Accessibility links

"Жапаровтың сөз бостандығын шектеуге талпынуы – бос әурешілік". Қазақстан көршісіндегі жағдайдан қандай сабақ алуы керек?


Өзбекстанмен шекара туралы жасалған келісімге наразылық білдіріп, биліктің шешімін сынаған белсенділерді қамаудан босатуды талап етіп шеруге шыққан адамдар. Бішкек, 24 қазан 2022 жыл.
Өзбекстанмен шекара туралы жасалған келісімге наразылық білдіріп, биліктің шешімін сынаған белсенділерді қамаудан босатуды талап етіп шеруге шыққан адамдар. Бішкек, 24 қазан 2022 жыл.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ақпарат құралдары мен азаматтық қоғамның еркіндігін шектеу арқылы өз билігін күшейткісі келе ме? Қоғамдағы шиеленіс Қырғызстанда тағы да биліктің ауысуына алып келе ме? Қазақстан Қырғызстан тәжірибесін қайталап, тәуелсіз ақпарат құралдарын жауып тастауы мүмкін бе? Азаттық АҚШ-тағы ұлттық қауіпсіздік университетінің профессоры Эрика Маратпен сөйлесіп, осы және өзге де сұрақтарға жауап алды.

"БИЛІК ЖАППАЙ НАРАЗЫЛЫҚ ТУҒЫЗАТЫН ЖАҒДАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРЫП ОТЫР"

Азаттық: Қырғызстандағы мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі Азаттықтың Қырғыз қызметінің сайтын екі айға бұғаттады. Осыдан кейін елдегі бірқатар тәуелсіз ақпарат құралдарының бас редакторлары президент Садыр Жапаровқа хат жазды. Онда тәуелсіз ақпарат құралдарына бұрын-соңды болмаған қысым жасалып отырғаны айтылады. Азаттық сайты бұғатталмай тұрып, биліктің даулы жер учаскелерінің орнына Өзбекстанға Кемпір-Абад су қоймасын беруіне наразылық білдірген жиырма шақты белсенді мен оппозиционер ұсталды. Орталық Азиядағы "демократия аралы" атанған Қырғызстанда не болып жатыр?

Эрика Марат – АҚШ-тағы ұлттық қауіпсіздік университетінің профессоры.
Эрика Марат – АҚШ-тағы ұлттық қауіпсіздік университетінің профессоры.

Эрика Марат: Бұл бұрын-соңды болмаған қысым деуге келмейді. Ақаев, Бакиев, Атамбаев, Жээнбековтың тұсында да тәуелсіз ақпарат құралдары мен азаматтық қоғамға дәл осындай қысым жасалған. Бұрынғы президенттер де қоғамда наразылық күшейген тұста тәуелсіз ақпарат құралдарын жауып тастауға тырысатын. Үкімет Өзбекстанмен шекараны бекіту мәселесіне келгенде жабық саясат жүргізіп, көп ақпаратты жасырып қалғысы келеді. Бұл қырғыз халқы үшін өте маңызды. Жақында ғана жер мәселесіне байланысты Қырғызстан мен Тәжікстан арасында қақтығыс болды. Оған дейін Қытайға жер беруге наразылық болған. Яғни, жер мәселесі – қырғыз қоғамы үшін өте шетін тақырып.

Үкімет бұл мәселені халықпен талқыламай, өз бетінше шешім қабылдап, Өзбекстанмен шекарасын бекітіп алуға тырысып жатыр. Кемпір-Абад су қоймасы Өзбекстанға берілді деген жаңалық шыққанда қоғамда толқу басталды. Ақпарат құралдары делимитация процесі жабық жүріп жатқанын жарыса жазды. Сондықтан билік жағдайды бақылауда ұстап, сын-пікірге жол бермей, делимитация мәселесін қоғам назарынан тыс қалдырғысы келеді.

Өкінішке қарай, мұның салдары ауыр болуы мүмкін. Әр жолы билік тәуелсіз медианы жабуға тырысқан кезде қоғамдағы шиеленіс артып, оның аяғы жаппай наразылықтарға әкеліп соғады. Қырғызстанда сөз бостандығын шектеп, ақпарат құралдарын жауып, белсенділерді тұтқындау арқылы билік өзінің ақырын жақындатып жатыр. Жапаров сөз бостандығын шектеуде өзіне дейінгі басшылардан асып түсіп, ешкім жетпеген жетістікке жетеді деп ойламаймын.

Қырғызстан билігі "Азаттық Медиа" сайтын екі айға бұғаттағаннан кейін елдегі бірқатар БАҚ сөз бостандығына қысымға қарсылық акциясын өткізді. Олар 28 қазанда таңертеңгі сағат 9 бен 12 аралығында жаңалық таратуды тоқтатып, сайтына "Жаңалық шықпайды. БАҚ-қа қысым күшейді" деген мәтіні бар қара тақта жариялады.
Қырғызстан билігі "Азаттық Медиа" сайтын екі айға бұғаттағаннан кейін елдегі бірқатар БАҚ сөз бостандығына қысымға қарсылық акциясын өткізді. Олар 28 қазанда таңертеңгі сағат 9 бен 12 аралығында жаңалық таратуды тоқтатып, сайтына "Жаңалық шықпайды. БАҚ-қа қысым күшейді" деген мәтіні бар қара тақта жариялады.

Азаттық: Яғни, алдағы уақытта тағы бір революция болуы мүмкін бе?

Эрика Марат: Мұны революция деп атау қиын. Биліктің бір қолдан екінші қолға өтетіні анық бола бастады, өйткені Қырғызстан қоғамында наразылық күшейіп келе жатыр. Жақын арада билік ауысады деп ойлаймын, президенттер өзіне дейінгі басшылардың қателігін қайталаудан жалықпайды. Экономикада өсімнің болмауы, басқа мемлекетке жер беру және сөз бостандығын шектеу арқылы билік жаппай наразылық туғызатын жағдай қалыптастырып отыр.

Азаттык: Жапаров Қырғызстанда осыған дейін болған, биліктің ауысуына әсер еткен наразылықтардан неге сабақ алмайды?

Эрика Марат: Авторитар режимдердің бәрінде осындай дилемма бар. Олар өзіне дейін билікте болған тұлғалар мен басқа авторитар режимдердің әрекетінен сабақ алмайды. Өзіне қарсы айтылған сынға құлақ аспай, жеке дара билігі мен қара басын байытудан басқаны ойламайды. Мені ешкім биліктен тайдыра алмайды, бұрынғы басшыларға қарағанда әлдеқайда мықтымын деп қателеседі. Бірақ режимнің жабық болуы әдетте ауыр салдарға әкеп соғады. Жапаров пен Ташиев қазіргі биліктің 2020 жылы өздері биліктен тайдырған Жээнбековтен еш артықшылығы жоғын көрсетті.

Азаттық: Кей сарапшылар Азаттықтың Қырғыз қызметін бұғаттауды азаматтық қоғамның аузын жабуға талпыныс және басқа ақпарат құралдарына ескерту деп бағалады. Бұл жағдай басқа ақпарат құралдарын қудалауға жол ашуы мүмкін бе?

Эрика Марат: Билік Азаттық, Кактус Медиа, Kloop және басқа да ақпараттық сайттардан бұрыннан қорқады. Бірақ Қырғызстанда сөз бостандығын жою мүмкін емес. Ірі қалаларда сөз бостандығы нормасы әбден бекіп, белсенділер мен журналистердің еркін ойлауға, ашық пікір білдіруге үйреніп қалғаны соншалық, бұл процесті ешкім тоқтата алмайды. Жапаров пен Ташиевтің сөз бостандығын шектеуге талпынуы – бос әурешілік.

"АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ БИЛІКПЕН КҮРЕСТЕ ҮНЕМІ ЖЕҢЕДІ"

Азаттық: Садыр Жапаров билікке келгенде "Сөз бостандығы мен адам құқықтарын қорғау – басты міндетіміз" деп еді. Бірақ кейінгі екі жылда бірқатар белсенділер мен блогерлерге қарсы қылмыстық іс қозғап, қамауға алды. Жапаровтың президент қызметіндегі еңбегін қалай бағалайсыз?

Эрика Марат: Жапаров – өзіне қайта сайлануға көмектесетін кез келген мүмкіндікті пайдаланып, жағдайға қарай тез бейімделетін, көзбояушылықты жақсы көретін саясаткер. Оның имиджі ресурстарды мемлекет иелігіне қайтару, шекараны делимитациялау сияқты популистік идеяларға арқа сүйейді. Адам құқықтары мен сөз бостандығы төңірегіндегі популизм де оған тиімді көрінді. Сондықтан осындай мәлімдеме жасады. Жапаров пен Ташиев шын мәнінде адам құқықтары мен сөз бостандығының маңызын біледі деп ойламаймын. Олар өздерінің билікке келуіне сөз бостандығы көмектескенін түсінбейді.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (оң жақта) пен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет басшысы Қамшыбек Ташиев. Бішкек, 25 наурыз 2022 жыл.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (оң жақта) пен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет басшысы Қамшыбек Ташиев. Бішкек, 25 наурыз 2022 жыл.

Қырғызстанда үкімет пен мемлекеттік институттардан еш қайыр жоғын көрдік. Салмақты процедуралар жоқ, бәрі жең ұшынан жалғасу арқылы жұмыс істейді. Азаматтық қоғамда жақсы идеялар бар, белсенділер елдегі саясатты жақсы түсінеді. Олар үкіметке қарағанда әлдеқайда мықты, белсенді, идеологиясы дұрыс. Сондықтан азаматтық қоғам популистер мен авторитар билеушілермен күресте үнемі жеңіске жетіп отырады.

Азаттық: Билік сөз бостандығының құндылығын түсінбейді дедіңіз. Қазір Жапаров ақпарат құралдарына қысым көрсету арқылы өз билігін нығайтуға тырысып жатыр деген пікір бар. Бұл рас па?

Эрика Марат: Иә, әрине. Жапаров пен Ташиев ақпарат құралдарын жауып, биліктің саясаты туралы тәуелсіз ақпарат тарату мүмкіндігін жою арқылы өз билігін күшейтуге тырысып жатыр. Олар бұрынғы президенттердің қолынан келмеген дүниені жасай аламыз деп ойлайды. Бірақ Жапаров пен Ташиев – өздері ойлағаннан да әлсіз саясаткерлер.

ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Азаттық: Орталық Азия елдерінің ішінде Азаттық радиосы Қазақстанда, Қырғызстан мен Тәжікстанда жұмыс істейді. Қырғызстан билігі Азаттық радиосының сайтын бұғаттап тастағаннан кейін Қазақстандағы билікшіл белсенділер мен журналистер әлеуметтік желіде "бізге де солай жасау керек" деп жаза бастады. Бұл туралы не ойлайсыз?

Эрика Марат: Жаман тәжірибенің тез тарайтыны рас. Билікшіл белсенділер мен сарапшылар ақпарат құралдарын бұғаттаумен ақпарат ағыны тоқтамайтынын түсінуі керек. Тәуелсіз ақпарат халыққа бәрібір жетеді. Ал билік қиын жағдайда қалады. Азаттықты жабу арқылы билік халыққа тәуелсіз ақпарат құралдары қаншалық маңызды екенін түсінбейтінін көрсетеді. Билік тарапынан қандай кедергілер не бақылау болғанына қарамастан, халық бәрібір ақпаратты мемлекеттік арналардан ғана іздемейді. Қазақстанда да белгілі бір қалыптасқан аудитория бар деп ойлаймын. Билік Азаттықты жауып тастаса да, бұл аудитория тәуелсіз ақпарат көзін іздеуді жалғастыра береді.

Билікті сынаған белсенділерді қамаудан босатуды талап еткен наразылық акциясынан хабар дайындап жүрген БАҚ өкілі мен оның қасында тұрған милиция қызметкері. Бішкек, 24 қазан 2022 жыл.
Билікті сынаған белсенділерді қамаудан босатуды талап еткен наразылық акциясынан хабар дайындап жүрген БАҚ өкілі мен оның қасында тұрған милиция қызметкері. Бішкек, 24 қазан 2022 жыл.

Азаттық: Әлеуметтік желілерде жарияланған жазбаларға оралсақ, Қазақстан Қырғызстанның үлгісін қайталауға дайындалып жатыр деуге бола ма? Овертон терезесін кеңейтуге талпыныс байқалмай ма?

Эрика Марат: Қазақстанда сайлау келе жатыр. Президентке ақпарат ағынын бақылауда ұстау өте маңызды. Бәрі биліктің өзін қаншалық сенімді сезінетініне байланысты. Билік әлеуметтік шиеленіс пен наразылық көңіл-күй артып келе жатқанын байқаса, ақпарат құралдарына, оның ішінде Азаттыққа қысым артады.

Ал сайлауды у-шусыз, наразылықсыз өткізуге мүмкіндік барын көрсе, ақпарат құралдарын бақылауға себеп болмайды. Бірақ кез келген авторитар елде белгілі бір кезеңде ақпарат құралдарына бақылау күшейіп тұрады.

Азаттық сайтының ашылуы әлі баяу
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

Азаттық: Орталық Азия елдері басшылары Ресейдің жолын қуып, Батыстың ақпарат құралдарының қызметіне тыйым салуы мүмкін бе?

Эрика Марат: Солай жасауға тырысатын адамдар қашанда табылады. Қырғызстанда кей депутаттар мен қоғам қайраткерлері Ресейдің сценариін қолдайды. Олар сөз бостандығының арқасында ойын ашық айтып, еркін пікір білдіріп жүргенін түсінбейді. Өз билігін сақтап қалғысы келетін басшылар арасында авторитарлық тенденциялар байқалады. Бірақ олар ойындағысын жүзеге асыра ала ма? Бұл бөлек мәселе. Қырғызстандағыдай Қазақстанда да еркін талқы дәстүрі қалыптасып үлгерген шығар деп ойлаймын. Әрине, Қазақстандағы еркіндік шеңбері әлдеқайда тар болуы мүмкін. Бірақ Азаттықтан бөлек, халықты саяси талқыға тартып, салмақты тақырыптар төңірегінде ой қозғайтын басқа да ақпарат құралдары бар. Сондықтан Қазақстанда Ресейдің жолымен жүріп, тәуелсіз ақпарат құралдарына тыйым салу мүмкін емес. Қазақстан соғысқа дейінгі Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда ашық мемлекет деп ойлаймын.

Азаттық: Ақпарат құралдарын қудалау Қырғызстан билігінің өз шешімі ме, әлде бұл Кремльдің ықпалымен жасалған әрекет пе?

Эрика Марат: Бұл – биліктің өз шешімі. Режим өзіне қарсы пікір білдірген белсенділер мен ұйымдарды басып-жаншуда алдына жан салмайды. Оларға ешкімнің ақылы не қолдауы керек емес.

Бірақ Қырғызстанда қашанда жемқор саясаткерлер емес, қоғам жеңіске жетеді. Жемқор билік үнемі жеңіліп қалады. Қоғамның аузын жабуға тырысудың аяғы биліктен айырылуға әкеліп соғады. Қырғызстан билігі сол жолды таңдады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG