Accessibility links

ВВС: Британия ресейлік "тасадағы флоттың" бірде-бір кемесін ұстаған емес

Ресейлік "тасадағы флотқа" тиесілі танкерлердің бірі
Ресейлік "тасадағы флотқа" тиесілі танкерлердің бірі

Британ үкіметі Ресеймен байланысты санкцияға іліккен кемелерді ұстап алуға дайын екенін жариялағаннан бері ресейлік "тасадағы флотқа" тиесілі делінетін 200-ге жуық кеме Ұлыбритания аумағы маңындағы теңіз жолымен өткен. Мұндай деректі ВВС медиасының фактчек қызметі (BBC Verify) анықтаған.

2026 жылдың наурыз айында Ұлыбритания билігі ел аумағы маңынан теңіз арқылы өтетін, Батыс санкциялары тізіміне енгізілген ресейлік "тасадағы флотқа" тиесілі кемелерді ұстауға рұқсат берген. Британ қарулы күштері "енді санкцияға іліккен кемелерге кіре алады", деп мәлімдеген еді сол кезде Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер.

BBC Verify содан бері санкцияға іліккен кемінде 184 кеменің 238 рет Ұлыбритания аумағы маңынан өткенін анықтағанын және солардың ең болмағанда біреуіне британ әскери өкілдері кіргеніне ешқандай айғақ-дәлел таппағанын жазды.

Журналистер хабарлағандай, кемелердің көбі Ла-Манш бұғазы арқылы өткен және кемінде 94 жағдайда теңіз арқылы Ұлыбритания аумағына шамалы уақытқа кірген.

Наурыз айында жасаған мәлімдемесінде Кир Стармер британ үкіметі Ресейдің тасадағы флотына "кезекті соққы" беруге дайын екенін мәлімдеген, бұл, Лондонның айтуынша, "операторларды [кемелерді] ұзақ және тиімсіз бағыттарға бұруға мәжбүр етеді немесе Ұлыбритания күштерінің қолына түсу қаупін ұлғайтады".

"Путин Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты қол ысқылап отыр, себебі мұнай бағасы өссе қалтам томпаяды деп сенеді. Сондықтан біз оның "тасадағы флотымен" бұрынғыдан да белсендірек күресіп жатырмыз", деген Стармер.

Ұлыбритания "тасадағы флотқа" тиесілі ресейлік 544 кемеге, соның ішінде үшінші елдердің туын іліп алып, ресейлік мұнай тасып жүрген кемелерге қарсы санкциялар енгізді. Швеция мен Франция сияқты елдер "тасадағы флот" кемелерін бірнеше рет ұстаған, бірақ әдетте оларды айыппұл төленгеннен кейін қоя береді.

Айдар
XS
SM
MD
LG