Accessibility links

Мадуро жұбайымен бірге Нью-Йорктегі федералдық сотқа жеткізілді


Николас Мадуро мен әйелі Силия Флорес Нью-Йорктің федералдық сотында алдын ала тыңдауда тұр (сот залында салынған сурет), АҚШ, 5 қаңтар, 2026 жыл.
Николас Мадуро мен әйелі Силия Флорес Нью-Йорктің федералдық сотында алдын ала тыңдауда тұр (сот залында салынған сурет), АҚШ, 5 қаңтар, 2026 жыл.

Венесуэланың биліктен шеттетілген басшысы Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес 5 қаңтар күні алғаш рет Нью-Йорктің федералдық сотына алдын ала отырысқа әкелінді. АҚШ ол екеуін 3 қаңтарда Каракаста жүргізген операция кезінде ұстап, Құрама Штаттарға жеткізген.

Бұған дейін федералдық судья жариялаған айыптау қорытындысында Николас Мадуроға, оның әйелі Силия Флореске және тағы төрт адамға төрт бап бойынша айып тағылған. Олардың қатарында "есірткі терроризмі" және кокаин импорттау мақсатында сөз байласу сияқты айыптаулар бар. Үшінші және төртінші баптар қару қолдану және сақтауға байланысты. Құжаттың қысқа нұсқасы сотта оқылды.

Мадуро кінәсіз екенін мәлімдеді

Сот залынан БАҚ өкілдері 63 жастағы Николас Мадуро мен әйелі бір үстелдің басында отырды деп хабарлады. Аяғы кісендеулі Мадуро істі қарап жатқан 92 жастағы судья Элвин Хеллерштейнмен тәржімашы арқылы сөйлескен. Бұл судья осыған дейін көптеген резонансты істерді қараған.

Өзін "Венесуэла президентімін" деп таныстырған Мадуро өзінің де, жұбайының да кінәсі жоқ деп санайтынын мәлімдеп, айыптау қорытындысымен әлі толық танысып үлгермегенін айтқан. Сот ғимараты алдына оның жақтастары жиналған.

Мадуроның қорғаушысы ретінде адвокат Барри Поллак аталды, ол бұрын WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанждың мүддесін қорғаған.

Мадуро мен әйелінің ісі бойынша алдын ала сот отырысы бас-аяғы 40 минутқа созылған. Екеуі де өздеріне тағылып отырған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.

Судья Элвин Хеллерштейн келесі сот отырысын 17 наурызға белгіледі. Оған дейін Мадуро қамауда болады деп айтылып отыр. Сот Мадуроға Венесуэла консулы жолығуына рұқсат берген. Bloomberg агенттігі бұл іс мәні бойынша негізгі тыңдау 2027 жылы басталуы мүмкін деп жазды.

Венесуэладағы ахуал
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:03 0:00

Трамптың мәлімдемесі

Жексенбі, 4 қаңтар күні АҚШ президенті Дональд Трамп журналистерге Венесуэла АҚШ-пен ынтымақтаспайтын болса, жаңа соққы беруді бұйыруы мүмкін екенін айтқан. Оған қоса Трамп Колумбия мен Мексикаға сес көрсетіп, Кубаның коммунистік режимі "құлауға жақын тұрған сияқты" деп мәлімдеді.

"Олар әупірімдеп аман қала ма, білмеймін, бірақ қазір Кубаның ешқандай кірісі жоқ. Бүкіл табысын Венесуэладан, венесуэлалық мұнайдан алып келді", – деді Трамп Air Force One ұшағында журналистерге.

The Atlantic басылымына берген сұхбатында АҚШ президенті Венесуэланың уақытша президенті міндетін атқарушы Делси Родригеске де сес көрсетті. Трамп "егер ол дұрыс әрекет етпесе, онысы тым қымбатқа түседі, бәлкім Мадуродан да асып кетер" деп мәлімдеді. Оған қоса Трамп АҚШ-қа "Гренландия өте-мөте қажет" екенін айтты.

Мадуро ізбасарының Трампқа үндеуі

Венесуэла президенті міндетін уақытша атқарушы Делси Родригес АҚШ президенті Дональд Трампқа үндеу жариялап, венесуэлалықтар "соғысуға емес, бейбітшілікке лайық" деп мәлімдеді.

"Президент Николас Мадуроның ұстанымы қашанда осы болатын және бұл қазір барша венесуэлалықтардың ұстанымы. Бұл – өзім сенетін, өмірімді арнаған Венесуэла", – деген Correo del Orinoco газетінде жарияланған мәлімдемесінде Родригес.

Оның сөзінше, басымды міндет – АҚШ пен Венесуэла арасында "теңгерімді әрі өзара құрметке негізделген халықаралық қатынас қалыптастыру".

"Біз АҚШ үкіметін халықаралық құқық аясында, ортақ дамуға бағытталған және қоғамдастықта берік бейбіт қатар өмір сүруді нығайтатын ынтымақтастық бағдарламасын бірлесе әзірлеуге шақырамыз", – деп мәлімдеді Родригес.

Сенбі, 3 қаңтар күні АҚШ Мадуро мен әйелін Каракаста ұстап, Құрама Штаттарға мәжбүрлеп жеткізгеннен кейін көп ұзамай Венесуэланың вице-президенті Делси Родригес мемлекеттік телеарнадан халыққа үндеу жасап, Николас Мадуроны "елдің жалғыз заңды президенті" деп атаған және АҚШ-тан оны дереу босатуды талап еткен. Ол сондай-ақ Венесуэлаға қарсы "қарулы агрессияны" айыптады.

5 қаңтарда Делси Родригес Венесуэланың уақытша президенті ретінде ресми түрде ант берді. Ел астанасы Каракаста Мадуроны босатуды талап еткен митинг өтті.

3 қаңтарға қараған түні АҚШ күштері Венесуэла астанасы Каракастағы әскери нысандарға соққы беріп, Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флоресті ұстап, елден алып кетті. Сол күні кешке оларды Бруклиндегі тергеу абақтысына жеткізді.

АҚШ билігі Мадуроны Венесуэланың легитимді президенті деп мойындамайды және оны әйелі екеуін "есірткі терроризмі", қару сақтау және есірткі контрабандасы қылмыстарына қатысы бар деп айыптайды. Мадуро мен әйелі өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды.

Нью-Йоркте Венесуэла президенті мен әйеліне қатысты сот басталады
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:34 0:00
XS
SM
MD
LG