Accessibility links

Усть-Лугадағы жанжал: үш қазақстандыққа қатысты тергеу жүріп жатыр

Ресейдің Усть-Луга қаласындағы жұмысшылар кентінде болған жанжал туралы видеолар скриншотынан жасалған коллаж.
Ресейдің Усть-Луга қаласындағы жұмысшылар кентінде болған жанжал туралы видеолар скриншотынан жасалған коллаж.

2026 жылғы 26 наурызда Ресейдің Ленинград облысы Усть-Луга вахталық кентіндегі "Велестрой" компаниясына тиесілі нысанда болған "тұрмыстық сипаттағы" жанжалға қатысқаны үшін ұсталып, 10 күнге әкімшілік қамауға алынғандар арасында Қазақстан азаматтары да бар. Және тағы үш қазақстандыққа қатысты Ресей құқық қорғау органындары тергеу жүргізіп жатыр. Мұндай ақпаратты 30 наурыз күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігі жариялады.

Министрлік ақпаратында әкімшілік қамауға алынғандар арасында неше қазақстандық бары, олардың және тергеуге алынғандардың аты-жөні мен өзге де деректері жазылмаған. Алдын ала дерекке сай, Ресей полициясы "Бұзақылық" және "Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру не жою" баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығы қызметкерлері 28 наурызда Усть-Лугадағы вахталық кентте жұмыс істейтін қазақстандықтармен, оның ішінде тұрмыстық жанжал нәтижесінде ұсталған азаматтармен кездескен.

"Мәлім болғандай, бастапқыда тәртіпсіздіктерге бірнеше жүз адам қатысқан. Оқиғадан кейін әртүрлі елдердің 30-дан астам азаматы ұсталды. Алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін ұсталғандардың басым бөлігі босатылды. Бірқатар тұлғаларға, оның ішінде Қазақстан азаматтарына қатысты 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы сот шешімдері қабылданды. Тағы үш ҚР азаматына қатысты тергеу жүргізілуде", деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Ақпаратта Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккен немесе медициналық көмекке мұқтаж тұлғалар жоқ екендігі және қазақстандықтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқаны жазылған.

Ленинград облысындағы жұмысшылар қалашығында тұрып жатқан қазақстандықтардың бірі бұған дейін Азаттыққа 26 наурызда болған оқиғадан кемінде екі қазақстандық қатты зардап шеккенін айтты. Қысымға ұшырауы мүмкін екенін айтып аты-жөнін атағысы келмеген ол жанжалға қатысқан бір тараптың адамдары мінген көлік қағып жарақаттаған екі жұмысшы ауыр жараланғанын, бірі ес-түссіз жатқанын жеткізді. Ол жанжалдан кейін ондаған адам ұсталғанын, полиция сылбыр қимылдап жатқанын айтты.

Masa.media сайты кейбір қазақстандықтар жанжал болған Усть-Луга портында жұмыс істеп жүрген туыстарымен хабарласа алмай қалғанын айтып, олардың тағдырына қатты алаңдап отырғанын жазған.

"Велесстрой" компаниясы – мұнай-газ, электр энергетикасы кешені, өнеркәсіп пен азаматтық құрылыс саласына маманданған ірі ресейлік құрылыс мердігері. Компанияның ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, Ресейдегі барлық 120 нысанда шамамен 30 мың адам жұмыс істейді.

Кейінгі күндері Украина күштері Балтық теңізіндегі ресейлік ірі мұнай құю порттары – Усть-Луга мен Приморскіге бірнеше рет шабуыл жасаған. Екі жағдайда да өрт шығып, Ресейге айтарлықтай зиян келген.

XS
SM
MD
LG