Accessibility links

"Жарты миллиардқа жаңасын салуға болар еді". Оралдағы балалар үйі түлектерінің баспанасы қалай жөнделді?


"Шаңырақ" жасөспірімдер үйінің алды. Орал қаласы, 18 мамыр, 2024 жыл.
"Шаңырақ" жасөспірімдер үйінің алды. Орал қаласы, 18 мамыр, 2024 жыл.

Қазынадан жарты миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, күрделі жөндеуден өткен Оралдағы "Шаңырақ" жасөспірімдер үйінің жағдайына тұрғындарының – балалар үйі түлектерінің көңілі толмайды. Бірнеше ай бойы уақытша баспана жағалап, үйіне оралған олар енді ыңғайсыз бөлмелерде тұруға мәжбүр.

"Олар "хай-тек" стилінде жөндеу бастаған еді, онысы "әйтеуір" бірдеңе болып шығыпты", – деген әжуа-мысқыл интернетке тарап кетті.

Оралдағы балалар үйінің түлектеріне ешкім "хай-тек" жөнінде уәде бермеген. Бірақ былтыр күзде Орал билігі апатты жағдайда тұрған Жасөспірімдер үйінің тұрғындарын басқа жерге қоныстандырғанда оларға ғимараттың негізгі қабырғаларынан басқасының бәрі өзгеретінін айтқан еді. Шенеуніктер "жөндеу жұмыстарына үш-төрт ай қажет" деп сендірген-ді. Ал іс жүзінде "Шаңырақты" жөндеуге жарты жылдан астам уақыт кетті.

– Әрине, жақсарып қалған. Жатақханамыз тарақан мен бүргеге толып кеткен еді. Қазір ештеңе жоқ. Бұрын тұру мүмкін болатын. Осының өзі жоқтан жақсы, – дейді бір апта бұрын Жасөспірімдер үйіне ұлымен бірге оралған Кристина Макарова.

Кристина Маркова Оралдағы "Шаңырақ" жасөспірімдер үйінде ұлымен бірге тұрып жатыр. Талғат Омаров түсірген видеодан скриншот.
Кристина Маркова Оралдағы "Шаңырақ" жасөспірімдер үйінде ұлымен бірге тұрып жатыр. Талғат Омаров түсірген видеодан скриншот.

Кристина ғимарат жөнделгенге дейін өзі тұрған көлемі 2,5х2 метр бөлмесіне қайта оралды. Бауыры жақында кезегі жетіп, пәтер алған. Сондықтан Кристина көрші тұрған оның да бөлмесін қосып алды. Бірақ бәрібір тарлық қылып жатыр: аядай ғана жерде тамақ істейді, ас-ауқат ішеді, ұйықтайды және жуынады.

– Шынымды айтсам, жағдай қиын. Өйткені бөлме кішкентай, ыстық су жоқ, суды қайнату керек. Ортақ асүй де жоқ, олар асүй, кір жуатын бөлме жасаймыз деген, бірақ ештеңе істемеген. [Ортақ асүйде] тек қолжуғыштар тұр, біреуінде бір қолжуғыш, екіншісінде төртеуі бар. Неге екені түсініксіз. Қол жуғыштан өзге ештеңе жоқ, – дейді Кристина Маркова.

ШУЛАТЫП ШЫҒАРЫП ЖІБЕРІП, АЯҚ АСТЫНАН ҚАЙТА КӨШІРДІ

Жасөспірімдер үйіне оралу да шығарып жібергендегідей жылдам болды. Былтыр қыркүйек айында, балалар үйінің бұрынғы тұрғындарына көшетінін хабарлаған кезде, баспанадан айырылып қаламыз деп қорыққан бірнеше адам шатырға шығып алып, қайта оралатынына жазбаша кепілдік талап еткен еді. Көпшілігі құжатты сол күйі алмаса да, үйден кетуге мәжбүр болды. "Шаңырақта" барлығы 81 тұрғын бөлме бар. Балалары бар әйелдерді балалардың жазғы лагеріне жіберсе, отбасы жоқтар Орал колледждері жанындағы жатақханаға орналастырылған-ды.

Биыл көктемде қаланы және оның айналасын алапат су басқан кезде – су тасқынына еріген қар суының күрт көбеюі мен өзендер арнасынан асып тасуы себеп болды – "Шаңырақтағы" балалы әйелдер паналаған Самал жазғы лагері су астында қалып қоя жаздаған.

"Су тасқыны басталып, бізді ол жерден тез алып кетті. 12-училищенің жатақханасына орналастырды. Бірақ ол жерге де тасқыннан қауіп төніп, бізді жылдамдатып "Шаңыраққа" жіберді", – дейді үш баланың анасы Антонина Кузнецова.

"Шаңырақта" жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ, әлі ауланы жасап жатыр. Сосын оған апаратын жолға асфальт төсеуді жоспарлап отыр. Сол себепті нысан қолдануға әлі берілген жоқ. Көшіп келуге рұқсат ететін құжаттарды әлі ешкім алмаған. Бірақ адамдар тұрып жатыр.

Қазір Жасөспірімдер үйінің баяғы үгітілген қабырғалары жоқ, бәрін сылап, бояп қойған. Ескі ағаш терезелердің орнына жаңа пластик терезелер орнатылған. Ғимараттың сыртын сайдингпен қаптаған.

СУ АТҚЫЛАЙТЫН ШҮМЕКТЕР МЕН ІСТЕН ШЫҚҚАН ОРТАҚ ДУШ

"Шаңырақтағы "отбасылық" деп аталып кеткен бөлмелерде тұратындардың жолы болған. Көлемі де үлкен, жуынатын бөлмесі де бар. Бірақ жөндеуден кейін де жағдай кереметтей жақсарып кетпеген", – дейді Антонина Кузнецова.

– Цистерналардан су ағып тұр, көршімнің душынан су кетіп жатыр, менің жуынатын бөлмемде су ақпай қалатынды шығарды, бірақ басқа бөлмелерге су кетіп қала ма деп, оны шаюға қорқамын. Ақ қабырғалар тез кірлейді. Оларды жуу мүмкін емес, балалардың қолы тиіп кетсе болды, із қалады. Тұсқағаз желімдеу үшін комиссияның келіп-кеткенін күтіп жүрмін. Жарық қосқышты бассаң, бүкіл бөлменің шамы жанады, – дейді "отбасылық" бөлмеде тұратын Кузнецова.

Ваннаның аяғы орнатылмаған – астына кірпіш төсеп, соның үстіне қоя салған дейді ол. Жаңа шүмектердің сырта қабыршақтанып үлгерген, ал асүйдегі шүмектен аққан су жан-жағына шашырап, айналасын малмандай етеді.

Антонина Кузнецова бөлмесіндегі су ағатын шүмекті көрсетіп тұр.
Антонина Кузнецова бөлмесіндегі су ағатын шүмекті көрсетіп тұр.

– Уәде еткен газ жоқ, болмайтын да сияқты. Қауіпсіздік техникасына қайшы дейді. Барлығы электрмен істейтін болады дейді. Оған сым шыдай ма, білмеймін, бірақ бір-екі аптадан кейін біздің тоқ есептейтін құралымыз жанып кетті, – деді Кузнецова.

"Жалғыз бастыларға" арналған бөлмеде жағдай бұрын да жоқ еді, қазір де жасалмаған. Тамақ істейтін жер жоқ. Ас әзірлеуге арналған үлкен бөлмелер (әрбір қабатта екеуден) жабдықталмаған. Кең "асүйлерде" қол жуғыштан басқа ештеңе орнатылмаған. Үстел, пеш пен тоңазытқыш жоқ.

– Көшіп келгеніміздің өзіне мәзбіз. Бірақ мынадай болады деп күтпеген едім. Суық, қабырғалары жұп-жұқа, екінші, тіпті үшінші бөлменің шуы естіледі. Қалай өмір сүретінімізді білмеймін. Сөйлесем, көршілер естіп отырады. Қабырғалар әлден жарылып жатыр, – дейді ыстық су мен тамақ әзірлейтін пеш жоқтығынан басқа да күрделі жөндеудің кемшіліктерін тізген Ольга Досалиева.

Ольга Досалиева (сол жақта) Оралдағы "Шаңырақ" жасөспірімдер үйінің алдында отыр. 18 мамыр, 2024 жыл.
Ольга Досалиева (сол жақта) Оралдағы "Шаңырақ" жасөспірімдер үйінің алдында отыр. 18 мамыр, 2024 жыл.

"Жалғыз бастыларға" арналған бөлме тұрғындарының көпшілігі тазалық мәселесіне алаңдайды. Жуынатын және балаларды жуындыратын жері жоқ. Бірінші қабаттағы жалғыз ортақ душ жабық тұр. Неге екенін тұрғындар білмейді. Жөндеу кезінде бөлме дұрыс жабдықталмаған, судың бәрі кәрізге кетудің орнына еденге жиналып қала беретін шығар деп болжап қояды.

Жасөспірімдер үйінің директоры Өмірбай Қалымбетов ыстық су болмағандықтан душ істемейді дейді. Бірақ ол қыркүйекте ыстық су келгеннен кейін істейді, тіпті "ерлер мен әйелдерге бөлек-бөлек екі душ болады" деп уәде берді.

Азаттық Жасөспірімдер үйін балансында ұстайтын Батыс Қазақстан облысы білім басқармасына жөндеуден өткен ғимараттағы олқылықтар жөнінде сұрақ қойған. Ол мекемедегілер "бәрі түзеледі, тек нысан әлі пайдалануға берілмеген" деп жауап берді.

"25 мамырдан бастап олқылықтарды түзетуге арналған жұмыстар басталады және нысанды тапсыратын уақытта бәрі жойылады", – деп хабарлады "Шаңырақты" жөндеуге тапсырыс беруші – облыстық білім басқармасы.

Күрделі жөндеуден өткен "Шаңырақ" жасөспірімдер үйінің дәлізінде тұрған адамдар. Орал, 18 мамыр, 2024 жыл.
Күрделі жөндеуден өткен "Шаңырақ" жасөспірімдер үйінің дәлізінде тұрған адамдар. Орал, 18 мамыр, 2024 жыл.

"ЕКІ ҮЙ ТҰРҒЫЗУҒА БОЛАР ЕДІ"

Білім басқармасының ресми жауабында айтылғандай, "Шаңырақты" жөндеуге бюджеттен 516 миллион 260 мың теңгеге (қазіргі айырбас бағамымен алғанда, шамамен 1 миллион 162 мың АҚШ доллары) жұмсалған. Былтыр мердігер компания өкілі ғимарат пен оның маңайындағы аумақты күрделі жөндеуге 730 миллион теңге бөлінгенін хабарлаған еді.

Тұрғындар осынша қаражаттың қайда жұмсалғанын білмей таңғалып отыр.

– Соншама ақша! Қайда жұмсаған? Тереземізде тіпті масадан қорғанатын тор да жоқ. Жоба бойынша орнатуға болмайды дейді... Мұндай ақшаға пәтерлері бар екі үй салып, бізді сонда орналастырса да болатын еді, – дейді Антонина Кузнецова.

Күрделі жөндеуден өткен "Шаңырақ" жасөспірімдер үйі. Орал, 18 мамыр, 2024 жыл.
Күрделі жөндеуден өткен "Шаңырақ" жасөспірімдер үйі. Орал, 18 мамыр, 2024 жыл.

Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың наурызында Оралдағы жаңа тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің орташа құны 285 мың теңге (шамамен 640 доллар) болған. Арифметикалық есепке салсақ, 516 миллион теңгеге 1800-ден астам шаршы метр сатып алуға болады.

"Шаңырақтағы" жөндеу жұмыстары 1 маусымға дейін толық аяқталуы тиіс. Қазір жатақхана ауласына алдағы уақытта төселетін асфальттың астына қиыршық тас төгіп жатыр. Билік өкілдері ескерткендей, бұл жерге автотұрақ, ойын алаңы салынып, ағаш егіледі.

"Шаңырақ" тұрғындары жөндеуден өткен ғимаратқа толықтай кепілдікті екі жылға берді дейді. Олар осы уақыт ішінде олқылық шықса, мердігер компания жояды деп үміттеніп отыр. Ал әзірше заң бойынша мемлекеттен берілетін пәтерін алғанға дейін бөлмелерінде тұра алатынына мәз. Алайда олар әдетте пәтерді ұзақ күтіп қалып жатады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG