Accessibility links

Өзбекстан ШЫҰ жаттығуынан тағы бас тартты


ШЫҰ-ның әскери жаттығуы кезінде қойылған макет. Қазақстан, Мәтібұлақ, 24 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет).
ШЫҰ-ның әскери жаттығуы кезінде қойылған макет. Қазақстан, Мәтібұлақ, 24 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет).

Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің кезекті бірлескен әскери жаттығуына Өзбекстан тағы да қатыспайтын болды. Ташкент бұдан бұрын Қазақстанда өткен әскери жаттығуларға да өкілдерін жібермеген еді.


Тәжікстан қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Фаридун Махмадалиев Азаттық радиосының Тәжік қызметіне «Өзбекстан ШЫҰ-ның «Бейбіт миссия-2012» деп аталатын жаттығуына қатысудан бас тартты» деп мәлімдеді.

«ТЕРРОРИЗМ – ІРІ ЕЛДЕРГЕ ДЕ ҚАУІПТІ»

Ресми өкілдің айтуынша, маусым айында Тәжікстанның солтүстігіндегі Чорукдарон полигонында терроризмге қарсы күрес бойынша бірлескен әскери оқу-жаттығуы өтпек. Оған аталмыш ұйымға мүше Өзбекстаннан басқа елдердің бәрі жүздеген сарбазын, әскери ұшқыштары мен десант жасақтарын жіберуге келіскен.

Тәжікстан қорғаныс министрлігінің өкілі Махмадалиевтің хабарлауынша, 12 наурыз күні Худжанд қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері деңгейінде дайындық шарасы өткен, бірақ оған Өзбекстан қорғаныс министрлігінен ешкім келмеген.
Біз тек бірлесе отырып қана лаңкестікпен күресе аламыз. Өзбекстанның кезекті жаттығуларға қатысудан бас тартуы – өкінішті.

– Өзбекстан көптен бері осындай дайындық шараларына қатыспайды. Өзбекстан үкіметі әскерилерінің биылғы жаттығуларға да қатыспауы туралы шешім қабылдаған. Бұған не себеп болғанын Өзбекстан үкіметі біледі, – дейді Фаридун Махмадалиев.

Тәжікстан парламентінің қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы Әмірқұл Әзімов бұдан бұрын бірнеше рет лаңкестік шабуылға ұшыраған Өзбекстанның Ферғана жазығындағы Соғды облысында өтетін әскери жаттығуларға қатысудан бас тартуына орай өкініш білдірді.

– Біз тек бірлесе отырып қана лаңкестікпен күресе аламыз. Өзбекстанның кезекті жаттығуларға қатысудан бас тартуы – өкінішті. Әлемдегі ең ірі мемлекеттерге де терроризмнен қауіп төніп тұрғаны аян, – дейді тәжік генералы Әзімов.

«КАРИМОВТЫҢ КЕЗЕКТІ ДЕМАРШЫ»

ШЫҰ 1996 жылы құрылған еді. Оған әуелі Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мүше болды. 2001 жылы бұл ұйымға Өзбекстан қосылды.

ШЫҰ-ның алғашқы бірлескен әскери жаттығулары 2003 жылдың тамыз айында Қазақстанда өтті. Бақылаушылар сол кездегі жаттығуларға да Өзбекстанның қатыспағанын айтады.

Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, Өзбекстанның осындай бірлескен жаттығуларға қатысудан бас тартуының негізгі себебі 2000 жылдардың басында Тәжікстан мен арадағы өзара келіспеушіліктерге байланысты болуы мүмкін.

Өзбекстан мен Тәжікстанның қарым-қатынасы бірнеше жылдан бері нашарлап кеткені белгілі.

Душанбедегі өзбек елшілігінің өкілдері Ташкенттің соңғы шешімінен бейхабар екендерін айтты.

Ал сарапшылар «Президент Ислам Каримовтың кезекті демаршына Душанбе де, ШЫҰ-ға мүше өзге мемлекеттер де мүлдем назар аудармайды» дейді.
XS
SM
MD
LG