Accessibility links

Оралдықтар «президент мақтап кеткен» үйлердің сапасыз екенін айтты


Оралдағы су тасқыны. 13 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Оралдағы су тасқыны. 13 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Тұрғындар «Батыс Қазақстан өңірінде тасқыннан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету ісінде көзбояушылық көп» дейді. Ал билік мұны жоққа шығарады.


Қыркүйектің 28-і күні оралдық жазушы, журналист Алпамыс Бектұрғанов пен Батыс Қазақстан облысының бірнеше тұрғыны Алматыда жиын өткізіп, көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың қазіргі хал-ахуалы туралы айтты.

Тасқыннан зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету жөніндегі қоғамдық комитеттің жетекшісі Алпамыс Бектұрғановтың айтуынша, мемлекеттен көмек ретінде 18 миллиард теңге бөлінсе де, үйсіз қалған азаматтарға бірдей көмек көрсетіліп жатқан жоқ.

ӘКІМШІЛІКТІҢ «БҰЛБҰЛДАРЫ» НЕМЕСЕ АЛАЛАУ

Жергілікті әкімшіліктер жанынан құрылған комиссияның жұмысына күмәнмен қараған Алпамыс Бектұрғановтың ойынша, тек билікте сүйеніші
Жазушы Алпамыс Бектұрғанов баспасөз мәслихатында. Алматы, 28 қыркүйек 2011 жыл.

бар адамдар ғана «бөлінген қаржының игілігін көріп жатыр».

– Ең қиыны сол – зардап шеккен азаматтарымыз ол комиссияда кімнің жұмыс істеп жатқанын білмейді. Оларды әкімшілікке кіргізбейді, – дейді Алпамыс Бектұрғанов.

Қыркүйек айының ортасында президент Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына барған сапарында «тасқыннан зардап шеккен азаматтарға көрсетіліп жатқан көмекті» жоғары бағалап кеткен еді.

Алпамыс Бектұрғановтың айтуынша, сондағы кейбір пәтер иелері енді үйдің сапасыздығына налып отыр.

– Үш айдың ішінде тез-тез қалашық салып тастауы мүмкін бе? Үйге жаңадан кірген отбасыларға барсам, жылап отыр. «Жаңа үй ғой. Не үшін жылайсыңдар» десем: «Қараңыздар, қоныстанғанымызға екі-ақ күн болды. Қабырғалардан жарықшақтар пайда болып жатыр» деп егіледі. Бұл жарықшақтар сіздерге таратқан видеода бар, – деді Алпамыс Бектұрғанов.

Ол жаңадан салынған үйлердің әділетті бөлінбегенін айтады.

– Екі бөлмелі пәтерде тоғыз адам тұрады. Бұрындары олар жер үйде тұрғандықтан тоғыз адамның тұратындығы аса қатты сезілмейді. Қалайша тоғыз адамға екі бөлмелі пәтер береді? Ал отбасында үш адам бар отбасыға төрт бөлмелі пәтер берген. «Неге бұлай?» десем, бұлар аудандық әкімшіліктің «бұлбұлы» екен; бір жақтан біреулер келсе, олар «бізде бәрі жақсы, бізде бәрі қалыпты» деп әндетеді» екен, – дейді ол.

НАРАЗЫ ТҰРҒЫНДАР

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны, тасқын кезінде 28 жастағы ұлынан айрылған Бейбіт Мусин зардап шеккен азаматтар үшін бөлінген екі
Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Бейбіт Мусин баспасөз мәслихатында. Алматы, 28 қыркүйек 2011 жыл.

аурухананың бірінде әйелі, ұлы және екі немересімен бірге тұрып жатқанын айтады.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін үй беру жөнінде комиссияға өтініш жазған. «Алайда олар әлі күнге дейін жауап берген жоқ» дейді.

– Ұлымның денесі бір айдан кейін, яғни 8 мамырда табылды. Мейрамға қарсы болғандықтан бізге әкімшіліктен ешқандай көмек болған жоқ. Жерлеуге, жер алуға. Сондықтан ауылға алып бардым. Елден қарыз алып, өйтіп-бүйтіп апарып жерледік, - деді Бейбіт Мусин.

Ол қайтадан үй сұрап, қалалық, облыстық әкімшілікке арыз жазған кезде «балаңыздың денесінен спирт табылды» деген қағаз алғанын айтады.

- «Бұл қалай? Бір ай болып кеткен адамның денесінен осындай нәрсе табыла ма?» десем, «олай болса, қайтадан мәйітті ашып, тексереміз» дейді. Сонда бұл олардың мазақ қылғаны ма? – дейді Бейбіт Мусин.

Алматыда сәрсенбі күні өткен жиында шаруа қожалығының төрағасы Елена Уланова комиссияның шаруа қожалықтарына еш көмек көрсетпегенін айтса, саяжайда тұратын зейнеткер Валентина Тұрсынова
Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Валентина Турсунова баспасөз мәслихатында. Алматы, 28 қыркүйек 2011 жыл.

өзіне үй берілмей отырғанын айтып шағымданды.

Қоғамдық комитеттің жетекшісі Алпамыс Бектұрғанов «комиссияның жұмысына наразы тұрғындар көп екенін, олардан күн сайын арыз ағылып келіп жатқанын» айтады. Алайда ол наразы тұрғындарға қатысты нақты статистика келтіре алған жоқ. Оның айтуынша, комитетке күн сайын бірнеше адам арызданып келеді.

ТАСҚЫН МЕН «ЗАПАДВОДХОЗ»

Батыс Қазақстан облысы тұрғындары «тасқын адам факторы салдарынан болды» деген тәжірибелі мамандардың қуғындалып жатқанын да айта кетті.

Азаттық радиосы шілде айында аймақтағы су қорын бақылаушы орган «Западводхоз» мемлекеттік коммуналды кәсіпорнының Оралдағы «Уральская неделя» басылымы мен су маманы Геннадий Фадеевті сотқа бергенін жазған.

Шағым иесі «су тасқынына адам факторы себеп болды» деген пікірді айтқан Геннадий Фадеев пен оның бұл пікірін басылымда жариялаған газетке наразы.

Алпамыс Бектұрғановтың айтуынша, тамыз айының соңында Орал қалалық соты шағым иесінің өтінішін қанағаттандырған. Қазіргі кезде жергілікті сотта аппеляциялық шағым қаралып жатыр.

«ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХЫНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ТАСҚЫН»

Батыс Қазақстан облысы билігі жиын өткізген тұрғындардың пікірлерін жоққа шығарады.

Мұндай тасқын «егемен Қазақстанның тарихында тұңғыш болып жатқанын» еске салған Батыс Қазақстан облысы әкімдігі аппарат жетекшісінің орынбасары Шыңғыс Мұқан зардап шеккен тұрғындарға ойдағыдай көмек көрсетіліп жатқанын айтады. Оның айтуынша, «алдын-ала жүргізілген қауіпсіздік шараларының арқасында» табиғи апаттан ешкім көз жұмбаған.

«Наразы тұрғындарға» байланысты «тасқынды кейбір адамдар өздерінің пасық саяси мақсаттарына пайдаланып жүр» деді Батыс Қазақстан облысы әкімдігі аппарат жетекшісінің орынбасары.

Шыңғыс Мұқан шағымданушы адамдардың барын да жоққа шығармайды. Ол мұндай адамдарды «бірнеше категорияға» бөледі.

– Мәселен, бір үйде үш адам тіркелсе, үшеуі де «үй бер» деп арыз жазады. Бір үйде тұрған адамның үшеуіне де пәтер бере алмайды ғой. Сосын
Оралдағы су тасқыны. 13 сәуір 2011 жыл.

саяжайда тұрған адамдар «маған үй бер» деп арыз жазады.

Негізі саяжайда тұрған адамдардың ол негізгі үйі емес қой. Ол – жаз кезінде баратын уақытша нәрсе. Соған қарамастан саяжайда тұрған, тұрақты тіркеу құжаты бар адамдардың көпшілігіне үй берейін деп жатыр. Кейде сол саяжайды жалдап тұрған адамдар «бізге де үй беріңдер, біз жалдап тұрғанбыз» дейді. Сол сияқты ондай жерде әр түрлі әңгіме бар, – деді Шыңғыс Мұқан қыркүйектің 28-і күні Азаттық тілшісіне.

Батыс Қазақстан облысы әкімшілігінің мәліметі бойынша, Орал қаласында 446 отбасыға үй беру жоспарланып отыр.

Тасқыннан қатты зардап шеккен Зеленов ауданында 106 үй жарамсыз деп табылып, 444 үй жөндеуден өткізілмек. Бұл ауданда 106 пәтерден тұратын 56 үй салынып, тұрғындарға берілген.

Ал Тасқала ауданында су басқан 441 үйдің 72-сі жарамсыз деп танылды, 369 үйге жөндеу жүргізілуі тиіс. Бұл ауданда 72 пәтерден тұратын 40 үй салынып, тұрғындарға берілген дейді Батыс Қазақстан облысы әкімшілігі.

Сәуір айының басында Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандары мен Орал қаласындағы тұрғын үйлерді тасқын су басып, тоғыз мыңнан аса адам қауіпті аймақтан басқа жерге көшірілген еді. Су басқан аумақтан екі адамның – жасөспірім бала мен ер адамның мәйіттері табылған. Төтенше жағдай министрлігі бұл өңірдің табиғи апаттан 10 миллиард теңге зардап шеккенін мәлімдеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG