Accessibility links

Шавкат Мирзияев қайта сайланды. Өзбек жұртын енді не күтіп тұр?


Өзбек президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбек президенті Шавкат Мирзияев.

Өзбекстанда президент сайлауы өтіп, Шавкат Мирзияев екінші мерзімге сайланды. Оның бұл жеңісі ешкімді таң қалдыра қоймады. Өзін "реформатор" етіп көрсететін, бірақ бірінші мерзімдегі сайлауалды уәделерін әлі орындамаған президент енді не істейді?

Мирзияев жеңіске оңай жеткенімен, бұл жолы сайлаушылардың қатысу деңгейі де, жеңімпаздың жиған дауысы да 2016 жылғыдан төмен болды. Бес жыл бұрын сайлаушылардың 87,7 пайызы дауыс берсе, бұл жолы өз таңдауын жасағандар 80,4 пайыз болды. Алдыңғы сайлауда Мирзияев 90,29 пайыз дауыс алса, бұл жолы 80,1 пайыз алды.

Сайлау алдындағы айларда Шавкат Мирзияев өзі айтқандай "реформаторға" ұқсамады. Оның билігі Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың авторитар саясатын еске түсірді.

Президенттіктің екінші мерзімі бастала сала Мирзияевтың "реформатор" ретіндегі рөлі назарда болмақ. Ол президент болып енді сайланғанда, өзін осылай атаған еді.

Мирзияев президент болғалы оппозициялық партиялардың құрылуына, олардың сайлауға қатысуына қарсы емесін бірнеше рет айтқан. Бірақ биыл кандидат ұсынғысы келген үш партия да сайлауға тіркеле алмады. Олар саяси науқанға қатысатынын айтқан соң қысым көре бастаған.

Мирзияев биылғы сайлауға дейін де, 2019 жылғы шілдеде өткен парламент сайлауы кезінде де тәуелсіз кандидаттардың сайлауға түсуіне тыйым салатын заңның күшін жоймады. Бұл құжат 2008 жылы қабылданған еді.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро бақылаушылары алдын ала баяндама жариялады. Онда 24 қазанда Өзбекстанда өткен сайлау "нағыз плюрализмге әкелмегені", "негізгі бостандықтар мен [сайлауға] түсу құқығын шектеу ЕҚЫҰ міндеттемесіне қайшы келетіні" жазылған.

Мирзияев отбасымен бірге сайлау учаскесінде. Ташкент, 24 қазан 2021 жыл.
Мирзияев отбасымен бірге сайлау учаскесінде. Ташкент, 24 қазан 2021 жыл.

Биыл сайлауға қатысқан бес кандидаттың ішінде ең танымалы да Шавкат Мирзияев болды. Гомосексуалдарды елден қуып, шетелден келетін ақша аударымына салық салу керегін айтқан Әлішер Қадыров та көзге түсті. Бір қызығы, сайлау қорытындысы бойынша Өзбекстан халықтық-демократиялық партия кандидаты Максуда Борисова 6,6 пайыз дауыспен екінші орында тұр. Ол сайлауға түскен жалғыз әйел кандидат болды.

Шетелде жұмыс істеп жүрген, дауыс беру құқығы бар жүздеген мың мигрант қалған үш кандидатты – Бахром Абдухалимов ("Адолат" партиясы), Назрулло Обломурадов ("Экология партиясы"), Максуда Борисованы (Өзбекстан халық-демократиялық партиясы) білмейтінін айтқан.

Шавкат Мирзияев "жаңа" Өзбекстан құруға ұран тастағанымен, оның жеңісі Ислам Каримовтың қайта сайлана беретініне көбірек ұқсады.

ЕНДІ НЕ БОЛАДЫ?

Шавкат Мирзияев халықтың проблемасын түсінетін, оның өмірін жақсартуға тырысатын дос секілді кейіп танытты. Бұл оның танымал болуына әсер етті.

Каримовтан кейін халыққа үміт ұялату үшін осының өзі жеткілікті еді. Себебі Ислам Каримов көбіне халықтың мүшкіл жағдайына немқұрайлы қарап, олардың шағымына ызаланатындай көрінетін.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов. 2016 жылы қайтыс болып, 2003 жылдан бері премьер-министр болып келген Шавкат Мирзияев билікке келді.
Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов. 2016 жылы қайтыс болып, 2003 жылдан бері премьер-министр болып келген Шавкат Мирзияев билікке келді.

Бірақ Мирзияевтың "реформатор" бейнесі бұлыңғырланып барады.

Ол билікте болған алғашқы бес жылда өте көп уәде берді. Тіпті, біршама уәдесін орындамағанына да қарамай, биылғы сайлауалды науқанда да тартынып қалмады.

Оның ендігі ең негізгі міндеттерінің бірі "мешіт пен мемлекеттің" тепе-теңдігін сақтап қалу болмақ.

Көзі тірісінде Каримов мыңдаған мұсылманды діншілдігі үшін қамаған. Ол қайтыс болған соң, оның орнына келген Мирзияев экс-президенттің бұл саясатын сынға алып, оларды босатуды бұйырды. Онымен шектелмей, шетелдегі экстремистік топтарға қосылғандарды "адасқандар" деп атап, жасаған ісіне өкінетін болса, елге оралғанда жазаламайтынын мәлімдеді.

2003-2016 жылдары премьер-министр болған Мирзияевтың да мұсылмандарды басып-жаншуға қатысы бар болғандықтан, ол осының бәрінде Каримовтың атын атамауға тырысып бақты.

Мирзияев қоғамдық орындарда хиджаб киюге тыйым салатын заңның күшін жойды. Осылайша биліктің діни төзімділігін көрсетпек болған ол ықпалды мұсылмандардың қолдауына ие болды. Бірақ мұның өтемі ауыр болуы мүмкін.

Мәселен, Ташкенттегі ислам өркениеті орталығында жұмыс істейтін ол Аброр Әбдуазимов Леонардо да Винчи, Рембрандт секілді суретшілердің еңбектері жайлы жазып, олардың өзбектерге "жат" екенін айтқан.

Әбдуазимов секілді азаматтар Өзбекстанды басқаруда исламға басымдық беру керегін айтқан. Үкімет бұл сөздерді елемеген.

Әбдуазимов секілділердің мұндай ұсыныстары Мирзияевтың заманауи Өзбекстан жайлы ойына қайшы келетінге ұқсайды. Қазір оның елдегі консервативті ислам топтарына деген ұстанымы сынға түсіп жатыр.

Ауғанстанды "Талибан" қозғалысы басып алған соң, Өзбекстан үшін бәсекелес басқару моделі пайда болды. Кейінгі апталарда Өзбекстан қауіпсіздік күштері күмәнді исламшыл адамдарды ұстап жатқаны хабарланды.

Мирзияев радикал топтарды билікке төнген қауіп көрген сайын, консервативті исламшылдардың қарсылығына тап бола береді. Президент ұстамды саясаты арқылы олардың қолдауына ие бола білді, бірақ бұл оларды жігерлендіре түсіп, олар енді елді қалай басқару керегін айта бастады.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ МҮДДЕ

Мирзияев президент болған соң экономикаға басымдық беретінін айтып, осы салада біршама жетістікке жетті: шетел инвестициясына жол ашты, саяси тұтқындарды босатты, ұлттық валютаның ресми бағамын төмендетуге рұқсат берді. Сөйтіп, батыс компаниялары мен үкіметтерінің назарына ілікті.

Бірақ ол Өзбекстаның сыртқы қарызын 5 жылда 36 миллиад долларға жеткізді. Мирзияев билікке келмей тұрғанда Өзбекстанның сыртқы қарызы болмашы еді.

Бұл қаражаттың көбі қалалардағы жаңа ғимараттардың құрылысына жұмсалғаны айтылып жүр. Ал халыққа негізінен инфрақұрылым жобаралының жүзеге асқаны керек.

Жобалардың тендеріне қатысты алаңдаушылық пен қаражаттың көбі Мирзияның жақындарының қалтасына кетті ме деген күмән да артып жатыр.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ПРОБЛЕМАЛАР

Ташкент пен басқа да қалалардағы ғимараттарға өң кіргенімен, газ құбыры мен электр желісі нашарлап барады. Былтыр қыста елдегі жылу мен жарық желісі үлкен проблема туғызған еді.

Мирзияев халық жылу мен жарықтан үнемі қол үзбеуі үшін жаңа электр станциясын салуға уәде берген. Бірақ елдегі желілерді толық жөндеп, жаңа станция салу үшін миллиардтаған доллар қажет.

Мирзияев табиғи газ экспортын тоқтатып, оны халыққа жіберуді екінші жыл қатарынан бұйырып келеді. Бұл былтыр болған энергетика проблемаларын толық шешпеді, алдағы қыста немесе кейін де шеше қоюы неғайбыл.

Егер осы проблемалар шешілмесе, екінші мерзімге келетін Мирзияевтың рейтингі түсіп кетуі ықтимал.

Газ экспортының тоқтауы мемлекеттік кірістің бірнеше милилард долларға азаюына әкеліп, шетелден қарыз алу қажетін арттырады.

Алдағы бес жылдағы тағы бір маңызды фактордың бірі Мирзияев айналасындағылардың билік пен байлықты қаншалық иемденетіні болмақ.

Ташкент әкімі Жахангир Артықхожаев, Мирзияевтың күйеу балалары Ойбек Тұрсынов, Отабек Шаханов да президентпен жақындығының пайдасын көріп отыр. Олар Мирзияевтың қызметтен кеткенін қаламайды.

Бұл Мирзияевтың екінші мерзімі аяқталған соң да биліктен кетпеуіне әкелуі мүмкін. Конституция бойынша Өзбекстанда президент екі мерзімнен артық сайлана алмайды.

Ендігі бес жылда Өзбекстанда "Мирзияев отставкаға кете ме, әлде орнына адам қалдыра ма? Конституцияны өзгерте ме, әлде заңды елеп-ескермей ме?" деген сұрақтар туындайды.

Өзбекстан халқы мен халықаралық қауымдастық билік сайлау арқылы ауыспайтынын түсінді. Бұл 24 қазанда өткен сайлауда да байқалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG