Accessibility links

Венгрияда парламент сайлауында оппозиция жеңіске жетті

Парламент сайлауында жеңіске жеткен оппозициялық "Тиса" партиясы лидері Петер Мадиярдың қолдаушылар алдында тұр тұр. Будапешт, 12 сәуір, 2026 жыл.
Парламент сайлауында жеңіске жеткен оппозициялық "Тиса" партиясы лидері Петер Мадиярдың қолдаушылар алдында тұр тұр. Будапешт, 12 сәуір, 2026 жыл.

Венгрияда 12 сәуірде өткен парламент сайлауында оппозициялық "Тиса" партиясы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Сайлау бюллетеньдерінің 90 пайыздан астамы өңделгеннен кейін жарияланған алдын ала қорытындыға сәйкес, "Тиса" ел парламентіндегі 199 орынның 138-ін иеленуі мүмкін. Яғни, оппозиция лидері Петер Мадиярдың партиясы конституциялық өзгерістер жасауға жеткілікті көпшілік дауысқа ие болмақ.

Ал 16 жыл билікте болған қазіргі премьер-министр Виктор Орбанның "Фидес" партиясына 54 орын, әсіре оңшыл "Біздің Отан" (Mi Hazánk) қозғалысына 7 орын тимек.

45 жастағы Петер Мадияр Будапешт орталығындағы жақтастары алдында сөйлеген сөзінде бұл жолғы сайлауды Венгрия үшін бетбұрыс кезеңі деп атады.

"Біз мұны іске асырдық. “Тиса” мен Венгрия бұл сайлауда жеңді. Бәріміз бірге Венгрияны азат етіп, Орбан режимінен құтылдық", деді ол.

Виктор Орбан саяси бәсекелесі Мадиярды жеңісімен құттықтағанын мәлімдеп, сайлау нәтижесін "ауыр, бірақ айқын" деп сипаттады. Оның айтуынша, өзі басқаратын "Фидес" партиясы енді оппозицияда отырып та Венгрияға қызмет етпек.

Сарапшылардың бағалауынша, бұл сайлау нәтижесінде болатын өзгеріс Венгрияның ішкі саясатына ғана емес, сонымен бірге Еуропа одағындағы саяси күштер балансына, Украинаға байланысты шешімдер қабылдауға және аймақтық дипломатияға да елеулі ықпал етуі ықтимал.

Бұл сайлауға барлығы бес партия түскен, алайда негізгі бәсеке биліктегі "Фидес" пен оппозициялық "Тиса" арасында өтті. Тәуелсіз әлеуметтік сауалнамалар сайлау қорытындысы шықпай тұрып-ақ оппозиция жеңіске жетеді деп болжаған еді.

Дауыс беруге қатысқандар көрсеткіші бойынша елде рекорд тіркелді — 74,23% Бұған дейін 2022 жылғы парламент сайлауындағы көрсеткіш 62,92% болған еді.

Венгрия заңына сәйкес, сайлаудың түпкілікті қорытындысы 18 сәуірге дейін жариялануы тиіс.

Айдар
XS
SM
MD
LG