Обама ИШИМ-ді талқандау стратегиясын жариялады
Сәрсенбі күні кешкісін АҚШ президенті Барак Обама америкалықтарға телеарна арқылы үндеу жолдап, радикалдық-исламшыл ИШИМ тобын талқандауға қатысты стратегиясын жариялады. Обама АҚШ ұзақ мерзімді терроризмге қарсы стратегия түзу арқылы ИШИМ-ді талқандайтын коалицияға жетекшілік ететінін мәлімдеді. Бұл стратегия бойынша ИШИМ-нің Сирия мен Ирактағы орналасқан жерлеріне әуеден соққылар жасалмақшы, Ирак армиясы күшейтіліп, күрд бөлімшелері мен Сирия оппозициясына жәрдем берілмек, контртеррористік операциялар ұйымдастырылып, ИШИМ-нің қаржы көздері оқшауландырылмақ. АҚШ осы аймақтағы террористік ұйымдардың құрбанына айналған бейбіт халыққа гуманитарлық көмек көрсетпек. АҚШ президенті ИШИМ-мен бірге күресетін одақтастары ретінде Ирак пен Сириядағы исламшыл содырлардың қарсыластарына гуманитарлық және әскери көмек беріп жатқан еуропалық және таяу шығыстық елдерді атады. Барак Обама ИШИМ-ге қарсы операциялардың Ирак пен Ауғанстандағы кампаниялардан мүлдем бөлек болатынын айтты. АҚШ әскерилері жердегі ұрыстарға тікелей қатыспайды, тек әуеден соққы беріп, ИШИМ-мен күресушілерге жәрдемдеседі. АҚШ президенті терроризм қатерін сейілту үшін өз елінің әлемде жетекші рөл ойнайтынын айтты.