Accessibility links

Сириядағы «Әл-Қаидаға» қосылмақ болған өзбектер тұтқындалды


«Жаннат ошиқлари» («Таухид әл-Жиход» - TWJ) ұйымының жетекшісі Әбу Салох.
«Жаннат ошиқлари» («Таухид әл-Жиход» - TWJ) ұйымының жетекшісі Әбу Салох.

Өзбекстан астанасы Ташкентте тұтқындалған өзбек азаматтары Сириядағы содырлар тобына қосылмақ болған. Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметіне (ҰҚҚ) қатысы бар сайт осылай деп жазады.

Қауіпсіздік қызметі өкілі 12news.uz сайтына «топ мүшелері (сандары анықталмады) Сириядағы «Жаннат ошиқлари» (Жәннатқа ғашықтар) ұйымына қосылмақ болған» деген. «Жаннат ошиқлари» ұйымының тағы бір атауы «Таухид әл-Жиход» (TWJ). Бұл топ Алеппо провинциясында құрылған, өзбектер басқарады. Жақында бұл ұйым «Әл-Қаидаға» адал болуға ант берді.

«ӘЛ-ҚАИДАҒА» АНТ БЕРГЕН

TWJ содырлар ұйымына қосылмақ болғандардың ұсталғаны жөніндегі ақпараттарда олардың Өзбекстаннан өздеріне адам қосуға «қатты күш салғаны» айтылады.

TWJ Сириядағы іс-әрекеттерін насихаттап, түрлі айламен жұмыс жасайды. Топтың екі сайты мен Facebook парақшасы бар, YouTube арнасына кәсіби тұрғыда түсірілген видеолар салып отырады. Оларда TWJ содырларының соғысқан сәттері мен топ басшысы Әбу Салохтің уағыздары жарияланған.

Ал Әбу Салохтің YouTube сайтында өз арнасы бар, оған ол көбіне өзбек тілінде аудио хабарлар, «жиһадтың» түрлі қырлары туралы ұзақ уағыздарын жариялайды. «Күмәндар соғысы» деп аталатын жақында жариялаған «хабарында» ол кейбір мұсылмандардың «жиһад» ұғымына күмәнмен қарайтынын сөгеді.

«Жаннат ошиқлари» («Таухид әл-Жиход» - TWJ) содырлар тобының жетекшісі Әбу Салохтің YouTube желісіндегі парақшасының скриншоты.
«Жаннат ошиқлари» («Таухид әл-Жиход» - TWJ) содырлар тобының жетекшісі Әбу Салохтің YouTube желісіндегі парақшасының скриншоты.

Қазанның 19-ы күні TWJ содырлары Telegram қауіпсіз хабар алмасу желісіне тіркелді. Топтың барлық үгіт-насихаты өзбек тілінде жүреді, соның өзі TWJ тобының өзбек тілді аудиторияны ғана нысанаға алғанын көрсетеді. Мәселен, кейбір шешен топтары шешен тіліндегі үгіт видеолары астына орыс тілінде субтитр салып, аудиториясын кеңейтуге тырысатын еді.

TWJ содырлар тобының бұрын Twitter және «ВКонтакте» әлеуметтік желілерінде аккаунттары болған, кейін олар жабылып қалды. Бұл топ (TWJ-ді айтады - ред.) - «Әл-Қаиданың» Сириядағы филиалы «Әл-Нусраға» адал болуға қыркүйекте ант берген шетелдік әсіредіншілдер ұйымының бірі. «Әл-Нусраға» қосылар алдында TWJ содырлары бұл ұйыммен одақтас болып, Алеппо және Идлиб провинцияларында бірге соғысқан еді.

TWJ содырлар тобының «Әл-Қаида» террористік ұйымына адал болуға ант беруі бұл топтың сенімі мен ниетінен, «жиһадшылар әлеміндегі» байланыстарынан хабар береді. TWJ-ның «әл-Нусраға» адал болатыны туралы баяндаған видеода топ басшысы Әбу Салох «TWJ «Әл-Қаиданың» басшысы Айман әл-Завахириге тікелей бағынады» деп мәлімдеді.

«Завахири бізге «келесі соғыс Дамаскіде болады» деп уәде етті, бұдан соң бірден Палестинаға барамыз» дейді Әбу Салох. Ол «Әл-Қаидаға» адал болуға ант берер алдында осы ұйым идеологы Әбу Қатада әл-Филистиниден кеңес сұрағанын айтады. Әбу Қатада олардың «бұл әрекеті тек жақсылық әкелетінін айтқан».

ҚЫРҒЫЗСТАНМЕН БАЙЛАНЫСЫ БАР МА?

12news.uz ақпаратында күдікті өзбектердің Қырғызстанмен байланысы бар екені айтылады, бірақ бұл мәселенің жай-жапсары анық жазылмаған. Қырғызстан үкіметі «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырлар ұйымы, «әл-Нусра майданы» (әл-Нусра) тобы, «Таухид әл-Жиход» (TWJ) тобына да тыйым салған. Наурыз айында қырғыз билігі тағы бір өзбек тобы «Имам әл Бұхари жамағатын» да экстремистік ұйым деп таныды.

Бұл тыйымға қарап Қырғызстанның TWJ тобын республика аумағында әрекет етеді деп санайтынын байқаймыз. Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) наурыз айында «Сириядағы содырларға қосылған Қырғызстан азаматтарының 80 пайызы – өзбектер» деп мәлімдеген еді.

Сириядағы "Әл-Қаида" ұйымына Қырғызстаннан барып қосылған, Алеппо қаласында қаза тапқан өзбек азаматының суреті.
Сириядағы "Әл-Қаида" ұйымына Қырғызстаннан барып қосылған, Алеппо қаласында қаза тапқан өзбек азаматының суреті.

​Өзбек ҰҚҚ өкілі де 12news.uz сайтына «қолға түскен адамдардың «Хизб ут-Тахрир» ұйымына қатысы бар Абдулазиз Рахимовпен байланыстары болғанын» айтқан. «Хизб ут-Тахрирге» Орталық Азия (ОА) елдері мен Ресей де тыйым салған болатын. Дереккөз «Рахимов «Хизб ут-Тахрир» мен «Таухид әл-Жиход» (TWJ) арасындағы байланысты күшейтуге ықпал еткен» дейді.

«Рахимов Өзбекстанда «халифат» құру жолдары мен амалдары жайлы жиындар өткізген, ортағасырлық қоғам белгілері орнайтыны туралы айтқан» дейді ол.

Өзбекстан мен басқа ОА елдерінің билігі бұрыннан «Әл-Қаида» мен ИМ содырларының Сирия мен Ирактағы соғысқа адам тартуына «Хизб ут-Тахрир» да жәрдемдесіп отыр» деп санайтын.

Дегенмен, бұл жағдайда өзбекстандық ҰҚҚ өкілі «Хизб ут-Тахрир» мүшесі «Таухид әл-Жиход» (TWJ) қатарына өзбектерді қосуға тікелей араласқан» дейді. Лондонда құрылған сунниттік саяси ұйым «Хизб ут-Тахрир» «барлық елдегі мұсылмандарды ислам «халифатына» біріктіруді» көздейді, олар өз ұйымдарын «бейбіт қозғалыс» деп санайды.

Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG