Accessibility links

Мирзияев баспасөз хатшысы мен теларна төрағасын неге жұмыстан шығарды?


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев баспасөз қызметінің басшысы Асаджон Ходжаев пен Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясы (ҰТРК) төрағасының міндетін атқарушы Бабур Алихановты бір күнде – тамыздың 29-ында қызметінен босатты.

Кей БАҚ-тар хабарлаған бұл жаңалықты Азаттықтың Өзбек қызметіне ҰТРК журналисі де растады. Оның сөзінше, екі шенеунік те тамыздың 25-і мен 30-ы аралығында Самарқанда өткен «Шарк тароналари» халықаралық музыка фестивалінен хабар тарату кезіндегі қателіктері үшін жұмыстан шығарылған. Бірақ ол ақпарат әзірше ресми расталған жоқ.

«ҚАТЕЛІК»

Азаттыққа бұл ақпаратты Өзбекстан президенті әкімшілігінде жұмыс істейтін шенеунік те растады.

Kun.uz интернет-басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, тамыздың 25-і мен 30-ы аралығында Самарқанда өткен «Шарк тароналари» халықаралық музыка фестивалінен хабар тарату кезінде кеткен қателіктерге жол бергені үшін Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінің басшысы Асаджон Ходжаев пен Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясы (ҰТРК) төрағасының міндетін атқарушы Бабур Алиханов жұмыстан шығарылды деп хабарлайды.

Қызметінен осы сейсенбіде босатылған Асаджон Ходжаев президент Шавкат Мирзияевтің баспасөз қызметі жетекшілігіне биыл наурыз айында тағайындалған.

Асаджон Ходжаев.
Асаджон Ходжаев.

Ал Бабур Алиханов ҰТРК төрағасының бірінші орынбасары қызметін 2017 жылғы сәуірден бастап атқарған. Ол ұлттық телерадиокомпаниясы басшысы Хуршид Мирзахидов Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовті сынағаны үшін тамыздың 2-сінде қызметінен кеткеннен кейін ҰТРК төрағасы міндетін атқарушы болып тағайындалған.

Ертеректе Азаттық тамыздың 21-інде ҰТРК-ның медиа-орталығында өткен жиналыста премьер-министр Абдулла Арипов Өзбекстан телевизиясының бағдарламаларын сынап, Бабур Алихановқа сөгіс жариялады деп хабарлаған. ҰТРК журналисінің сөзінше, әлгі жиналыстан кейін Алихановтың жұмыстан кететіні анық болған.

ПРЕЗИДЕНТ ОТБАСЫН КӨРСЕТКЕН ТЕХНИКТЕР ЖАЗАЛАНДЫ

«Шарк тароналари» халықаралық музыка фестивалінен телетрансляция жүргізумен айналысқан топ мүшесінің Азаттыққа хабарлауынша, 28 тамыз күні эфирге жауапты болған техникалық қызметкер мен операторға билік сөгіс жариялаған.

– Тамыздың 28-і күні фестивалді трансляциялауға жауапты болған қызметкерлерге сөгіс жарияланды. Олар түсініктеме жазды. Президенттің жұбайын, екі күйеу баласын және кіші ұлын ірі планмен көрсеткені үшін оларды кінәлі етіп шығарды, – дейді журналист.

Шавкат Мирзияевтің ұлы мен немересі видеода көрініп қалған.
Шавкат Мирзияевтің ұлы мен немересі видеода көрініп қалған.

ҰТРК журналистерінің бірінің Азаттыққа айтуынша, «Шарк тароналари» халықаралық музыка фестивалінен трансляция жүргізуде негізгі жауапкершілік президенттің баспасөз қызметінің басшысы Асаджон Ходжаев пен Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясы (ҰТРК) төрағасының міндетін атқарушы Бабур Алихановқа жүктелген.

​– Юлдуз Усманова ән айтқан кезде президенттің күйеу балаларын ірі планмен көрсетті. Ал Фаррух Закиров ән айтқан кезде телекадрға Мирзияевтің кішкентай ұлы түсіп қалған, ол қатарлардың арасымен жүгіріп жүрген. Мемлекет басшысына бұл мүлде ұнамаған. Тамыздың 29-ында премьер-министр Абдулла Арипов пен президенттің мемлекеттік кеңесшісі Хайриддин Сұлтанов қатысқан жиында Ходжаев пен Алиханов жұмысынан кетті, – дейді ҰТРК журналисі.

Шавкат Мирзияевтің күйеу балалары Отабек пен Ойбек көрініп қалған видео кадр.
Шавкат Мирзияевтің күйеу балалары Отабек пен Ойбек көрініп қалған видео кадр.

​ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ҚҰДАСЫ ТЕЛЕВИЗИЯҒА ОРАЛДЫ

Тамыздың 29-ы күні кешкісін Gazeta.uz интернет-басылымы ҰТРК-дағы дереккөздеріне сілтеме жасап, Алишер Хаджаев Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясы төрағасы қызметіне оралды деп хабарлады.

Ертеректе Азаттықтың ҰТРК-дағы дереккөздері ҰТРК басшысы қызметіне тағайындау үшін Хаджаевтың кандидатурасын қарастырып жатыр деп хабарлаған.

Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповтың құдасы Алишер Хаджаев ҰТРК-ны 2005 жылғы сәуірден 2017 жылғы ақпанға дейін басқарған.

Алишер Хаджаев биылғы маусымнан бастап Өзбекстан министрлер кабинеті жанындағы ұлтаралық қатынастар және шет елдермен достық байланыс орнату комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG