Accessibility links

"Соғысқа кеткен ақшаға қаншама пайдалы дүние жасауға болар еді". Майдан шебінен 2 мың адамды құтқарған еріктінің әңгімесі


Украиналық ерікті Микола Могилевский. Часов Яр. Қазан айы, 2023 жыл.
Украиналық ерікті Микола Могилевский. Часов Яр. Қазан айы, 2023 жыл.

Ресей Украинаға басып кіргелі жас украин кәсіпкер Микола Могилевский (25 жаста) ерікті болып жүр. Ол майдан шебіндегі Северск ауданына гуманитарлық көмек жеткізуден бастап еріктіге айналған. Сол сапарында қарт әйел кісіні эвакуациялап, Instagram парақшасына жариялаған. Содан бері Миколаға туыстарын құтқаруды сұраған адамдардан толассыз хат келеді.

Могилевский Северск ауданынан 200-ге жуық адамды алып шыққан. 2023 жылдың сәуіріне қарай Миколаның майдан шебіндегі аудандардан құтқарған адам саны 2 мыңға жетті.

– Еріктімін ғой. Адамдардың көмекке мұқтаж екенін көрдім де, эвакуациялай бастадым. Мысалы, сіздің жұмысыңыз — қызық хикаялар іздеу. Халыққа керек болдым, сондықтан өз жұмысымды жақсы атқаруға тырыстым, — дейді Микола.

Могилевский Бахмут, Соледар, Северск, Часов Яр, Торский аумағында тұратын адамдарды қауіпсіз аймақтарға көшірген. Ол майдан шебіндегі ауылдар мен қалаларға күнде барады. Сұхбаттан үш күн бұрын Микола қанды шайқас жүріп жатқан Авдеевкадан келді. Ал Азаттық тілшісімен сөйлесерден бір тәулік бұрын орыстардың Марьинкадан кейінгі нысаны — Кураховодан оралды.

Деменциямен ауыратын қарт әйелді кетуге үгіттіп тұрған ерікті. Бастапқыда үй иесі кетуден бас тартқан. Кейін туыстары оны күштеп әкету қажеттігін айтқан. Ақыры Микола қарт әйелді әскери қызметкерлердің көмегімен Днепрге көшірді. Часов Яр. Қазан айы, 2023 жыл.
Деменциямен ауыратын қарт әйелді кетуге үгіттіп тұрған ерікті. Бастапқыда үй иесі кетуден бас тартқан. Кейін туыстары оны күштеп әкету қажеттігін айтқан. Ақыры Микола қарт әйелді әскери қызметкерлердің көмегімен Днепрге көшірді. Часов Яр. Қазан айы, 2023 жыл.

Ерікті Авдеевкадағы жағдайды былай сипаттайды:

— Соғыс. Мыңға тарта бейбіт тұрғын ғана қалды. Орыстар күнде бір жазықсыз адамды өлтіреді, қазір халық саны тіпті азайып кеткен шығар. Кей тұрғындар үйімнен кетпеймін деп, қасарысып тұрып алады. Үй дегені қираған үйіндінің ортасындағы жертөлеге апаратын жол ғана. Біреу үйіндінің арасына кіріп, гуманитарлық көмек жеткізеді деп үміттенеді. Дәл үстіне бомба құлап, тірі қалса немесе таныстары өлсе ғана, қаладан кетуге келіседі, — дейді ерікті.

Микола Могилевский. Часов Яр. Қазан айы 2023 жыл.
Микола Могилевский. Часов Яр. Қазан айы 2023 жыл.

Могилевский Авдеевкаға алғаш рет әскери қызметкердің көмегімен кірген. Ол елдімекеннен кеткеннен кейін 10 минуттан соң, еріктіге көмектескен жауынгердің көлігіне дрон тиген. Жүргізуші тірі қалған. Миколаның айтуынша, ол Авдеевкада осымен төртінші рет өлім аузынан қалып отыр.

— Менің көлігімде радиоэлектронды күрес құралы бар, оның көлігінде ештеңе жоқ, — дейді ерікті.

Ерікті Микола Могилевский өз командасы және жергілікті тұрғындармен бірге. Часов Яр, наурыз 2023 жыл.
Ерікті Микола Могилевский өз командасы және жергілікті тұрғындармен бірге. Часов Яр, наурыз 2023 жыл.

— Орыстар енді Кураховоға барады, – дейді Могилевский. — Қазірдің өзінде ірі калибрлі снарядтар ұшып жатыр. Бейресми дерек бойынша, Кураховада 130 бала, 10 мыңға жуық ересек адам тұрады. 152-калибрлі [артиллерия], "Ураган", "Град" реактивті жүйелері аямай соққы беріп жатыр. Орыстар жақындаған сайын, атыс күшейеді. Эвакуация да қыза түседі.

Майдан шебінен эвакуацияланған адамдар не туыстарын паналайды, не мемлекет көмегіне жүгінеді. Украинада халықты қауіпсіз аймақтарға көшіру бағдарламасы бар. Соғыстан бас сауғалап келген адамдарға пәтер, жатақханадан орын немесе үй береді. Кейде Могилевский баспанасыз қалған жандарға халықтан жиналған қаржы есебінен немесе өз ақшасынан көмектеседі. Ерікті Часов Ярдан құтқарған отбасын асырауға 4 айда 60 мың гривен (2 мың доллар) жұмсаған, бұл соманың жартысын өз қалтасынан төлеген.

– Міндетім – адамдарды соғыс жүріп жатқан тамұқтан құтқарып, басқа еріктілерге тапсыру. Бірақ өзім құтқарған адамдарға телефон нөмірімді қалдырып кетемін. Бір мәселе туса, қолымнан келгенше көмектесемін. Youtube-қа салған видеоларым жақсы қаралым жинап, көп адам қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Жиналған ақшаның бір бөлігін үйін тастап, көшуге мәжбүр болған адамдарға көмекке жұмсаймын, — дейді Могилевский.

Қозғалу қабілетінін айырылған әйелді Константиновкадан эвакуациялап жатқан еріктілер. Сәуір 2023 жыл.
Қозғалу қабілетінін айырылған әйелді Константиновкадан эвакуациялап жатқан еріктілер. Сәуір 2023 жыл.

Микола ерікті болып жүріп, небір сұмдық оқиғаларға куә болған. Ол Кураховадан алып шыққан отбасының өмір сүруге 50 доллары ғана болғанын, 7 жастағы бала жарылыс дауысынан шошып, құлаққап киіп ұйықтағанын айтады. Ерікті Бахмутта басын қатерге тігіп, 2 жасар қызды қаладан алып шыққан.

— Жолды артиллерия атқылап жатты. Қалаға 150 километр жылдамдықпен кірдік. Есте сақтайтын дүниелер бар. Соның арқасында ғана тірі жүрмін, — дейді ол.

Көбіне майдан шебінде тұратын адамдар Могилевскийге еріп, қаладан кетуге келіспейді. Кей тұрғын үйін тастап кеткісі келмейді, ер адамдар мобилизациядан қорқады, енді бірі еріктілерге сенбейді. Миколаның айтуынша, халықты жақын маңдағы ауылға дейін жеткізіп, жарты жолда тастап кететін еріктілер де бар. Осындай оқиғалардан кейін жұрттың көбі бейтаныс адамдарға сеніп, жолға шығуға қорқып қалған.

— Маған сенген адамдарды алып кетемін. Қалғандары оққа ұшады. Бірге жүруге көнбеген кемі 50 адам солай қаза тапты. Торскийде бір әйел қарсыласып, үйінде қалды. Ертеңіне екеуіміз шай ішіп отырған жерге 152-калибр құлады. Бахмутта бір жігіт "анам қарсы" деп жүрмей қойды. Бір жарым айдан кейін анасын ұлының мәйітімен бірге эвакуациялады.

Еріктілер эвакуациялаған екі әйел жылап отыр. Сәуір 2023 жыл.
Еріктілер эвакуациялаған екі әйел жылап отыр. Сәуір 2023 жыл.

Могилевский майдан шебінен кеткісі келмейтін тұрғындар орыстарды қолдайды деген пікірмен келіспейді.

– Олар орыстарды күтіп отыр деу оңай. Елестетіп көріңізші: үйіңізге бір кісі келіп, “Бір түйіншек киіміңді ал да, менімен жүр” дейді. Өмір бойы жинаған дүниесіне қарап отырып, бәрін бір сәтте тастап кету қиын. Мұндай шешім қабылдау ауыр екенін осыдан-ақ түсінуге болады. Біреудің анасы — мүгедек, ал көшуге ақшасы жоқ. Олар — бақытсыз адамдар, түсінесіз бе?

Могилевский оккупациядан бірнеше күн бұрын Бахмутта болған. Ерікті көшеде бейбіт тұрғындардың мәйіті жатқанын, қаладағы ғимараттардың бәрі қирағанын көрген. Оның айтуынша, Ресей әскері жақындаған аудандардың бәрі бір-біріне ұқсайды.

— Олар барлық жерде бір тактиканы қолданады: артиллериялық дайындық, танкілер мен жаппай шабуыл. Ресейдің логикасын мүлде түсінбеймін. Зымыран мен техникаға кеткен миллиардтаған доллар қаржыға қанша дүние жасауға болар еді! Жараланған, майданда мәнсіз қаза тапқан жауынгерлерге қанша өтемақы төлеп жатыр. Бұл ақшаға бүкіл Ресейді қайта құрып, Алясканы сатып алуға болар еді!

— Таныстарымның қазасын естігенде, өзімді салқынқанды ұстайтын болдым. Осы уақытқа дейін өзім танитын қанша адам өлді, олардың әрқайсысын айлап жоқтайтын болсам, есімнен адасар едім. Кейінгі 4 күннің өзінде жақсы танитын 5 жауынгер қаза тапты. Соғысқа дейін басқаша қабылдар едім. Ал қазір… Ай сайын бір танысым өліп жатыр.

Жермен жексен болған Марьинка.
Жермен жексен болған Марьинка.

Могилевский қатты шаршап, қажыса да, қазіргі жұмысын тастағысы келмейді.

— Контент саламын, көрермендер ақша аударады. Жиналған қаржыны әскерилерге жіберемін. Желтоқсанның бірінші жартысында 400 мың гривенге (13,5 мың доллар) FPV-дрондарға қарсы глушилка алдық. Әрине, бұл ақша тым аз. Эвакуация шығыны көп. Бір айда жанармайдың өзіне 1000 доллар, тамақ пен жатын орынға 400 доллар кетеді. Өзім көрген сұмдықтың бәрін жариялап, соның арқасында мұқтаж адамдар мен әскерилерге көмектесіп жатырмын, — дейді украин еріктісі Микола Могилевский.

XS
SM
MD
LG