Accessibility links

Демократ өкілдер жеңісінің Трампқа әсері не?


АҚШ президенті Дональд Трамп Индиана штатында сөйлеп тұр. 5 қараша, 2018 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Индиана штатында сөйлеп тұр. 5 қараша, 2018 жыл.

Республикашылдар Конгрестің екі палатасында көпшілік болып отырғанның өзінде президент Дональд Трамптың кейбір саясатымен келіспей қалатын. Жаңа сайлауда демократтар Өкілдер палатасында көпшілікке айналған соң не болмақ?

АҚШ-тағы аралық сайлауда Конгрестің 435 орындық төменгі Өкілдер палатасында демократтар саяси басым күшке айналды. Ал 100 орындық Сенаттың 54 орнын республикашылдар иеленіп, үстемдігін сақтап қалуға жуық тұр. Бұл жолы Өкілдер палатасына жалпы саны 117 әйел (83 демократ, 12 республикашыл, 22 басқа топтардан) сайланды. Бұл - рекорд көрсеткіш. Республикашыл президент Трамп сайлау нәтижесі жарияланған соң жазған твитінде Өкілдер палатасындағы демократтардың жеңісі туралы айтпай, Сенаттағы республикашылдардың жеңісін ғана атап өтті.

Соңғы екі жыл ішінде президент Дональд Трамп АҚШ-тың сыртқы саясатын қатты өзгертіп, Вашингтонның дәстүрлі одақтастарын тіксіндіріп тастаған еді.

Демократтар қарашаның 6-сында өткен Конгресс сайлауында төменгі Өкілдер палатасында көпшілікке айналған соң сыртқы және ішкі саясат және өзгергелі тұр. АҚШ-тағы билік құрылымына сәйкес атқарушы тармақ - Ақ үйдің сыртқы саясатқа әсері күшті. Бірақ Конгресс мүшелері бюджетті басқаруға, яғни қандай да бір соғысқа, дипломатиялық шаралар мен барлау операцияларына қаржы бөлуге қатты ықпал етеді.

Өкілдер палатасындағы демократтар заң жобасын дайындауға, бюджетті бақылау мен заң шығаруға әсер етеді. Ресей мен Сауд Арабиясы сияқты елдерге қатысты қатаңырақ позиция ұстауды талап етуі мүмкін. Демократтардың Өкілдер палатасындағы жеңісі республикашылдардың Сенаттағы жеңісімен теңесіп тұр.



Брукингс институтындағы зерттеуші, кезінде халықаралық қатынастар бойынша журналист болған Марвин Кэлбтің сөзінше, бұл жағдайдан соң АҚШ-тың сыртқы саясаты тіпті түсініксіз болып кетуі де мүмкін.

- Жиналыс, тексеру мен кездесу көбейеді. Бұлар көбейген сайын президентке ұсынатын айқын контр-аргумент пен контр-стратегия азая түспек, - дейді Марвин Кэлб.

Бұрынғы мемлекет хатшысы Джон Керридің әкімшілік басшысы болған Дэвид Уейд сайлауға дейін былай деп жазды:

"Демократтар сыртқы саясатты анықтап алуға тиіс болады... Өзекті мәселелер бойынша ғаламдық трампизмге балама болатындай, сөйте тұра жаһанданудан мақұрым қалған Трампқа дауыс бергендерді өздеріне тарта алатындай әрекет етулері керек".

Көре отырыңыз: АҚШ-тағы аралық сайлаудың мәні мен мазмұны

Жаһан жаңалықтары 26.10.2018
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:51 0:00



Ұлыбританияның Ресей мен НАТО-дағы елшісі болған Ян Бонд АҚШ-тағы аралық сайлау Еуропа үшін Вашингтонның ендігі бет алысын көрсететін оқиға деп санайды.

- Лондон мен Брюссельде Еуропа мен Солтүстік Американың арасындағы ондаған жылға созылған тығыз трансатлант қарым-қатынастың өміршеңдігіне әлі де сенетіндер аралық сайлаудан кейін Американың еуропалық одақтастарын қадірлейтін және бұл қатынасты үзгісі келетін Трамптың іс-қимылын шектейтін Конгресс пайда болады деп сенеді, - деді Бонд.

Жаңа Конгресс сыртқы саясатта не өзгертуі мүмкін?

РЕСЕЙ

Республикашылдар Конгрестің қос палатасында көпшілік болып отырған кезде, 2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялап, Шығыс Украинада сепаратизмге дем берген соң Ресейге қатысты ортақ көзқарас ұстанған. 2017 жылы Ресейге санкция салатын CAATSA заңын екі палата бір ауыздан мақұлдаған.

Өкілдер палатасында демократтар үстем болған соң да Ресейге қатысты бұл ұстаным өзгере қоймайтын сияқты. Кремль саясатын қатты сынап келген, Ресейдегі қысымға ұшыраған адам құқықтарын қорғаушыларды қолдап жүрген өкіл Элиот Энгел төменгі палатаның Халықаралық қарым-қатынас комитетінің төрағасы болып сайланатын сияқты. Ресейдің және бір сыншысы Адам Смит Өкілдер палатасының Қорғаныс ісі бойынша комитетін басқаруға жуық тұр.

Элиот Энгел, АҚШ Конгресінің мүшесі
Элиот Энгел, АҚШ Конгресінің мүшесі

Сайлау алдында Сенаттағы республикашылдар мен демократтардың Мәскеуді қыспаққа алу стратегиясының бас үйлестірушісі саясаттан кеткен. Сенаттағы Халықаралық қарым-қатынас комитетінің төрағасы Боб Коркер зейнетке шыққан. Оның орнын комитеттегі ардагер сенатор Джим Риш баспақ. Риш - бұл лауазымнан үміткер және бір сенатор Марко Рубио сияқты емес, Ресейге қатаңырақ саясат ұстануды қолдай қоймайтын адам. Республикалық партия ішінде де президент сайлауында кандидатурасын ұсынған емес. Ал 2016 жылы Трамппен бәсекеге түскен Рубио 2020 жылы да Ақ үйге ұмтылатын сияқты.

Сенаттың Ресей билігін қатты сынап келген және бір мүшесі Джон Маккейн тамызда қайтыс болды. Қорғаныс істері комитетінің төрағасы ретінде Маккейн АҚШ-тың Еуропадағы қорғаныс саясатын қалыптастыруға, Ресейдің Украинадағы әрекетінен соң Вашингтонның осы аймақтағы әскери күштері мен одақтастарын нығайтуға ықпал етті.



Қазір бұл комитетті Джеймс Инхоф басқарып отыр, мұнан кейін де қала беретін сияқты. Республикашыл әріптестерімен бірге Ресейге санкция салу заңын қолдап шықса да Инхоф дәл Маккейн сияқты қатаң позиция ұстанбайды.

Сенатор болып қайта сайланған Роберт Менендес сияқты демократтар Ресейді қатты қыспаққа алып, Мәскеу үшін мемлекет қарызын қайтаруды қиындатуға күш салып келеді.

Жаңа Конгрестің Украинаға қатысты позициясы да қатты өзгере қоймас. Соңғы екі жылда Киевті АҚШ сенаторлары да, өкілдері де қолдап келеді. Өкілдер палатасында көпшілік болған демократтар Украина әскеріне қажетті қару-жарақ беру үшін қосымша қаржы бөлгізуге бейіл.

ИРАН

Трамп президент болып сайланған соң АҚШ-тың Иранға қатысты ұстанымы күрт өзгерді. Республикашыл Конгресс мүшелері мен президент кеңесшілері Барак Обаманың кезінде 2015 жылы Иранмен жасалған ядролық келісімге күдікпен қарайды.

Демократ Конгресс мүшелері қолдаған бұл келісімге әлемнің жетекші елдері қосылған. Иран ядролық бағдарламасын тоқтатып, Батыс елдері экономикалық санкцияларды алып тастаған.

Сенатор Том Коттон
Сенатор Том Коттон

Бірақ Трамп Иранға салынған санкцияларды қайта жандандырып, Тегеранды Таяу Шығыстағы қарулы қақтығысқа араласып отыр деп айыптаған. Демократтар Өкілдер палатасында көпшілік болса да экономикалық және саяси санкция салу өкілеті бар Ақ үй Иранды қыспаққа алуын жалғастыра бермек. Бірақ төменгі палата мұндай шешімге қатысты Ақ үй өкілдерін анық уәж келтіру үшін шақырып алып, тыңдау ұйымдастыра алады.

Бұған дейін Конгресс Иранды CAATSA санкция салу заңына енгізіп, Том Коттон сияқты сенаторлар одан да қатаң шара қолдануды сұрап келген. Бірақ кез келген соғысты қаржыландыруға қарсы Рэнд Пол мен Майк Ли сияқты республикашыл сенаторлар да бар.

АҚ ҮЙ мен САУД ОТБАСЫ

Аймақтағы геосаясатта маңызды рөл атқаратын және әлемдік мұнай бағасының тұрақтылығына әсері бар Сауд Арабиясы АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең жақын мұсылман одақтасы болып саналады.

Бірақ екі елдің арасы сауд ханзадасы Мұхаммед бин Салманды сынап келген журналист Джамал Хашоггидің өлімінен соң суыңқырап кетті. Хашогги АҚШ-та заңды түрде тұрып жатқан еді. Оны қазанның 2-сінде Стамбулдағы Сауд Арабиясының консулдығында саудиялық бір топ агент өлтірді деп хабарланған. Трамптан республикашылар да, демократтар да Эр-Риядқа шара қолдануды талап еткен. Өткен айда екі партиядан шыққан 20 сенатор Ақ үйге хат жазып, Хашоггидің өліміне қатысты күдікке ілінген саудиялық тұлғаларға санкция салуға шақырған.

Джаред Кушнер
Джаред Кушнер

Трамптың Таяу Шығыс пен Сауд Арабиясына қатысты сыртқы саясатын күйеу баласы Джаред Кушнер үйлестіріп келген. Өкілдер палатасы Хашоггиді өлтіргендерді жазалап қана қоймай, журналист пен сауд патшасы отбасының қарым-қатынасын тексеруді де сұрайды.

Сауд Арабиясы көршілес Йеменде АҚШ-тың әскери әуе көліктерін пайдаланып Иран қолдайтын хусит көтерілісшілерді тынбай бомбалап жатыр. Бұл елдегі ахуал гуманитарлық апатқа айналуға шақ тұр. Энгел сияқты жетекші Конгресс мүшелері сауд патшалығымен қатынасты шектеуді қалайды.

Енді демократтар басым болған Өкілдер палатасы Эр-Риядты жазалау үшін біраз амалға бармақ. Қару-жарақ саудасын тоқтатып, атом қуатын өндіру өтінішіне қарсы шығуы мүмкін.

Қазанның 31-інде АҚШ мемлекет хатшысы Майк Помпео мен қорғаныс министрі Джим Мэттис Йеменде оқ атуды тоқтатуға үндеген.

МЮЛЛЕР ФАКТОРЫ

Ресейдің АҚШ-та 2016 жылы өткен президент сайлауына араласу әрекетін тексеру бойынша құрылған Роберт Мюллер басқаратын арнайы комиссияның жұмысы Трамп әкімшілігін үнемі алаңдататын жайтқа айналып тұр. Мюллер 2016 жылғы сайлау басталардан төрт ай бұрын ФБР бастаған тексеру ісін іліп әкеткен. Комиссияның жұмысы Трамптың қитығына тиіп келеді.

Қазіргі дейін Мюллер тобы тергеген жеті лауазымды тұлға кінәсін мойындап, қамауға түсті, 26 адам мен үш ресейлік компанияға айып тағылды.

Өкілдер палатасындағы республикашылдар Мюллердің тексерісіне кедергі келтірмеген. Бірнеше республикашыл Мюллердің тобында бұрын демократ кандидаттарға демеуші болған, Трампқа қарсы адамдар бар деп мәлімдеме жасаған.

Роберт Мюллер
Роберт Мюллер

Өкілдер палатасының республикашылдары өздері жеке құрған Барлау комитетінің тексеру тобы жұмысын наурызда қорытындылап, Трамптың сайлау штабы мен Ресей өкілдерінің арасында ымыраласу болған жоқ деп хабарлаған. Демократтар бұл қорытындыға бойкот жариялаған. Бұл жағдай Өкілдер палатасындағы билік демократтардың қолына көшкен соң күрт өзгермек.

Төменгі палатадағы Барлау комитетін Адам Шиф басқармақ. Көптеген демократ өкіл Ресейдің сайлауға араласуы туралы мәліметтерді жан-жақты тексеруге құлықты. Сенаттағы Барлау комитетін басқаруға жуық тұрған кандидаттың бірі - демократ Марк Уорнер.

Жаңа Конгрестің президентке қатысты ұстанымы алдағы апталарда-ақ сынға түседі. Трамп Әділет министрі Джефф Сешнсті Мюллер комиссиясының жұмысына араласпай қойғаны үшін қызметтен қуатыны туралы белгі берген. Сешнс жұмыстан кетсе, Мюллердің тексеруін қадағалайтын әділет вице-министрі Род Розенстайнға да қауіп төнеді.

Ал Трамп Мюллерді тексеру тобының жетекшілігінен кетіруге күш салса, Өкілдер палатасында саяси басым күшке айналған демократтар президентке импичмент жариялауға кірісуі әбден ықтимал.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG