Accessibility links

Мұхаммед Салих: Өзбекстанда саяси өзгеріс жасауға Шавкат Мирзияевтың дәті шыдамады


Қуғындағы өзбек оппозиционері Мұхаммед Салих. 10 желтоқсан 2019 жыл. Видеодан скриншот.

Ширек ғасырдан астам уақыт шетелде тұрып жатқан қуғындағы өзбек оппозиционері Мұхаммед Салих Өзбекстанда шынайы саяси өзгерістер жасауға президент Шавкат Мирзияевтың батылы жетпей отыр деп санайды.

Өткен ғасырдың 80 жылдарының ортасында СССР-де қайта құру саясаты жарияланған кезде Өзбекстандағы "Бірлік" қозғалысының негізін қалағандардың бірі Мұхаммед Салих кейін Өзбекстанда ресми тіркелген алғашқы саяси бірлестік - "Эрк" ("Еркіндік") партиясын құрған. Өзбекстанда өткен алғашқы президент сайлауында сол кездегі Өзбек ССР коммунистік партиясының бірінші хатшысы Ислам Каримовке балама жалғыз кандидат ретінде саяси бәсекеге түскен.

Тәуелсіз бақылаушылардың есебінше, сайлауда Мұхаммед Салих жеңіске жеткен. Бірақ Каримов билікті бергісі келмеді: оппозиция шеруіне қатысушыларға оқ атып, тәуелсіз басылымдарды жапты және оппозиция өкілдерін қуғын-сүргінге салды.

Бір жылдан кейін Өзбекстан құқық органдары Мұхаммад Салихтың үстінен қылмыстық іс қозғады. Ақыры 1993 жылғы сәуірде Мұхаммед Салих Өзбекстаннан саяси эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. Содан бері ол шетелде тұрады.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында Мұхаммед Салих Өзбекстанда 2016 жылы күзде Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін билікке келген қазіргі президент Шавкат Мирзияевтың жүргізіп отырған саясаты туралы ой-пікірімен бөлісті.

Азаттық: Отыз жылға жуық уақыт бойы нені мұрат етіп жүрсіз? Түпкі мақсатыңыз не?

Мұхаммед Салих: Мақсатым – антидемократиялық режимдерге қарсы күресу. Мейлі ол Каримовтың режимі ме, әлде Мирзияевтың режимі ме, бәрібір. Өзбекстанда бұл режим тұрғанда күресімді жалғастыра беремін.

Азаттық: Соңғы кезде қазіргі президентті жиі сынап жүрсіз. Шавкат Мирзияевтың өзіне дейінгі президенттен қандай айырмашылығы бар?

Мұхаммед Салих: Мен [Мирзияевті] үш жыл сынаған жоқпын. Жай ғана үнсіз қалмай, шетел радиостанцияларынан сөйлеген сөзімде ол Каримов басқарған кездегі іс-тәжірибені қайталамас деп үміттенетінімді айтып жүрдім. Бұл үш жылы популизмге кетті. Қазір Мирзияев Каримов сынды популиске айналған. Және саяси салада ешқандай өзгеріс жасаған жоқ.

Азаттық: Өзбекстанда Мирзияевтың қолында кезінде Каримовта болғандай толық билік жоқ, сол реформаларды іске асыруға бөгет болып отыр деген пікірмен келісесіз бе?

Мұхаммед Салих: Бәлкім, бұл тұжырымда шындықтың бір ұшы бар шығар. Бірақ бұл оның президент ретінде қызметін қалай атқарып отырғанын ақтамайды. Өйткені Мирзияев толық билікке ие президент болуы керек. Ешқандай мафия, ешқандай Иноятов (1995 жылдан бастап Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметін басқарған Рустам Иноятовты 2018 жылы қаңтардың соңында Шавкат Мирзияев қызметтен босатқан, қазір ол президенттің мемлекеттік кеңесшісі қызметін атқарады – ред.) немесе бұрынғы КГБ (мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) қызметкерлері толық билік жүргізуіне ықпал етпеуі керек.

Азаттық: Сіз күш құрылымдары, арнаулы қызмет өкілдері туралы айтып отырсыз. Мирзияевқа Өзбекстандағы саяси өмірді либералды бағытқа өзгертуге бұл кландардан басқа тағы не кедергі болып отыр?

Мұхаммед Салих: Биліктен айырылып қалудан қорқатыны анық, сондықтан бұл кландарды, мафиялық топтарды, жемқорларды орнына қою үшін еш тәуекелге бармай отыр. Ол ашық қорқып отыр, мұны оның әңгімесінен байқадым. Ол орта деңгейдегі басшыларға дауыс көтеріп сөйлегенімен, өзіне шынымен ықпалы бар негізгі тұлғаларға тимейді. Ол қорықпауы керек. Бұл оның Өзбекстандағы саяси билікке реформа жасамай отырғанына себеп болмауы тиіс.

Азаттық: (Жыл басындағы) бір сұхбатыңызда оппозиция парламент сайлауына дайындалып жатыр дегенсіз. Бірақ жақында сіз Орталық сайлау комиссиясы оппозицияның бірде-бір өкілі тіркеуде өте алмағанын айттыңыз. Мұны жеңіліс деп атауға бола ма?

Мұхаммед Салих: Иә, Мирзияев өз беделін көтеру үшін оппозициялық партия болмаса да, Өзбекстанда еркін ойлайтын азаматтарды сайлауға қатыстыратын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ ондай батылдыққа баруға оның дәті шыдамады. Ол тіпті баяғыда Каримов құрған ескі партияларды да өзгерткен жоқ. Мирзияев сайлауға осы партиялармен қатысайын деп отыр. Бұл – біздің үкімет үшін, Өзбекстан үшін масқара жағдай.

Мұхаммед Салихтың "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбаты (орысша):

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG