Accessibility links

АҚШ саясаткері «Магнитский тізімі» неге жаңармағанын сұрады


АҚШ конгресіне Массачусетс штатынан сайланған Джеймс Макговерн.
АҚШ конгресіне Массачусетс штатынан сайланған Джеймс Макговерн.

АҚШ конгресі мүшесі адам құқықтарын бұзуға қатысы бар ресейлік шенеуніктер енгізілген «Магнитский тізімін» неге жаңартпағандарын сұрап, Ақ үйден түсініктеме талап етіп отыр.

Ресейде адам құқықтарын бұзды деп айыпталғандарды жазалау мақсатындағы заң қабылдау жөніндегі жұмыс тобын басқарған АҚШ конгресінің мүшесі Джеймс Макговерн «қара тізімге» Ресей басшылығындағы жаңа адамдардың не себепті қосылмай қалғанын президент Барак Обама әкімшілігіндегі тиісті лауазымды тұлғалардан сұрамақшы.

ШОЛАҚ ТІЗІМ

Массачусетс штатынан сайланған Джеймс Макговерн Магнитский заңының орындалуына қатысты есепті жариялардың алдында осы заң шеңберінде «қара тізімге» жаңа есімдерді қосуға мүмкіндік берілмеу себебін әкімшілік қызметкерлерімен талқыламақ ниетте.

2010 жылғы мамырда Магнитский заңын қабылдау туралы алғаш идея тастаған Макговерн әкімшілік өкілдеріне өз әрекеттерін түсіндіруге мүмкіндік беретінін айтты.

- Мен көп нәрсе күткен едім. Бірақ оларға неге тізімнің шолақ болғанын, неге көп есімдердің түсіп қалғанын түсіндіруге мүмкіндік беремін, - деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.

2009 жылы Мәскеу тергеу абақтысында қаза болған ресейлік заңгер Сергей Магнитский.
2009 жылы Мәскеу тергеу абақтысында қаза болған ресейлік заңгер Сергей Магнитский.
2012 жылдың соңында қабылданған заң бойынша, Ресейдегі адам құқықтарын қорғаушы, 2009 жылы қаза болған заңгер Сергей Магнитскийдің өліміне қатысы бар болуы мүмкін деген шенеуніктерге виза беруге шектеу қойылып, қаржылық санкциялар салынады.

Заңның орындалуы жөніндегі желтоқсанда жарық көрген есеп әлі бұқараға жарияланбағанымен, Азаттық тілшісіне оның бірінші бетіндегі түсіндірме бөлігін шолып шығуға рұқсат берілді. Онда былтырғы сәуірде АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті мен Қаржы департаменті тізімдеген 18 адам туралы ақпарат берілген.

ЕСКІ ТІЗІМ, БҰРЫННАН БЕЛГІЛІ АҚПАРАТ

Есеппен танысып шыққан конгресс қызметкері де Макговерннің Магнитский заңының орындалуына қатысты айтылған сынын орынды деп санайды. Оның айтуынша, бұл есепте негізінен бұрыннан бар жария ақпарат қайта айтылған, әкімшілік қызметкерлері Магнитский заңын орындауға көп күш салмаған.

«Шынымды айтсам, мектеп оқулығы туралы есепте бұдан көбірек ақпарат болады» деді конгресс қызметкері Азаттыққа берген сұхбатында. Сонымен қатар, ол заңның орындалуы туралы есептің заңда көрсетілген мерзім – 14 желтоқсаннан алты күнге кешіктіріліп тапсырылғаны үшін әкімшілікті сынады.

Азаттық радиосының тілшісі әңгімеге тартқан Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік кеңесінің ресми өкілі Лаура Магнусон бұл сынға тікелей жауап қайтармады. Оның айтуынша, заңның орындалуы жөніндегі есеп 2012 жылдың желтоқсан айында президент Барак Обама қол қойғалы бері мемлекеттік және қаржы департаменттері қолға алған шараларды қамтыған. Мемлекеттік департаменттің ресми өкілі де Азаттық тілшісіне дәл осы сөздерді қайталады әрі есептің Магнитский заңының талаптарына толық сай келетінін айтты.

Макговерннің айуынша, конгрестің басқа мүшелерімен бірге ол да Магнитский заңының шеңберінде түзілген «қара тізім» кеңейтіледі деген сенімде болған. Ал кейін тізім сол күйінде қалғанын естігенде қатты таңырқаған.

АҚ ҮЙ МЕН КРЕМЛЬ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

Есеп конгреске 20 желтоқсанда жіберілді. Дәл сол күні республикалық партия атынан сайланған сенатор, сыртқы қарым-қатынас комитетінің жоғары шенді мүшесі Боб Коркер мемлекеттік хатшыға осы мәселе жөнінде хат жолдаған. Сенатор сол хатында Кремльмен арадағы ортақ мүдде жолындағы ынтымақтастыққа кесірін тигізетіндіктен, АҚШ әкімшілігі «қара тізімді» кеңейтпеуге мүдделі деген болжамдарға қатысты алаңдаушылық білдірген.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) және АҚШ сенаты депутаты Боб Коркер (оң жақта).
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) және АҚШ сенаты депутаты Боб Коркер (оң жақта).
«Магнитский тізімінің ұлғаюы екіжақты әріптестікке кесірін тигізетінін түсінемін. Бірақ Магнитский заңын конгресс қабылдап, оған президент Обама қол қойған. Сондықтан бәріміз оны толық орындауға міндеттіміз» дейді сенатор Коркер.

Ақ үй де, мемлекеттік департамент те есеппен бірге жаңарған «қара тізімді» жариялауға міндетті емеспіз деді. Ал жоғары шенді дипломат қазіргі уақытта Магнитский заңы аясында кеңейтілген тізімнің әзірленіп жатқанын хабарлады.

АҚШ сенатының сыртқы қарым-қатынас комитетіндегі отырыста мемлекеттік департаменттің Еуропа және Еуразия бойынша орынбасары Виктория Нуланд: «Тізімге енгізілуі мүмкін деген есімдерді саралап жатырмыз, бұл жұмыс алдағы апталарда да жалғасын таппақ» деді.

ӨЛГЕН АДАМДЫ СОТТАУ

Салық төлеуден жалтарды деп айыпталған 37 жастағы Сергей Магнитский 2009 жылы қарашада Мәскеудегі тергеу изоляторында қаза тапқан еді.

Достары мен жақындарының айтуынша, Магнитский құқық қорғау және салық органдары қызметкерлерін "аса ірі алаяқтық жасап, Ресей қазынасынан 230 миллион доллар жымқырды" деп айыптағаны үшін жазықты болып, түрмеге қамалып, азапталған, қамауда жатқанда оған қасақана медициналық көмек көрсетілмеген. Жәрдем болған жағдайда оны аман алып қалуға болатын еді дейді Магнитскийдің жақындары.

Америкалық азаматтарға Ресейден бала асырап алуға тыйым салатын «Дима Яковлев заңына» қарсылық білдіргендерді полиция ұстап әкетті. Бұл заң АҚШ-тағы «Магнитский тізіміне» жауап ретінде қабылданған делінеді.
Америкалық азаматтарға Ресейден бала асырап алуға тыйым салатын «Дима Яковлев заңына» қарсылық білдіргендерді полиция ұстап әкетті. Бұл заң АҚШ-тағы «Магнитский тізіміне» жауап ретінде қабылданған делінеді.
Адам құқықтарын бұзудың басқа да фактілеріне қатысы бар Ресей шенеуніктеріне санкция салуды көздейтін бұл заңның қабылдануы Ресей үкіметінің шамына қатты тиді. Ресей мұны елдің ішкі ісіне тікелей араласу деп бағалады.

Бұған жауап ретінде Кремль америкалықтардың Ресейде бала асырап алуына тыйым салатын заң қабылдап, құқық бұзушы 18 америкалықтың тізімін жасады. Бұл екіжақты қарым-қатынасты одан сайын ушықтырып жіберді.

Өткен жылы бір сөзінде президент Владимир Путин Магнитскийдің қазасы ауыр қасірет екенін мойындай келе оның қандай да бір қылмыстық әрекетпен байланысты емес екенін баса айтты.

2013 жылы шілде айында Ресей соты бұрын-соңды болмаған дәстүр шығарып, қайтыс болған Магнитскийге қатысты үкім кесті. Сот оны салық төлеуден жалтару қылмысы бойынша айыпты деп тапты. Бұған халықаралық қауымдастық наразылық білдірді.

«ҚАРА ТІЗІМ» ӨЗГЕ ЕЛДЕРДЕ ДЕ ЖАСАЛМАҚ

Магнитский заңы бойынша, АҚШ әкімшілігі жыл сайын конгреске «қара тізімге» енгізілген және тізімнен шығарылған адамдар жайлы түсініктеме беріп, есеп жариялап отыруға міндетті. Бұл құжат басқа елдерді де осы тақылеттес шаралар қолдануға үгіттеуді мақсат тұтады.

Өткен айда конгреске берілген есепте осы сияқты заңдар қабылдауға шақыру мақсатында АҚШ әкімшілігінің басқа елдердің үкіметтерімен жүргізген келіссөздері туралы да ақпарат бар. Бұл ақпарат жұртқа алғаш рет жарияланып отыр.

АҚШ мемлекеттік департаменті «басқа елдердің үкіметтерін де осындай санкциялар салуға үгіттеп, Еуропадағы депутаттармен, соның ішінде Еуропа Одағы (ЕО) парламенті депутаттарымен, ЕО-ға мүше елдердің депутаттарымен бірнеше кездесу өткізді» делінген аталмыш есепте.

«Кездесуге қатыстқандардың арасында Еуропаның 21 елінің депутаттары кірген, Сергей Магнитскийдің қазасына қатысты делінген адамдарға санкция салуды көздейтін комиссияның мүшелері де бар» делінген бұл құжатта.

Есептің Азаттық тілшісіне көрсетілмеген соңғы екі бетінде алғашқы «қара тізімге» енгізілген 18 адамның есімі және былтыр сәуірдің басында АҚШ қаржы департаменті жариялаған оларға қатысты ақпарат қайта жазылған дейді құжатпен танысып шыққан конгресс қызметкері.

15 қаңтарда Азаттыққа берген сұхбатында Макговерн «таяу уақытта Магнитский заңының орындалуына қатысты есепті талқылау үшін әкімшіліктің тиісті лауазымды қызметкерлерімен кездесу өткізуге талпынып жатқанын» айтты.

(Карл Шректің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG