Accessibility links

Хорезм соты билікті сынаған блогерді психиатриялық емханадан шығармады


Өзбек блогері Шабнам (Нафосат) Оллашукурова.

Өзбекстан соты әкімшілік қамауға алынғаннан кейін жүйке аурулары диспансеріне мәжбүрлеп жатқызылған блогерді босатуды сұраған адвокаттың өтінішін қанағаттандырмады. Заңгер сот шешіміне шағым түсіретінін айтады.

Өзбекстанның Хорезм облысы азаматтық істер жөніндегі соты мемлекеттік органдардың жұмысын жиі сынап, әлеуметтік желіде пост жазатын блогер Нафосат Оллашукурованы жүйке аурулары диспансерінен босату туралы адвокат өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Аталған емханаға мәжбүрлеп жатқызылған блогерді онда қанша уақыт ұстайтыны әзірге белгісіз деп хабарлады Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик радиосы.

Сотта блогердің мүддесін қорғаған "Симай" адвокаттық бюросының заңгері Умид Давлатов Facebook әлеуметтік желісінде "Шабнам Оллашукурова" деген атпен блог жүргізген 32 жастағы Нафосат Оллашукурованың ісі Хорезм облыстық жүйке аурулары диспансерінде өткен көшпелі сот отырысында қаралғанын айтты.

- Сот қарашаның 27-сі күні диспансердің үш дәрігерінің қатысуымен өткен комиссияның қайта шығарған қорытындысына сүйеніп, Нафосатты емханада қалдыру туралы шешім шығарды. Комиссия қорытындысында Нафосат Оллашукурованың емін жалғастыру керегі жазылған, - деді адвокат.

Оның сөзінше, көшпелі сот отырысына Нафосат Оллашукурова да қатысқан.

Адвокат Давлатов Оллашукурованың облыстық соттың шешімімен келіспегенін, Өзбекстан Жоғарғы сотына шағым түсіретінін хабарлады.

- Нафосат өзін жақсы сезініп тұрғандай көрінді. Ол барлық сұраққа жауап берді. Сот шешіміне наразы екенін, Жоғарғы сотқа шағымданатынын айтты, - деді блогердің адвокаты.

Биыл қыркүйек айында Хорезм ақыны әрі журналист Махмуд Раджабтың Ташкентке жасаған жаяу сапары туралы әлеуметтік желіде тікелей трансляция жүргізген Нафосат Оллашукурованы билік жауапқа тартып, 10 тәулік әкімшілік қамауға алған. Сот блогерді заңның "ұсақ бұзақылық", "ішкі істер органы қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау", "ішкі істер органы қызметкерлерінің қызмет міндетін атқаруына қарсылық көрсету" және "рұқсат етілмеген жиын, митинг, шерулер мен демонстрациялар өткізуге жағдай жасау" баптары бойынша айыпты деп тапқан.

Блогер Нафосат Оллашукурова (оң жақта).
Блогер Нафосат Оллашукурова (оң жақта).

Тұтқындалғаннан кейін үш күннен соң Нафосат Оллашукурованы Үргеніш қаласындағы Хорезм облыстық жүйке дертін емдейтін ауруханаға жатқызғаны белгілі болды. Өзбекстан Бас прокуратурасы қамауға алынғаннан кейін бір күннен соң "Оллашукурованың мінез-құлқынан психологиялық өзгерістер" аңғарылғаны" туралы мәлімдеген.

Аурухана құжаттарында блогердің мінез-құлқынан "психикалық ауытқу, психикалық дертке шалдыққан адамға тән белгілер, паранойя синдромы" байқалатыны жазылған.

Оллошукурованың әкесі Болтабой Оллошукуров Азаттықтың Өзбек қызметіне ағылшын тілінен сабақ беретін қызының бұрын ешқашан психикалық дертке шалдықпағанын айтқан.

Адвокат Умид Давлатовтың сөзінше, Хорезм облысы сотының жүйке аурулары диспансерінде өткен көшпелі отырысына Ташкенттен арнайы келген блогердің анасы Холжон Давлетова да қатысқан.

- Анасы ауруханаға мәжбүрлеп жатқызылғаннан бері қызын алғаш рет көрді. Осы уақытқа дейін анасы Ташкентте Насофаттың үш жасар егіз қызына қарады, - деді адвокат.

Бұдан бұрын Committee to protest journalists ("Журналистерді қорғау комитеті"), Human Rights Watch және Amnesty International тәрізді халықаралық баспасөз еркіндігі мен адам құқықтарын қорғайтын беделді ұйымдар Нафосат Оллашукурованы қолдап мәлімдеме жариялаған. Олар Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтан блогерді дереу босатып, оны күштеп емдеуді тоқтатуға шақырған.

"Егер Өзбекстан реформалардың шынайы жүзеге асып жатқанын көрсеткісі келсе, журналистерді психиатриялық ауруханаға жіберу сияқты тоталитарлық жазалау әдістерінен арылуы қажет" деп мәлімдеген "Журналистерді қорғау комитетінің" Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламаларын үйлестіруші Гүлноза Саид.

Нафосат Оллошукурова Facebook әлеуметтік желісіне елдегі әйелдер құқығы мен жергілікті биліктің жемқорлығы жайлы посттар жариялап келген. Блогердің парақшасына төрт мыңнан астам қолданушы жазылған.

Азаттықтың Өзбек қызметінің материалынан аударылды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG