Accessibility links

АҚШ-та Тәжаяқов ісінің тыңдауы басталады


Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқов федеральдық сотта тұр. Бостон, 1 мамыр 2013 жыл.
Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқов федеральдық сотта тұр. Бостон, 1 мамыр 2013 жыл.

Бостон марафоны кезіндегі жарылысты тексеруді адастырмақ болды деп айыпталған Қазақстан азаматына байланысты бірінші сот отырысында оның қорғаушылары мен айыптаушылары сөйлейді.

Шілденің 7-сі күні АҚШ-тағы Массачусетс штаты сотында қазақстандық бұрынғы студент Азамат Тәжаяқовтың ісіне байланысты тыңдау басталып, оның қорғаушылары мен айыптаушылары, одан соң куәгерлер сөйлейді.

Азамат Тәжаяқовқа байланысты сот процесі – 2013 жылы сәуірдің 15-інде Бостон марафоны кезінде болған, үш адамды мерт етіп, 260-тай адамды жаралаған жарылысқа қатысты істердің бірі. Терактіні ұйымдастырды деген басты күдік Қырғызстанда туып, АҚШ-та өскен Джохар Царнаевқа таңылған. Оның соты қарашада басталуы тиіс.

Тергеу мәліметінше, жарылыстан соң үш күннен кейін Джохар Царнаевтың Массачусетс университетінде танысқан қазақстандық достары – Азамат

Джохар және Тамерлан Царнаевтар марафон өткен маңда жүр. Бостон, 18 сәуір 2013 жыл.
Джохар және Тамерлан Царнаевтар марафон өткен маңда жүр. Бостон, 18 сәуір 2013 жыл.

Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев оның пиротехника салынған рюкзагы мен ноутбугінен құтылған.

20 жастағы Азамат Тәжаяқовқа тергеуге кедергі келтірмек болды деген айып тағылған. Прокуратура оған терактіге тікелей қатысты деген айып тақпайды. Соттағы жарыссөз екі-үш аптаға созылуы мүмкін.

Диас Қадырбаевқа байланысты қыркүйекте басталатын сот процесі бөлек өтеді. Тағылған айып дәлелденсе, олар 25 жылға дейін сотталуы мүмкін. Ол екеуі айыпты мойындамайды.

ПРОКУРОРҒА МАҢЫЗДЫ ІС

Саффолк университеті заң факультеті оқытушысы Кристофер Дирборнның айтуынша, бұл сот федеральдық прокурор үшін аса маңызды.

– Бұл – жеңілісі оларға саяси қауіп болатын іс, – дейді Дирборн Wall Street Journal басылымына.

Адвокаттарының бірінің сөзінше, Азамат Тәжаяқов айыпты жартылай мойындау туралы ұсыныстан бас тартып, өзінің айыпсыз екенін

Әмір Смағұлов.
Әмір Смағұлов.

мәлімдеген. Оның әкесі Әмір Смағұлов NBC жаңалықтар агенттігіне берген сұқбатында ұлының еш жазығы жоғын, ол күмәнсіз екенін айтқан.

Шілденің 3-інде АҚШ-тың өлкелік судьясы Дуглас Вудлок «Джохар Царнаев бомба жасауды білетінін марафоннан бір ай бұрын Азамат Тәжаяқовқа айтқан» деген мәліметті прокурорлар қолдана алатыны туралы қаулы шығарды.

Сот кезінде «ФБР-дің қарулы агенттері үйлерінен алып кетіп, бірнеше сағат бойы полицияда адвокатсыз тергеген кезде Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевтың айтқандары куәлікке жүре ме» деген маңызды мәселе де талқыланады.

Судья Дуглас Вудлок куәлік еріктерінен тыс берілген болса, сот процесі бұзылғанын хабарлап, ол куәлікті прокурорлардың кіріспе сөздерінде қолдануға рұқсат етпейтініне уәде берді.

АУЫР АЙЫП

Кейбір америкалық сарапшылардың пікірінше, АҚШ прокуратурасы ағайынды Царнаевтардың, олардың ойынша, Бостондағы жарылысқа тікелей қатысы жоқ достарына тым ауып айып тағып отыр.

Кристофер Дирборнның Associated Press ақпарат агенттігіне айтуынша, бұл прокуратураның қылмысқа қаншалықты қатал қарайтынын көрсету үшін жасалып жатыр. Ол терактіге қатысты істегі басты емес жауапкерлерге тағылған айыптарды жұртқа әсер ету амалы деп атады.

– Бұл айыптар «террористік актіні тексеру кезінде тергеуге өтірік айтуға хақыларың жоқ» деген белгі сияқты, – дейді Мидлсекс округының бұрынғы прокуроры Герри Леоне Associated Press агенттігіне.

Дирборнның айтуынша, Тәжаяқов ісінің ендігі ауаны алқа соттардың

Азамат Тәжаяқов (оң жақтан екінші) пен Диас Қадырбаев (оң жақ шетте) достарымен бірге.
Азамат Тәжаяқов (оң жақтан екінші) пен Диас Қадырбаев (оң жақ шетте) достарымен бірге.

қазақстандық студент тергеуге қасақана кедергі келтіргісі келгенін мойындау-мойындамауына байланысты.

Сотта Қадырбаевтың құрбысы Баян Күмісқали да Тәжаяқовқа қарсы куәлік бермек. Ол ФБР-дің Қадырбаев пен Тәжаяқовтар тұрған пәтерді тінткеніне қатысқан. Күмісқалиға сотта куәлік еткені үшін сотталушылар қатарына өтпесіне кепілдік берілген.

Тергеуге кедіргі келтірмек болды деген айып Царнаевтың тағы бір досына – Қырғызстанда туған 23 жастағы Хайрулложон Матановқа да тағылған. Оны айғақты жойды және тергеушіге әдейі жалған ақпарат берді деп айыптайды. Прокуратура дерегінше, Куинси қаласындағы (штат Массачусетс) такси жүргізуші Матанов Тамерлан мен Джохар Царнаевтарды жақсы білетіні, тіпті терактіден кейін бірнеше сағат өте олармен бірге түстенгенін жасырған. Оның қашан сотқа тартылары белгісіз.

Джохар Царнаевтың тағы бір досы, америкалық Робел Филлипоске де жалған куәлік берді деген айып тағылған. 16 жылға сотталу қаупі төніп тұрған, ол да Царнаевпен университетте танысқан Филлипос 100 мың доллар кепілге босатылған. Олардың ешбірі айыпты мойындамайды.

Айыптаушылардың пікірінше, 20 жастағы Джохар мен оның 26 жастағы ағасы Тамерлан Царнаевтар қолдан жасалған екі жарылғышты Бостон марафоны аяқталар тұсқа құрып қойған. Жарылыстан кейін үш күннен соң олар қаладан қашпақ болып, полициямен атыста Тамерлан оққа ұшқан. Джохар қазір қамауда отыр. Прокурорлар оған өлім жазасын сұрамақ.

XS
SM
MD
LG