Accessibility links

Өзбекстанның жаңа имиджі. Онда Ислам Каримовқа орын бар ма?


Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовқа арналған ескерткіш.

Өзбекстан Батыс елдерін реформа жолына түскеніне сендіру үшін кең көлемді пиар науқанын ұйымдастырды. Шавкат Мирзияев әкімшілігі ескі жүйеден алшақтауға тырысқанымен, бірінші президент қазасынан бері үш жыл өтсе де, мемлекет Ислам Каримовтің көлеңкесінен арыла алмай келеді.

Алдағы бірнеше айда Өзбекстан астанасына жолыңыз түссе, үш мәселені құлағыңыз шалуы мүмкін.

Шенеуніктермен әңгіме барысында немесе жаңалықтар кезінде міндетті түрде елде соңғы үш жылда болған өзгерістермен танысасыз.

Парламент сайлауының қарсаңында, желтоқсанның 22-сі күні үміткерлер арасында шынайы теледебат өткенін, үш жыл бұрын мұндайды елестетудің өзі қиын болғанын естисіз (Бірақ сайлауға қатысатын үміткерлер қатарында оппозициялық тұлғалар жоғын ешкім айтпайды).

Одан бөлек, үш жылда қатаң цензура әлсіреп, баспасөзге бостандық берілгені жайлы естисіз (Бірақ бірқатар ақпарат агенттігінің, оның ішінде Азаттықтың Өзбек қызметінің журналистеріне аккредитациядан өтіп, Ташкенттен бюро ашуға мүмкіндік берілмей отыр. Олардың сайттары жиі бұғатталып, цензураға ұшырап отыр).

Бірақ үш жыл бұрын осы өзгерістерге серпін берген оқиға – елді 27 жыл басқарған авторитар басшы Ислам Каримовтің өлімі туралы естуіңіз екіталай.

Үш жыл бұрын сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзияев Ислам Каримовтің туған жері Самарқандта жерлеу рәсімін ұйымдастырды.

Осыдан кейін президент қызметіне келген Мирзияев Каримовтің қазасына бір жыл толғанда оның құрметіне ашылған мемориалдық кешенге барып, қараша айында Орталық Азиядағы төрт мемлекет басшысын өзіне дейінгі президенттің басына гүл шоғырын қою салтанатына жинады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Самарқандтағы Ислам Каримовтің басына гүл қойып жатыр. 12 қыркүйек 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Самарқандтағы Ислам Каримовтің басына гүл қойып жатыр. 12 қыркүйек 2016 жыл.

Бірақ аталған ресми құрметтен тыс Ташкенттегі шенеуніктер (бұл туралы ашық мәлімдеме жасалмаған) Каримовтан қалған мұраға қайшы келетін реформалар жүргізуге күш салып жатқанын айтады.

Мирзияевтың бұрынғы баспасөз хатшысы, қазіргі ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің басшысы Азаттыққа берген сұхбатында бұл туралы ойын ашық білдірді.

«Ол кез бен қазіргі уақыттың арасында үлкен айырмашылық бар. Бірақ өмірден өткен адамның артынан жаман сөз айтуға болмайтын, оларға лайықты құрмет көрсететін дәстүрімізге сәйкес, бұл туралы ашық айтпаймыз. Бірақ бұл екі кезеңді мүлде салыстырмаймыз дегенді білдірмейді, - деді Мирзияевқа жақын адам саналатын Комил Алламжонов. Президенттің қызы Саида Мирзияева Алламжоновтың орынбасары қызметін атқарады.

«Оның белгілі бір әдісі болды. Оның тұсында көп мәселе жинақталып қалды. Шын мәнінде, өте көп мәселе. Енді аталған мәселелерді президентіміз Мирзияевқа шешуге тура келеді. Қазір ол осы іспен айналысып жатыр, - деді Алламжонов.

Ширек ғасырға жуық уақыт билікте болған Каримов саяси қарсыластарын тұтқындау мен азаптау арқылы басып-жаншитын жүйе құрды.

2005 жылы Коммунистік партияның бұрынғы төрағасы Каримовтің қауіпсіздік қызметі шығыстағы Әндіжан қаласындағы наразылықты аяусыз басып, жүздеген адам қаза тапты. Мақта алқаптарына күштеп жұмысқа тарту жүйесі мен балалар еңбегін пайдалану жүздеген батыс компанияларының ел экспортының негізгі бағытын құрайтын Өзбекстан мақтасын сатып алудан бас тартуына әкеп соқты.

Өзбекстан шетелдік инвестиция тартуға талпынып, Каримовтің өлімінен кейін реформалар жүргізуге ықыласты екенін білдірді. Бұл батыс шенеуніктерін қуантты.

Саяси тұтқындар қатарына жатқызылған 50-ге жуық адам түрмеден шықты. Ташкент мақта жинау науқаны кезінде мәжбүрлі еңбекке тарту фактілерін азайтуға күш салды.

Ақпан айында Мирзияев Алламжонов басқаратын ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігін құрды.

Жаңа шаралар өз жемісін бергенге ұқсайды.

Желтоқсан айында Economist журналы 12 айда қол жеткізген жетістіктері үшін Өзбекстанды - «жыл мемлекеті», CNN арнасы ортағасырлық архитектуралық ескерткіштерімен танымал елді «2020 жылдың негізгі туристік бағыты» деп атады.

Шахи Зинда кесенесі. Самарканд, 29 қараша 2019 жыл.
Шахи Зинда кесенесі. Самарканд, 29 қараша 2019 жыл.

Бірқатар құқық қорғау ұйымдары Өзбекстанға бұл атақтар уақытынан бұрын берілді деп есептейді.

Адам құқықтары жөніндегі өзбек-неміс қорының директоры Умида Ниязова сайлау қарсаңында жазылған хатта реформаларға шынайы саяси оппозицияға кедергі ұйымдастыруды жалғастырып отырған жүйенің «декорациясы» деген баға берді.

Азаптауға қарсы күрес туралы заңға қарамастан, Өзбекстанда мыңдаған саяси тұтқын отырған түрмелерден әлі күнге азаптау фактілері туралы ақпарат келіп түседі.

«Ескі әдеттен арылу қиын. Қауіпсіздік қызметінің ықпалы әлі де жоғары. Билік те демократияға бет бұрмаған», - дейді құқық қорғаушы және Орталық Азия бойынша сарапшы Стив Свердлоу.

«Реформаторлар класының ортақ көзқарасына сәйкес, — оларды осылай атағыңыз келсе, сөз тіркесін тырнақшаға алуды ұмытпаңыз, — тек алға ұмтылып, «атын атауға болмайтын» Каримовқа сілтеме жасау керек. Каримов имиджінен арылуға талпыныстың көп жанама белгісі бар, бірақ әлі де адам құқықтарының бұзылуы мен оған жол берген адам туралы ашық айтылмай отыр» дейді Свердлоу.

Президенттің өзін қосқанда, Мирзияев әкімшілігінде істейтіндердің басым бөлігі көп жыл бойы Каримовтің тұсында жұмыс істеген. Қазіргі президент бағытына қолдау білдіріп отырған саяси партиялар да бір кезде Каримовті жақтаған.

2015 жылы президент сайлауына қатысып, Каримовті сырттай қолдаған «Адолат» партиясының төрағасы Нариман Умаров Азаттыққа сұхбатында Өзбекстандағы жағдайды анық көрсетті. Ол бұрынғы президентті сынаудан бас тартқанымен, елде шешуді қажет ететін мәселе көбін айтты.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың Тәуелсіздік күні билеген сәті. Сол жағында премьер-министр Шавкат Мирзяев тұр. Ташкент, 31 тамыз 2007 жыл
Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың Тәуелсіздік күні билеген сәті. Сол жағында премьер-министр Шавкат Мирзяев тұр. Ташкент, 31 тамыз 2007 жыл

Мирзияев бұрынғы президент әкімшілігінің өзіне қауіп төндіреді деп күтілген бірнеше мүшесін биліктен алыстатты, екінші бір топты оңалту шарасынан өткізді, үшіншілерін жазаға тартты. Ол ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Рустам Иноятовты отставкаға жіберіп, оны өзінің кеңесшісі етіп қалдырды. Көбі бұл шешімді «тұлғаның беделін сақтау» амалы деп қабылдады.

Мирзияев Ұлттық гвардия құрды. Бұл құрылымның жұмысы жаңа президент әкімшілігінің Каримов тұсында қолданылған қоғамдық наразылыққа реакция білдіру әдістеріне қаншалықты жақын екенін көрсететін нағыз сынаққа айналуы мүмкін.

Желтоқсан айының басында болған табиғи газ бен электр энергиясының тапшылығы Өзбекстанның бірқатар аймағында наразылық туғызды. Ташкент қатаң жазалау шарасына жүгінбей, жергілікті деңгейдегі шенеуніктерді кінәлады. Бірақ коммуналдық қызметтер бағасының өсуіне орай билік әсіресе жұмысшы тап ортасындағы наразылықты басып отыр.

Ташкент пен Самарқандтың бірқатар тұрғыны Азаттыққа берген пікірінде Каримов президент болған кезді жылылықпен еске алатынын, соңғы үш жылда баға өскенімен, жалақы мөлшері бұрынғы деңгейде қалғанын айтқан.

«Мәселе бұл реформалардың әлі сынақтан өтпегенінде болып отыр, - дейді Вашингтондағы Карнеги орталығы Ресей мен Еуразияны зерттеу бағдарламасының аға ғылыми қызметкері Пол Стронски. Ол Мирзияев жүйесінің Каримов режимінен айырмашылығын кең көлемді наразылық шарасы немесе теракт сияқты оқиға кезінде ғана көруге болады деп есептейді. «Үкіметті жылдам әрекет етуге мәжбүрлейтін бір жағдай болуы керек. Сол кезде олардың ескі әдіске жүгінгенін немесе өздерінің жаңа амалдарын қолданғанын көруге болады» дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG