Accessibility links

"Президентке арналған шоу"


Президент Шавкат Мирзияевтің Жизақ облысына сапары кезінде «Зарбдор текстиль» комбинатында отырған адамдар.
Президент Шавкат Мирзияевтің Жизақ облысына сапары кезінде «Зарбдор текстиль» комбинатында отырған адамдар.

Өзбекстанның Жизақ облысы Зарбдр ауданында жергілікті билік президент Шавкат Мирзияевтің алдында "спектакль" қойған, ал әлі пайдалануға берілмеген тоқыма комбинаты жұмысшыларының рөлін жергілікті колледж студенттері ойнаған.

30 наурызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиев Жизақ облысына сапарын Зарбдар ауданынан бастаған. Сапар кезінде ол "Зарбдор текстиль" тоқыма комбинаты жұмысымен де танысқан. Бірақ 30 наурызда Азаттықтың Өзбек қызметі редакциясына хабарласқан Зарбдор ауданы тұрғындарының сөзінше, жергілікті билік тоқыма кәсіпорнына барған "мемлекет басшысы үшін шоу ұйымдастырған".

Президент Шавкат Мирзияевтің «Зарбдор текстиль» комбинатына келген сәті. 30 наурыз, 2018 жыл.
Президент Шавкат Мирзияевтің «Зарбдор текстиль» комбинатына келген сәті. 30 наурыз, 2018 жыл.

Шавкат Мирзияев тоқыма кәсіпорны жұмысымен танысып жүрген кезде түсіріліп, президент сайтында жарияланған фотосуреттерде қызыл түсті біркелкі форма киіп, тігін машинасының жанында отырған қыздар мен жас тігіншілермен ілтипатпен амандасып жатқан президент бейнеленген.

Шавкат Мирзияевтің комбинатты аралау кезі.
Шавкат Мирзияевтің комбинатты аралау кезі.

"ПРЕЗИДЕНТКЕ АРНАЛҒАН ШОУ"

30 наурыз күні Азаттыққа телефон соққан Зарбдор ауданының кей тұрғындары әлгі фотосуреттерде бейнеленген көріністі "мемлекет басшысы үшін ұйымдастырылған шоу" деп атады.

- Бүгін президент Зарбдор ауданына келді. Бірақ жергілікті билік құрметті прездентімізді тағы алдап соқты. Ол кісінің көргендерінің бәрі - көз бояушылық үшін жасалған нәрселер. Өйткені сол күні тоқыма кәсіпорнында жұмыс істеген қыздар мүлде тігіншілер емес. Олардың бәрі - жергілікті колледждердің студенттері. Ал президент жергілікті жастарды жұмыспен қамтыдық деген сөзге сеніп, риза көңілмен аттанды, - дейді аты-жөнін айтуды жөн көрмеген Зарбдор тұрғындарының бірі Азаттыққа.

«Зарбдор текстиль» комбинатындағы адамдар.
«Зарбдор текстиль» комбинатындағы адамдар.

Оның сөзінше, 30 наурызда ол "Зарбдор текстиль" тоқыма кәсіпорнында ұйымдастырылған «спектакльді" өз көзімен көрген.

- Президенттің сапарына ауыл шаруашылығы және экономика колледждерінің студент қыздарын арнайы дайындап қойды. Оларды "егер президент жандарыңа барып, әңгімелескісі келсе айтасыңдар" деп арнайы сөздерді жаттауға мәжбүрледі. Әлгі студент қыздар жергілікті билік жұмыспен "қамтыған" жастардың рөлін ойнады, - дейді ол.

Сөзінің дәлелі ретінде ол Азаттыққа 30 наурыз күні "Зарбдор текстил" тоқыма комбинаты территориясында түсірілген фотосуретті де жіберді.

РӨЛДЕРДІ ҮШІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІ ОЙНАҒАН

Зарбдор ауданында тұратын қарт мұғалима Азаттық тілшісіне жергілікті кәсіптік колледждердің бірінің 3 курсында оқитын немересі Шавкат Мирзияев облысқа келген күні "Зарбдор текстиль" тоқыма кәсіпорнында бірнеше сағат тігіншінің рөлінде жұмыс істегенін айтып берді.

- Өзге курстас қыздар сияқты немерем де алдын-ала берілген қызыл түсті форманы киіп президент келетін күні тоқыма кәсіпорнына таңғы сағат 5-те кетті. Президент таңертең Зарбдор ауданына келіп, "Зарбдор текстил" комбинатының жұмысымен танысты да, сосын Зафарабад ауданына жол тартты, - дейді ол.

Жергілікті билік президент Шавкат Мирзияевтің сапарына орай "спектакль" ұйымдастырды деген ақпаратты Азаттыққа Зарбдор ауданындағы кей колледж басшылары да растады.

- Ауданымызда төрт колледж бар. Әр колледждің үшінші курсында екі топ студент оқиды. Әлгі топтарда оқитын студент қыздардың бәрін "Текстильторгте" екі күн бойы арнайы дайындады. Олар президенттің алдында жас тігіншілердің рөлін ойнады, - дейді жергілікті колледждердің бірінің аты-жөнін айтуды қаламаған басшысы.

Зарбдор ауданындағы тағы бір колледж басшысы Азаттық тілшісімен әңгімесінде колледждегі студент қыздарды тоқыма кобинатына жұмысқа жергілікті әкімшілік бұйрығымен жібергенін айтты.

- Колледж студенттерін не үшін тоқыма комбинатына жібергенін аудандық әкімшіліктен сұрап көріңіз. Бұл - солардың идеясы. Біз тек бұйрықты орындадық, - дейді Зарбдор колледждерінің бірінің басшысы.

Бірақ 30 наурыз күні Зарбдар ауданы әкімшілігінде телефон тұтқасын ешкім көтермей, Азаттыққа жергілікті биліктен комментарий алудың сәті түспеді.

"ТОҚЫМА КОМБИАНТЫ ЖҰМЫС БАСТАУҒА ДАЙЫН ЕМЕС"

Зарбдор ауданында тұратын тағы дереккөздің сөзінше, "Зарбдор текстиль" тоқыма комбинаты әлі пайдалануға берілмеген. Оның айтуынша, жуық арада жұмыс бастауы да екіталай көрінеді.

- Тоқыма комбинаттың ғимаратын түз далаға салып қойды. Бір жылда үш прораб ауысты. Бірінші прорабты жұмыстан ақша жымқырды деген күдікпен шығарған. Соның кесірінен құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Қазір "Зарбдор текстил" комбинатында ең көп дегенде 4-5 адам жұмыс істейді. Зарбдор ауданы тұрғындары жұмысқа қабылдау туралы өтініш берген. Бірақ әлі ешкімді жұмысқа алған жоқ. Ал жергілікті билік президентке "кәсіпорынның алғашқы желісі іске қосылып, осынша адамды жұмысқа алдық" деп айтты, - дейді Азаттықпен әңгімелескен Зарбдор тұрғыны.

"Зарбдор текстиль" тоқыма комбианты ғимараты құрылысынан жақсы хабардар шенеуніктің айтуынша, нысанды салу кезінде белгіленген нормалар бұзылған.

- Мұндай цехтардың төбесін биік етіп салып, ауаны тазартып тұратын арнайы желдеткіш орнату қажет. Бірақ "Зарбдор текстиль" ғимаратының төбесін тым аласа етіп жіберген. Егер оны бұзып, қайта салмаса, жұмысшылар уланып қалуы мүмкін. Тоқыма комбинаты дәл осы себепті пайдалануға берілмеген. Бірақ біздікілер президенттің келуіне орай ғимаратты күні-түні жанталасып дайындап, оны пайдалануға беріліп қойған комбинат сияқты етіп көрсетті, - дейді жергілікті шенеуніктердің бірі Азаттыққа.

ПРЕЗИДЕНТКЕ БЕРІЛГЕН ЕСЕП

Азаттық тілшісімен сөйлескен Жизақ облысы әкімдігінің шенеунігі "Зарбдор текстиль" тоқыма комбинаты пайдалануға беріліп қойған деп хабарлады. Оның сөзінше, биыл жыл аяғына қарай кәсіпорында 1060 жұмыс орны ашылатын болады.

- 30 наурызда алғашқы желі іске қосылды. Жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Биыл сәуірдің аяғына дейін - 864, ал төртінші тоқсанда тағы 196 жұмыс орнын ашатын боламыз. Сонда жиыны жергілікті 1060 тұрғын жұмыспен қамтылатын болады. Мұны естігенде президент қатты қуанды, - дейді облыстық әкімдік шенеунігі.

Өзбекстан президенті сайтында да осындай ақпарат келтірілген.

"Зарбдор текстиль" жауапкершілігі шектеулі қоғамы - президент Шавкат Мирзияевтың бастамасымен құрылған кәсіпорын.

"Ең үлкен мақсатым - адамдарды жұмыспен, кіріс көзімен қамтамасыз ету. Бұдан былай шетелге мақта экспорттауды азайтып, оны өз елімізде қайта өңдеп, өнімді қосымша құнмен шығаратын боламыз" деді Мирзияев тоқыма комбианты жұмысымен танысқан кезінде.

Ресми дерек бойынша, "Асака", "Алока» және "Ипотека банк" банктері қаржыландырған "Зарбдор текстиль" жобасы тоқыма, тігін және трикотаж өнеркәсібін дамытуды, елде жиналған мақта талшығын жергілікті кәсіпорындарда қайта өңдеу көлемін ұлғайтып, жергілікті халықты сапалы тігілген киіммен қамтамасыз етуді көздейді. Кәсіпорынның жарғылық қоры - 1,3 миллион АҚШ доллар.

(Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласынан аударылды)

XS
SM
MD
LG