Accessibility links

Президент Трамп FBI директорын отставкаға жіберді


АҚШ федералдық тергеу бюросының директоры бопып істеген Джеймс Коми.

АҚШ президенті Дональд Трамп Федералдық тергеу бюросының директоры Джеймс Комиді отставкаға жіберді. Бұл мекеме Трамптың сайлау штабы мүшелерінің Ресеймен байланысын тексеріп жатқан еді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Федералдық тергеу бюросының (Federal Bureau of Investigation - FBI) директоры 56 жастағы Джеймс Комиді қызметтен алу туралы шешім қабылдады деп мәлімдеді сейсенбіде Ақ үй баспасөз қызметі. Президент Трамп Комиге қатысты АҚШ бас прокуроры Джефф Сешнс пен оның орынбасары генерал Род Розенштайнның ұсынысын қабыл алған.

«Президент әділет министрі мен оның орынбасарының FBI басшысын қызметінен босатуға қатысты ұсынысымен келісті» деп мәлімдеді Ақ үй баспасөз хатшысы Шон Спайсер.

Трамптың FBI басшысына жолдаған хатында Комидің елдің жетекші құқық қорғау мекемесін «тиімді басқара алмайтыны» және «бюроға жаңа басшы қажеті» айтылған. «Сіз маған сыртымнан тергеліп жатпағаным жайлы үш рет хабарладыңыз. Мен мұныңызды жоғары бағалаймын, соған қарамастан әділет министрлігінің сіздің бюроны басқаруға қабілетті емес екендігіңіз жайлы пікірімен келісемін»деген Трамп хатында.

Президент әкімшілігі бюроға жаңа басшыны "дереу іздей бастайтыны" туралы хабарлаған.

FBI басшысын отставкаға жіберу туралы шешім қабылдауға Конгресте жуырда өткен тыңдауда бұрынғы мемлекеттік хатшы, өткен жылғы АҚШ президенті сайлауында Трамптың бәсекелесі болған демократиялық партия кандидаты Хиллари Клинтонның электронды хат алмасуына қатысты іс бойынша Джеймс Комидің жаңсақ ақпарат бергені себеп болғаны айтылады. Бұдан бір апта бұрын Конгрестегі тыңдауда Коми Клинтонның АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметін атқарған кезде хат-хабар алмасқанда арнайы қорғанысы жоқ жеке пошта жәшігін пайдаланғаны туралы іске байланысты FBI жүргізген тексеру жайлы есеп берген.

Бұған дейін Комидің өткен жылғы президент сайлауына санаулы күндер қалғанда Клинтонның хат-хабар алмасуына қатысты тексеру ісінде жаңа деректер анықталғаны туралы мәлімдемесіне (Клинтон оны сайлауда жеңілуіне негізгі екі себептің бірі ретінде атайды) қатты наразы болғандарына қарамастан Конгрестегі демократиялық партия өкілдері Трамптың Комиді қызметтен алу туралы шешімін сөгіп, оны сынаған

Сенатор Патрих Лихи осыдан бірнеше күн бұрын ғана АҚШ президенті сайлауында Трамптың жеңіске жетуіне Ресей көмектескен болуы мүмкін деген күдікке байланысты FBI тексеруі жалғасып жатқаны туралы Конгреске хабарлаған Джеймс Комидің отставкаға жіберілуін «Уотергейт» жанжалы өршіген шақта бас прокурорды қызметінен алған бұрынғы президент Ричард Никсонның шешіміне ұқсатқан. «Бұл никсоншылдықтан өзге ештеңе емес» деп мәлімдеген Лихи.

АҚШ сенатындағы демократтар лидері Чарльз Шумер.
АҚШ сенатындағы демократтар лидері Чарльз Шумер.

Сенаттағы демократтар лидері Чарльз Шумердің сөзінше, ол президент Трампқа Комиді жұмыстан шығарып «үлкен қателік» жасағанын айтқан.

Сенатор-демократ Ричард Дурбиннің мәлімдеуінше, Трамптың Джеймс Комиді қызметінен алу арқылы Ресейдің [АҚШ сайлауына] араласуын тексеру ісіне бөгет қоюды көздейтін кез-келген әрекеті «конституциялық мәселелердің қозғалуына» түрткі болмақ. Дурбин Трамп әкімшілігі FBI-ға жаңа жетекшісі тағайындағаннан кейін тексеруді жалғастыра бере ме, жоқ па – соған неғұрлым тезірек жауап беруі тиіс деп мәлімдеген.

Джеймс Коми қызметтен алынғаннан соң демократтар Конгреске өткен жылғы АҚШ президенті сайлауына Ресейдің араласқаны туралы ақпаратқа қатысты тексеру жүргізетін тәуелсіз арнайы прокурор тағайындау туралы ұсынысты тағы да жасаған. Демократтар тәуелсіз тергеу жүруін қамтамасыз ететін адамды тағайындауды Ақ үй әкімшілігіне сенуге болмайды деп санайды.

АҚШ сенаты қорғаныс комитетінің төрағасы, республикалық партия өкілі Джон Маккейн.
АҚШ сенаты қорғаныс комитетінің төрағасы, республикалық партия өкілі Джон Маккейн.

Сенаттың қорғаныс комитетінің төрағасы, республикалық партия өкілі Джон Маккейн Ресейдің араласуы туралы ақпаратқа қатысты тексеру жүргізу үшін «арнайы комитет» қажет дегенге келіседі. Бірақ Конгрестегі өзге республикашылдар негізінен Трамптың шешімін қолдап отыр. Республикалық партия лидері Митч Макконнел жақын уақытта Комидің орнына жаңа адам тағайындалады деп уәде етті.

FBI директоры 10 жыл мерзімге тағайындалады. Джеймс Комиді осыдан төрт жыл бұрын сол кездегі АҚШ президенті Барак Обама тағайындаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG