-і күні Еуропа одағынан шығуына алып келген дау-дамай басталғалы Вашингтон мен Лондон арасына біраз кірбің түскен, әйткенмен екі елдің жалпы қарым-қатынасы жақсы.

Ал Украинаның жөні басқа.

Вашингтондағы импичмент процесінің бел ортасында Украина аталады, бұл украиндардың көбін абдыратып тастады. Ал Украина президенті Владимир Зеленскийдің әкімшілігі басқару тізгінін бекем ұстауға тырысып жатыр.

Украина президенті Владимир Зеленский.
Украина президенті Владимир Зеленский.

Өткен жылғы президент сайлауында басым дауыспен жеңіске жеткелі Зеленскийдің рейтингі әлі де жоғары, дегенмен қоғамда "Елді жайлаған жемқорлықтың тамырына балта шауып, олигархтарды тәубасына келтіруге қауқары жете ме?" деген күмән пайда болды.

Зеленский 13 мың адамның өмірін жалмап, 1 миллион тұрғынды үй-жайын тастап, босып кетуге мәжбүр еткен Шығыс Украинадағы соғысты тоқтатуда елеулі іс атқарды. Қарсылас екі тарап арасында тұтқын алмасқан екі ірі шара жасалды. Дегенмен, Путинмен алғаш рет бетпе-бет жүздескен желтоқсандағы бірінші отырыс айтарлықтай нәтиже берген жоқ.

Украинаға қаржылай көмек көбіне Еуропа елдерінен келсе, Америка түнде көретін аппарат, радар, беренді киім, танкіге қарсы зымыран сияқты әскери құрал түрлерінен көмектесіп келеді.

Былтыр Ақ үй Украинаға әскери көмек көрсету туралы Конгресс бекіткен шешімді бірнеше айға тоқтатып қойды. Заң шығарушылар шағымданғаннан кейін ғана көмек беріле бастады. Өкілдер палатасының мүшелері "Трамп президент сайлауындағы басты қарсыластарына қарсы іс бастату үшін Зеленскийге қысым жасады" деп мәлімдеп, желтоқсанда Трампқа қарсы импичмент процесін бастады. Оны қызметінен алу я алмау мәселесін қазір Сенат қарап жатыр.

Сонымен бірге, Трамп АҚШ-тың Украинадағы елшісі Мари Йовановичті орнынан алып тастады. Демократтар мен америкалық дипломаттардың көбі Йовановичті қорғай алмады деп Помпеоны сөкті.

Өткен аптада Помпеоның National Public Radio (NPR) тілшісі Мэри Люиспен сұхбаты кезінде осы тақырып қозғалған. Ақпарат құралының хабарлауынша, сұраққа ашуланған Помпео сұхбатты дөрекі түрде үзіп, жеке әңгімеде журналиске оспадар мінез көрсете сөйлеген. Мемлекеттік департамент NPR-дың өзге бір тілшісін Помпеомен сапарға бірге баратын журналистер тізімінен шығарып тастады.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметіне қарағанда, Майк Помпеоның қаңтардың 30-ы басталатын Киевке сапары "Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдау сапары" болмақ.

Помпеоға дейін мемлекеттік хатшы болған Рекс Тиллерсон Украинаға 2017 жылы шілдеде барған.

БЕЛАРУСЬ

Киевтен кейін, ақпанның біріне Майк Помпео Минскіге барып, онда 25 жылдан бері шығысындағы алып көршісі мен батысындағы Еуропа одағы, НАТО және Вашингтонның арасынан жол табуға тырысып жүрген әккі президент Александр Лукашенконмен кездеседі.

Ресейдің 2014 жылы көктемде Украинаға тиесілі Қырым түбегін тартып алуы Лукашенконы да, аймақтағы өзге лидерлерді де шошытып тастады. Беларусь елінде азаматтық қоғам мен оппозициялық топтарды жаныштағаны үшін жеккөрінішті болған ол Батыстың ығына жығылатын сыңайда бірнеше ишара жасады.

Нәтиже қандай? Беларусь АҚШ елшісі мен АҚШ миссиясының басым бөлігін елден шығарып жібергеннен кейін 11 жыл өткен соң, былтыр Вашингтон мен Минск қайтадан толық дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қыркүйекте Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі сол кездегі кеңесшісі Джон Болтон Минскіге барды. Бұл – соңғы он жылда АҚШ-тан келген ең жоғарғы лауазымды тұлға.

Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Санкт-Петербург, Ресей, 20 желтоқсан 2019 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Санкт-Петербург, Ресей, 20 желтоқсан 2019 жыл.

Кремль Минскіге қысымын күшейте түсті. Биыл желтосқанда Лукашенко мен Путин көп жылдан бері тек қағаз жүзінде ғана жұмыс істеп тұрған одақтық мемлекет құру жолындағы ірі қадам болатын келісімге қол қояды деген жоспар болған.

Жеме-жемге келгенде Лукашенко бұдан бас тартты.

Мәскеу Минскіге мұнай экспортын тоқтата тұру туралы шешім шығарды. Сөздің шыны керек, Беларусь экономикасы соның арқасында жақсы көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Ресей билігінің бұл ісі Лукашенконы тіпті өршелендіріп жіберді.

"Біздің өз еліміз бар, біз егемен, тәуелсіз мемлекетпіз. Ақыл, қайратымыздың арқасында өз несібемізді табамыз, біз өз мемлекетімізді құрып жатырмыз. Біз өзге елдің бір бөлігі болмаймыз" деді қаңтардың 24-і күні Беларусь президенті.

Помпеоның сапары Лукашенконың қолтығына су бүркіп, оны Ресейдің ықпал аясынан анағұрлым аулаққа ысыру әрекеті сияқты бағаланады. Алайда, сапардан бірер күн бұрын АҚШ-қа азаматтарының баруына тыйым салынған елдердің жаңа тізімі журналистердің қолына түсті. Осы тізімге жаңадан енген елдердің арасында Беларусь та бар.

Ақ үй бұл ақпаратты терістеген де, растаған да жоқ. Дегенмен, "Вашингтон Лукашенкоға қайрат бере отырып, оны жазалағысы келе ме?" деген сұрақ осы сапар барысында кесе көлденең тұратын сияқты.

АҚШ мемлекеттік департаментінің жазуына қарағанда, Помпео бұл сапары арқылы Америка "Беларусьтің егемен, тәуелсіз, тұрақты әрі гүлденген мемлекет болуына мүдделі екенін танытып, екіжақты қарым-қатынасты қалыпқа түсіру ниетін" көрсеткісі келеді.

ҚАЗАҚСТАН

Минскіден соң Помпео Қазақстанға барып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеспек. Сонымен бірге ол елді 27 жылдай үздіксіз басқарып, былтыр наурызда қызметінен кеткен, бірақ сонда да салмағы артқан Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы сияқты түрлі атақ пен лауазымын сақтап қалған, үкіметке әлі де ықпалы күшті бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен де кездеседі деген жоспар бар.

Назарбаевтың президенттік мерзімінің соңғы кезеңінде үлкен қызы Дариға зор байлық пен билікке қол жеткізді. Әкесі президенттіктен кеткен күні Дариға Назарбаева парламенттің жоғарғы палатасының жетекшісі қызметіне кірісті. Бұдан көпшілік "ол енді әкесінің орнына жайғасады" деген тұжырым жасады.

АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми хабарламасында Помпео мен Назарбаеваның кездесетіні туралы ақпарат жоқ.

Бұрын Вашингтон Қазақстанды Орталық Азиядағы Ресейге қарама-қарсы күш ретінде қарастыратын. АҚШ-тың ірі мұнай компаниялары Каспий теңізіндегі кеніштерді игеру үшін бірлескен кәсіпорындар ашып, миллиардтаған доллар инвестиция салды. Қазақстан – аймақтағы мұнай-газ қорына аса бай ел.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 20 наурыз 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 20 наурыз 2019 жыл.

Лукашенко сияқты Назарбаев та Ресейдің Қырымды аннексиялағанынан тіксініп қалды. Қазақстанның Ресеймен шекарадағы солтүстік аймақтарында тұратын халықтың көбі – орыстар, сондықтан Ресей бұл жерге таласуы мүмкін деген күдік болған.

Әзірге ондай пиғыл байқалмайды.

Бірақ, Беларусь пен Украинадағыдай, бұл жағдай Вашингтонның бұл елмен де байланысты жақсарта түсуіне аз ғана мүмкіндік берді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде Помпеоның сапары "Орталық Азиядағы бейбітшілік, гүлдену және қауіпсіздікке деген ортақ ұстанымды бекіту" мақсатын көздейді делінген.

ӨЗБЕКСТАН

АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпео ақпанның 2-сіне Ташкентке ұшып барып, онда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен, сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен және басқа да лауазымды тұлғалармен кездеспек.

Өзбекстан – Орталық Азиядағы халқы ең көп және біршама газ қоры да бар ел. Бұрын ол Ресейдің осы аймақтағы ықпалына жартылай болса да қарсы тұратын күш ретінде қарастырылатын. Сондай-ақ ол Ауғанстандағы соғыста және радикал исламшылдармен күресте Вашингтонмен одақтас болды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Берлин, 21 қаңтар 2019 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Берлин, 21 қаңтар 2019 жыл.

Ислам Каримовтің автократиялы билігі тұсында Өзбекстан Батыстан оқшауланды, әсіресе 2005 жылы Әндіжанда бейбіт халық қырылған соң бұл ел тіпті тұйықталып қалды. Оның үстіне Өзбекстан жемқорлық жайлаған ел ретінде танылып, осындай рейтингтердің көбінде көш бастап тұр.

2016 жылы Каримов дүние салған соң билікке келген Шавкат Мирзияев тек Вашингтонмен ғана емес, Еуропа елдерімен, тіпті Уолл стрит пен Лондон сияқты әлемдік қаржы орталықтарымен жаңа экономикалық және саяси қарым-қатынас орнатуға кірісті. Сондай-ақ ол елдегі табыстың басты көзі саналатын әрі адамдарды, соның ішінде балаларды күштеп жұмысқа жегуге себеп болып жатқан мақта өндірісіне өзгеріс енгізуге күш салды. Мұнымен қоймай ол Каримов заманынан бері билікте отырған жоғары лауазымды тұлғаларды қызметінен кетірді.

Реформалардың қаншалық ауқымды әрі тұрақты болары әлі белгісіз. Мирзияевтің үкіметіндегі министрлердің кейбірі бұрыннан келе жатқан басшылар, арасында бұрын жемқорлық істеріне қатысы болғандар да кездеседі.

Мирзияевтің үкіметі бұрынғы президент Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримоваға қарсы сот процесін жүргізіп жатыр. Ташкент түрмесінде жатқан Каримоваға ел ішінде және шетелде "парақорлықпен айналысты" деген айып тағылған. Үкімет Каримовадан миллиондаған доллар қаржыны мемлекет меншігіне қайтарғысы келеді.

Оң өзгерістің бары рас, бірақ адам құқығын қорғаушы кей белсенділер мұның бәрі "құр көзбояушылық" дейді.

Көп жыл бойы аймақтан аласталып келген АҚШ мемлекеттік департаменті тек 2015 жылы Ресейдің үстемдігін азайту үшін C5+1 бастамасын қолға алған.

Ташкент сапары барысында Майк Помпео "АҚШ-тың аймаққа қатысты жаңа стратегиясына сәйкес, тығыз байланысқан, гүлденген және анағұрлым қауіпсіз Орталық Азияға қолдау білдірмек". Мұнда ол Орталық Азиядағы бес ел – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанның сыртқы істер министрлерімен кездеспек.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG