Қаңтардың алғашқы күндері Венесуэла әлемдік басылымдардың бас тақырыбына айналды: АҚШ күштері Латын Америкадағы осы елдің басшысын ұстап алып, Нью-Йоркке алып кетті. Ол жерде оған «есірткі терроризмі» бойынша айып тағылған. Атлант мұхитының арғы жағындағы бұл оқиға Орталық Азияға тікелей қатысты болмаса да, аймақтағы саясат пен экономикаға ықпал етуі мүмкін. Азаттық Азия сарапшыларымен сөйлесіп көрді.
АҚШ күштеп алып кеткен Венесуэла басшысы Николас Мадуро мен оның әйелі қазір Нью-Йорк түрмесінде отыр. Ақ үй бұл әскери операцияны бірнеше ай дайындап, санаулы сағатта іске асырғанын айтады. АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлада "қауіпсіз әрі қисынды транзит" іске аспайынша, бұл елді Вашингтон басқарады деді.
Испания мен Латын Америка елдеріндегі венесуэлалықтар бұл оқиғаны қуанышпен қарсы алды.
Каракастың Иран мен Ресей сияқты одақтастары АҚШ әрекетін қатаң сынға алды. Еуропадағы ресейшіл ел – Сербия қалыптасқан әлемдік тәртіптің бұзылғанын мәлімдеді. Вашингтон операциясын БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те айыптады. Ол мұны «қауіпті прецедент» деп атап отыр.
Орталық Азия биліктері АҚШ-тың Мадуроны күштеп әкетуі жайлы ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ сарапшылар Венесуэладағы бұл оқиға аймақ елдеріне әсер етуі ықтимал дейді.
КӨПВЕКТОРЛЫ САЯСАТТЫ ӘЛСІРЕТУІ МҮМКІН БЕ?
Мұхиттың ар жағындағы оқиғалар Мәскеудің мүдделеріне әсер етті, өйткені Ресей ұзақ жылдар бойы Каракастың басты сыртқы серіктестерінің бірі саналып келді, дейді Ұлыбританияда орналасқан Central Asia Due Diligence зерттеу орталығының негізін қалаушы Әлішер Илхамов. Оның сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин Мадуроны қорғай алмай, жағдайға ықпал ете алмады, алайда бұл Кремль үшін соншалық үлкен соққы емес.
– Путин мен Мадуроны қос елдегі билеуші режимдердің диктаторлық сипаты жақындастырады. Мәскеу үшін [Сирия лидері Башар] Асадтың биліктен кетірілгені қандай жеңіліс болса, бұл да – сондай жеңіліс. Алайда бұл Путин үшін аса маңызды жеңіліс емес, – дейді Илхамов.
Әлемдік саясатты бақылап отырған сарапшылардың айтуынша, Кремль үшін бұл жағдай белгілі бір деңгейде ұтымды болуы ықтимал: АҚШ-тың Венесуэладағы операциясы Ресейге Еуразия аймағында еркін қималдауға мүмкіндік береді. Ал Мәскеуге оның постсоветтік аумақтағы мүдделері Латын Америкадан әлдеқайда маңызды.
– Қайткенде де Путин үшін постсоветтік кеңістіктегі мүдделері бұдан да маңызды. Ол бұл аумаққа кіретін елдерді өз ықпалындағы аймақ санайды. Осы амбициялар тұрғысынан алғанда, Венесуэлада болған жағдай оның көңілінен шығуға тиіс, – дейді Илхамов.
Зерттеушінің айтуынша, Дональд Трамп әкімшілігі Венесуэладағы операцияға дейін қабылдаған АҚШ ұлттық қауіпсіздік стратегиясында Батыс жартышар Вашингтонның айрықша мүддесі бар аймақ деп сипатталған.
– Шамасы, бұл осы аймақта, ең алдымен Америка құрлығында, АҚШ-тың өз еркін басқа елдерге таңуға ерекше құқығы бар дегенді білдіретін сияқты. Ал олай болса, бұдан Қытай мен Ресей секілді басқа да ядролық державалар Шығыс жартышарды немесе оның бір бөлігін өздерінің ерекше мүдде аймағы деп жариялай алады деген қорытынды шығады, – дейді ол.
Сарапшының сөзіне қарағанда, мұндай логика Кремльдің қанағаттандырады. Іс жүзінде бұл – әлемді ірі державалардың ықпал аймағына бөлуді легитимді етіп, Путиннің Украина мен өзге де постсоветтік елдерге қатысты еркіндеу қимылдауына жол ашады.
– Ресей енді бұл елдердің көпвекторлы сыртқы саясат ұстануына белсендірек қарсы тұруы мүмкін, – дейді сарапшы.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЭКОНОМИКАСЫНА ТӨНЕТІН ҚАУІП
Венесуэладағы оқиғаның салдары Ресей экономикасымен тығыз байланысты Орталық Азия елдерінің экономикасына да сезілуі мүмкін.
Венесуэла мұнай қоры бойынша әлемде бірінші орында. Дональд Трамп америкалық мұнай алпауыттары бұл елде көмірсутек өндіруге миллиардтаған доллар инвестиция салуға дайын екенін мәлімдеді. Егер АҚШ компаниялары Венесуэлаға келсе, Вашингтон мұнай бағасына, демек, бірқатар мұнай өндіруші елдердің экономикасына ықпал ететін тетікке ие болуы мүмкін.
Мұнай бағасының құбылуы Ресей экономикасына тікелей әсер етеді. Ал Ресей, өз кезегінде, Орталық Азия елдері үшін маңызды фактор болып отыр: оның ішінде валютасының құны рубль бағамына қарай өзгеріп отыратын мұнай өндіруші Қазақстан да, экономикасы негізінен Ресейде жұмыс істейтін еңбек мигранттарының ақша аударымдарына тәуелді Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан да бар.
Кейінгі жылдары Орталық Азия өңірі Ресейдің өңдеуші өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі импорттаушысына айналды. 2024 жылы тауар айналымы 44 миллиард доллардан асты.
Қазақстандық экономикалық шолушы Расул Рысмамбетов Венесуэладағы оқиғаның қысқа мерзімді әсерін асыра бағаламауға және венесуэлалық мұнай жақын арада әлемдік нарыққа шығады деп күтпеуге шақырады. Оның пікірінше, қазір байқалып отырғаны нақты сұраныс пен ұсыныс балансының өзгеруінен гөрі биржалардың реакциясына ұқсайды.
– Венесуэла ертең-ақ мұнай өндіруді үш есе арттырады деуге келмес. Венесуэла жаһандық мұнай балансында маңызды фактор болудан қалғанына бірталай жыл болды, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, формалды түрде мол қорына қарамастан, елде инфрақұрылымдық, технологиялық және инвестициялық шектеулер өте көп.
– Тежейтін факторлар жетерлік. Венесуэланың мұнай секторына ақша кірмей жатыр, – дейді Рысмамбетов.
Сондықтан қазіргі жағдайда инвесторлардың болжамдары мен нарықтың қысқа мерзімді реакциясы шешуші рөл атқарады.
– Қысқа мерзімде бағаның құбылуы – қалыпты құбылыс. Бұл алыпсатарлық сипаттағы құбылу. Ресей мен Қазақстан үшін басты қауіп Венесуэланың өзінде емес, дәл осы баға ауытқуларында», – дейді ол.
Рысмамбетовтің айтуына қарағанда, тіпті ең қолайлы сценарийдің өзінде Венесуэла мұнай нарығындағы белсенді ойыншы мәртебесіне тез орала алмайды.
– Егер бәрі мінсіз өтіп, Chevron немесе ExxonMobil секілді компаниялар Венесуэлаға қайта оралса да, елеулі өзгерістерді кемінде бір жарым жылдан болуы мүмкін. 2027 жылдың ортасына қарай Венесуэла өндірісті күрт арттыра алатын ойыншыға айналуы ықтимал. Міне, сол кезде алаңдау керек, – дейді сарапшы.
Экономикалық шолушының айтуынша, Қазақстан үшін мұнай бағасының деңгейінен гөрі оның тұрақтылығы маңызды.
– Бағаның күрт секіруі ұлттық валютаның құбылуын күшейтеді. Бізге тұрақтылық маңызды – мейлі баға төмен болсын, жоғары болсын. Сірә, жоғары болғанын қалар едік, – дейді Рысмамбетов.
Әдетте мұнай бағасының төмендеуі рубльдің девальвациясына әкеледі. Ал рубль әлсіресе, еңбек мигранттарының еліне жіберетін қаражаты азаяды.
Алайда қазіргі жағдайдағы ең қауіптісі – соғысқа бейімделген Ресей экономикасында «макроэкономикалық тұрақсыздықтың жинақталуы». Егер Украинаға қарсы соғысты тоқтату жөніндегі бейбіт келісім жасау әрекеттері сәтсіз аяқталса, экономикадағы теңсіздік көктемде-ақ көрініс беруі мүмкін, дейді Расул Рысмамбетов.
– Экономистер әрдайым: "макроэкономика бәрібір өз дегеніне жетеді" деп айтады. Қауіптердің жиналуы түптің-түбінде олардың іске асуына әкеледі. Наурыз–сәуір айларында дағдарыстың тереңірек белгілерін күтуге болады. Бұл рубль бағамының төмендеуі және басқа да факторлар арқылы миграция мен ақша аударымдарына міндетті түрде әсер етеді, – дейді шолушы.