Accessibility links

Тың ой: контейнер-баспана


АҚШ-тағы SeaBox компаниясының жүк контейнерінен құрастырған үйі.
АҚШ-тағы SeaBox компаниясының жүк контейнерінен құрастырған үйі.

Жұрттың көбі жүк контейнерін тот басқан үлкен темір жәшік деп ойлайды. Алайда контейнерді арзан әрі экологиялық тұрғыдан таза баспана тұрғызудың амалы деп санайтындар да бар.

Қазақстанда, Қырғызстанда, жалпы Орталық Азия елдерінің бәрінде контейнерлер базарда сауда нүктесі ретінде көп пайдаланылады. Қазақстанда контейнер сияқты жинақы ғимараттар түрлі мақсатта шаруашылық, қызмет бөлмелері және баспана ретінде тұрмыста баяғыдан қолданылып келеді. Контейнер жасау, оны жабдықтаумен айналысатын компаниялар да бар.
Астанадағы "Шарын" базары. Астана, 20 тамыз 2012 жыл. Сурет Сара Жакупованың Facebook парақшасынан алынды.
Астанадағы "Шарын" базары. Астана, 20 тамыз 2012 жыл. Сурет Сара Жакупованың Facebook парақшасынан алынды.

Контейнерлерде тұратындар да жиі кездеседі, олардың көбі – баспанадан тарыққан жандар. Өткен жылдың аяғында қазақ блогерлері Астанадағы «Шарын» базарындағы 20 контейнерде 40 шақты адам тұратынын хабарлаған болатын.

Санитарлық талаптарға сай келмейтін, дұрыс жабдықталмаған контейнерді тіршілік етуге ыңғайлы баспана деуге болмайды. Елдің әр өңірінен келіп, контейнерлерді паналайтындар күніне екі-үш мың теңгеге (шамамен 20 долларға дейін) базар тазалап күн көреді.

Жүк контейнерлерінің бағасының соңғы жылда 500 долларға өскеніне қарағанда, Қазақстандағы жұрттың көбі оны кәдеге жаратудың балама түрлерін тапқан сыңайлы. Америкада контейнерлерді баспанаға айналдыру заңды әрі үлкен табыс көзіне айналды.

17 МИЛЛИОН КОНТЕЙНЕР

Қазір АҚШ-та жүк тасуға арналған металл контейнерлерді тиімді қолдану тәсілі табылды. Олардан апатты жағдайда паналайтын баспана немесе экологиялық тұрғыдан қауіпсіз үйлер құрастырады. Темір қорапты сәні келіскен үйге айналдырып алғандар да бар.

World Shipping Council ұйымының дерегіне қарағанда, қазір контейнер көп - қазір жұрт оның 17 миллионын пайдаланып отыр. Контейнерді пайдалануға деген сұраныс та артып келеді.

«Сэнди» дауылы зардабынан әлі есін жия қоймаған Нью-Йорк қаласының билігі апат зардаптарын жою үшін контейнерлерді қолдану мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.

Нью-Йорк қаласының жобалау және құрылыс департаментінің өкілі Дэвид Берни шенеуніктер кеме жөндейтін докта тұрған контейнерлерді көріп, оларды баспана ретінде пайдалану жағын ойластыра бастағанын айтады.

– Сегіз немесе он шақты контейнерді біріктіріп орнатады. Оларды қатарлап қойып көп қабатты үй жасап алуыңызға әбден болады. Әрине бұл жоқтан бар жасаудың амалы, бірақ біз контейнерлерді кәдеге жаратуға болады деп ұйғардық, – дейді Дэвид Берни.

ЭКСПЕРИМЕНТТІК БАСПАНА

Бұл шаруа осыдан бес жыл бұрын Нью-Йорк мэриясы төтенше апаттың нәтижесінде қалада туындаған баспана тапшылығын шешу жөніндегі идеяларға конкурс жариялағанда басталды.

«Егер...» деген атаумен ұйымдастырылған конкурсқа бүкіл дүние жүзінен жүзден аса адам қатысып, жүк контейнерлеріне байланысты ұсыныстар көпшілік назарына ілікті.
Контейнерден құралып жатқан үй. Канада, 15 қараша 2012 жыл.
Контейнерден құралып жатқан үй. Канада, 15 қараша 2012 жыл.

Мегаполис әкімшілігі осы идея негізінде 2013 жылдың жазында Нью-Йорктің Бруклин ауданында эксперименттік баспана тұрғызып, оны төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың меншігіне өткізбек.

Американың қарулы күштерін контейнерлермен қамтамасыз ететін SeaBox компаниясы – стратегиялық жобаны жүзеге асыру жөніндегі саудаға қатысушылардың бірі. Қазір компания Нью-Джерси қаласындағы өз кеңсесінің алдындағы көгалға контейнер-үйдің үлгісін орнатып та қойды.

– Енді біз контейнердің ішіне кереует қоюға тырысамыз. Бірақ бұл контейнерді жайлы баспана ете алмайды. Егер сіз мұндай үйде тұрғыңыз келсе, оны жабдықтап, адам тұратындай күйге жеткізуіңіз керек, – дейді SeaBox компаниясының директоры Билл Бегли.

Бірақ уақытша баспананы жайлы ету жұмыстары арзанға түспейтін көрінеді. Билл Беглидің айтуынша, бір жатын бөлмесі бар контейнер-үй 50 мың доллар тұрады. Ал үш жатын бөлмесі бар әдеттегі пәтердің бағасы 100 мың доллардан асады. Алайда үйдің төзімділігі, тасымалдауға қолайлылығы және шапшаң салынуы сияқты жақтарын ескерсек, контейнерді пайдалану амалы бірталай үнемді болып шығады.

ӘЛЕМДЕГІ ТЫҢ ЖОБАЛАР

Металл қораптарды пайдаланудың тиімділігіне назар аударған жалғыз Нью-Йорк қана емес. Контейнерлерді пайдалану жобалары қазір бүкіл Солтүстік Америкада қолға алынды.

Канаданың Ванкувер қаласының билігі жақында жергілікті коммерциялық емес топпен бірігіп, баспанасыздарға арналған орындарда және арзан қонақүйлерде тұратын әйелдерге арнап контейнерден әлеуметтік баспана сала бастады.

Детройт қаласында контейнерден тұрғызылатын 36 бөлмелі қонақүйдің жоспары жұрт назарына ұсынылды. Бірнеше контейнерден тұрғызылған үй АҚШ аудандарының бірі Хэмптонда 1 миллион 400 мың долларға бағаланып, саудаға түсті.

Қазір әлемде контейнерлік жобаның көптеген үлгісін табуға болады. Лондон мен Амстердамда студенттер оларды жатахана ретінде пайдаланады, ал Израиль сәулетшілері Ariel Sharon Park қорығында контейнерден көпір салуды жоспарлап отыр.

Арнайы жабдықталған контейнерлер енді Антарктикаға да жол тартып, ол жақта белгілі зерттеуші Ранульф Файнстың экспедициясы мүшелеріне баспана болмақ.

ҮНЕМДІЛІК

Logical Homes сәулет компаниясының негізін салушы, контейнерден баспана тұрғызып жүрген Петр де Мария контейнердің бір артықшылығы ретінде мұндай үйдің іші қоңырсалқын болатынын айтады.
Алматы тұрғыны Бәтес Тұрғанбаеваның контейнер-үйі. Алатау ауданы, 7 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматы тұрғыны Бәтес Тұрғанбаеваның контейнер-үйі. Алатау ауданы, 7 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ескі джинсыларды өңдеп, изоляциялық материал орнына қолданып жүрген Петр де Марияның компаниясының бұл ісі қоршаған ортаны қорғаушылардың да көңілінен шығары сөзсіз. Петр де Марияның айтуынша, контейнерден үй салуға кететін шығын кәдімгі үй тұрғызуға кететін материал мен күштің бес пайызы ғана болады.

Бұрын қолданыста болған контейнерлер eBay интернет-аукцион арқылы екі-үш мың долларға сатылып жатыр.

Петр де Мария конструкцияларының бағасына жұрттың қызығатынын мойындайды. Өйткені контейнер-үйдің құны дәстүрлі материалдан тұрғызылған осындай көлемдегі үйден шамамен 30 пайызға арзан.

«Жүк контейнерінде өмір сүру көптеген жандарға қисынсыз дүние болып көрінеді. Алайда кәдімгі контейнердің жайлы баспанаға айналып шыға келгенін көргенде, олар бұл пікірінен тез бас тартады» дейді Петр де Мария.

Мақала Азат Еуропа/ Азаттық радиосының журналисі Кортни Брукс әзірлеген материал негізінде жазылды.
XS
SM
MD
LG