Accessibility links

Тәліптер дос па, қас па? "Талибанға" жылы қабақ танытқан Өзбекстан өз аумағында исламшыл топтарды қыса бастады


Өзбекстан қауіпсіздік қызметі "Ислам мемлекетіне" қатысы бар деген азаматын еліне әкеліп отыр.
Өзбекстан қауіпсіздік қызметі "Ислам мемлекетіне" қатысы бар деген азаматын еліне әкеліп отыр.

Ауғанстанда тәліптердің билікке келуі Орталық Азия елдерін қауіпсіздік мәселесіне алаңдатып қойды. Өйткені азаматтары "Талибан" қозғалысына кіріп жатыр. Билік олардан өз елінде жиһад жасай ма деп күдіктенеді. Ташкент оның алдын алуға кірісіп кеткендей.

Ауғанстанда тәліптер билікке келгенде, Орталық Азия елдерінің бірі Өзбекстан "Талибан" үкіметімен жылы қарым-қатынас орнатты. Себебі Ауғанстан арқылы өтетін сауда жолын сақтап қалғысы келді.

Бірақ Ташкент сөйте тұра "Талибанның" билікке келуі Өзбекстандағы діни радикал топтарды жігерлендіреді деп қауіптеніп, шара қабылдауға көшті.

Азаттық радиосының Өзбек қызметі 10 қыркүйекте Ташкент қаласы мен Ташкент облысында "Хизб-ут-тахрир" діни экстремистік ұйымының идеяларын насихатты деп күдікке ілінген 29 әйел ұсталғанын хабарлады. 17 қыркүйекте құқық қорғау органдары Ташкентте аталған ұйымды интернет арқылы насихаттаған 12 адамды қамауға алды.

"Хизб-ут-Тахрир" ­– Лондонда орналасқан, мұсылман елдерін ислам халифатына біріктіргісі келетін ұйым. Топ осы мақсатқа жету үшін бейбіт жолды таңдайтынын айтып келеді.

Өзбекстан құқық қорғау органдары "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының мүшесі, Сирияда соғысып жүрген азаматын елге алып келгенін хабарлады.
Өзбекстан құқық қорғау органдары "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының мүшесі, Сирияда соғысып жүрген азаматын елге алып келгенін хабарлады.

Қазанның басында Қырғызстанның оңтүстігіндегі Қызыл-Қия қаласында "Хизб-ут-Тахрир" тобының "лидері" саналатын алты адам ұсталды. 4 қарашада Қырғызстанның оңтүстігінде топтың тағы бір лидері, Өзбекстан азаматы қамауға алынды.

Қазанның басында Азаттық радиосы Өзбекстан ішкі істер министрлігінде істейтін шенеунікпен сұхбаттасты. Ол кейінгі жылдары исламшыл радикалдардың көбі бақылауда болғанымен, 2016 жылы Шавкат Мирзияев билікке келгелі мұндай топтарға қарсы рейдтер мен арнайы операциялар мүлдем жүргізілмеді дейді.

Оның сөзінше, қазір бұл саясат өзгеріп, қыркүйекте 200-ге жуық адам ұсталған. Олардың көбі – "Хизб-ут-Тахрир" мүшесі.

Бірақ Өзбекстанда қамауда отырғандар тек осы ұйым мүшелері емес.

9 қарашада мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Сырдария уәлаятында "жиһадшыларды" ұстады.

Хабарламада топтың аты мен онда қанша адам бары айтылмаған. Тек лидердің аты-жөні "Б.Т." деп көрсетіліп, оның Хавас аймағында тұрғаны, топ мүшелері жиһадқа шақырған материалдарды желіде жариялағаны айтылған. Топ лидерінің терроршыл топқа қосылу үшін Сирияға баратыны жазылған.

8 қарашада қауіпсіздік қызметі Орталық Азия елдерінің бірінен Сирияға бармақ болған күдіктіні Өзбекстанға әкелген.

"С.С" деп көрсетілген адам өзбек жиһадшыларынан құралған, "Әл-Таухид уәл-Жиһад" тобының мүшесі болған. Сирияның солтүстік-батысында шоғырланған топ сонда "Әл-Қаидаға" кіретін "Жабхат әл-Нусра" тобымен одақта болған.

"С.С" 2018 жылы Телеграм топ құрып, жиһадқа шақыратын экстремистік топтарды насихаттағаны үшін ұсталған.

30 қазанда қауіпсіздік қызметі "И.О" деген адамды елге қайтарғанын хабарлады. Бірақ оның қай жақтан қайтарылғанын нақты айтылмады.

"И.О." "Ислам мемлекеті" тобына кіріп, 2015-2021 жылдары Сирия мен Иракта соғысты деп айыпталды. Қауіпсіздік қызметі қыркүйекте оның Орталық Азия елдерінің біріне террорлық шабуыл жасау үшін келгенін мәлімдеді. Бірақ оның қай елде болғаны айтылмады.

Өзбекстан билігінің терроршыларды іздеуді тоқтатпағанының белгісі ретінде қауіпсіздік қызметі қыркүйекте тағы бір адамды ұстағанын хабарлап, оның 1999 жылғы ақпанда Ташкентте адам өліміне әкелген жарылысқа қатысы бар деген күдікке ілінгенін айтты.

Қауіпсіздік қызметі "Ю.Ж" деп көрсетілген адамның Шешенстанда дайындықтан өткенін, "Түркістан ислам қозғалысының" мүшесі екенін мәлімдеді.

Өзбекстан билігі авторитар президент Ислам Каримовтың кезінде діни сеніміне бола ұсталған мұсылмандарды босатып, жақсы баға алды.

Бірақ босатылғандардың көбі бақылауда болған. Ішкі істер министрлігіндегі Азаттық радиосы сөйлескен дереккөз мұны растағандай болды. Ол "[Жуырда ұсталғандардың] көбі [қара тізімге еніп], түрмеде жазасын өтегендер" деді.

Өзбекстан үкіметінің тәліптерге достық пейіл танытатындай себебі бар. Бірақ Ташкентке тәліптердің ел ішіне ықпал еткені керек емес. Өзбекстан лауазымды тұлғалары осыған алаңдаған сайын "күдікті" исламшыл топтардың мүшесін қамау жиілей бермек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG