Accessibility links

Covid кезіндегі оң өзгерістер індет басылған соң жойылмай ма?


Пандемия кезінде жаттығу жасап жүрген маска таққан гимнаст қыздар. Киев, 2020 жылғы маусым.
Пандемия кезінде жаттығу жасап жүрген маска таққан гимнаст қыздар. Киев, 2020 жылғы маусым.

Covid пандемиясы көп адамға қайғы-қасырет, дерт пен шығын әкелді. Бірақ індет кезінде оң өзгерістер де болды: экологиялық ахуал мен жол қауіпсіздігі жақсарып, жұрттың көбі жеке өмірі мен жұмысын үйлестіруді үйренді. Пандемиядан кейін осы өзгерістер ұмыт болмай ма?

Кез келген ірі дағдарыс сияқты Covid-19 пандемиясы да өмірге біршама өзгеріс әкелді.

Әлемде саяхат азайған соң, ауа да тазара бастады. Қашықтан жұмыс істеуді үйренген көп адам өмірі мен жұмысты үйлестіріп, орайын келтіруді үйренді. Пандемия кезінде көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созған еріктілердің арқасында кей қоғам өкілдері арасындағы әріптестік рухы күшейді.

Пандемияның ұзақмерзімді әсері мен оң қырларын анықтауға әлі ерте болғанымен, адамдардың көбі кейінгі кезде күнделікті өміріне енген көп өзгеріс осы қалпында қалатынын айтады.

Қоршаған ортаның тазаруы бүкіл әлемге ауыр соққы боп тиген пандемияның бірінші артықшылығы болды.

Пандемияның бастапқы кезеңі саналатын наурыз айында NASA-ның жер серіктері әлемнің ірі қалаларындағы ауаның ластануы 30 пайызға азайғанын анықтады.

Тұман сейіліп, аспан көгілдір түске енді. Көп елде қоғамдық денсаулық сақтау шараларының аясында экономикалық белсенділік төмендеп, туризм индустриясы тоқтады.

Бүкіл әлем саяхат пен туризмнің жандануын асыға күтіп отырғанына қарамастан, қажетсіз іскерлік сапарлардың пандемияға дейінгі деңгейге жетуі екіталай.

РЕСМИ САПАРДЫ АҚТАП АЛУ ҚИЫН

Пандемия ресми кездесулер мен конференцияларға бару үшін ақша мен уақыт жұмсап, ауаны ластаудың қажеті жоғын түсіндірді.

Әлем халқы жұмысқа тұруға арналған сұхбаттардан бастап, халықаралық саммитке дейінгі әртүрлі деңгейдегі кездесулерді әлдеқайда арзан видеобайланыс арқылы өткізуге дағдыланып қалды.

Еуропа одағының сыртқы істер жөніндегі кеңсесінің басшысы Жозеп Боррель пандемиядан кейінгі әлемде мемлекеттік шенеуніктер мен дипломаттардың іскерлік сапарлары біршама азаяды деп күтеді.

"Бәрі бірдей бұрынғы қалпына келмейді. Құпиялық пен тиімділік тұрғысынан алғанда, [жоғары деңгейдегі] дипломатиялық келіссөздер кезінде жүзбе-жүз кездесудің орнын ештеңе алмастыра алмайды. Бірақ дайындық мақсатында өтетін жиындар, талқылаулар, техникалық және жұмыс деңгейіндегі кездесулерге келгенде, ұшаққа мініп, уақыт жоғалтып, ауаға бөлінетін зиянды қалдықтарды арттырғанша, үйде қалып, қашықтан жұмыс істеген әлдеқайда тиімдірек болуы мүмкін" дейді Боррельдің ресми өкілі Питер Стано.

Бұл Covid-19 пандемиясы аяқталғанда, жоғары шенді үкіметтік шенеуніктер қайтадан сапарға шығып, “жаңа норма” басталатынын білдіреді. Әртүрлі мемлекет басшылары жанындағы қызметкерлерімен бірге тағы да ресми сапарлар мен саммиттерге жол тартады.

Дегенмен халық сайлаған басшыларға салық төлеушілердің ақшасын қымбат саяхаттарға жұмсаудың дұрыс екенін дәлелдеу қиынға соғады. Бұл сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселесін жиі көтеретін Еуропа одағы сияқты елдер үшін дилемма туғызады.

ГИБРИДТІ ЖҰМЫС МОДЕЛІ

Әлемнің көп бөлігіндегі компаниялар коронавирустың таралуын тоқтату үшін қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіріп, бұрын тіршілігі қайнап жататын кеңселер әп-сәтте қаңырап бос қалды.

Тіпті қызметкерлеріне арасында үйден жұмыс істеуге рұқсат беру идеясына қарсы болған фирмалардың өзі бұл жағдайды жаңа әрі қашып құтыла алмайтын шынайылық деп қабылдады.

Румынияда пандемия кезінде бос қалған банк кеңсесі.
Румынияда пандемия кезінде бос қалған банк кеңсесі.

Қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама қорытындыларына сәйкес, қызметкерлердің көбі үйден жұмыс істеу өмір мен кәсіп арасындағы тепе-теңдікті қалпына келтіруге көмектесіп, артық стрестен арылтып, отбасымен көп уақыт өткізуге мүмкіндік бергенін айтқан.

Жаңа формат адамдарға ары-бері жүруге кететін уақыт пен қаржыны үнемдеуге де көмектескен.

Slack бағдарламасын жасаған компанияның 4 700 ақ жағалының арасында жүргізген бүкіләлемдік сауалнамасына қатысушылардың көбі кеңседегі толық жұмыс күніне қайта оралғысы келмейтінін айтқан.

Future Forum деп аталатын сауалнамаға қатысушылардың 72 пайызы кеңседе және үйде кезекпен жұмыс істеуге болатын гибридті жұмыс моделін таңдаған.

Респонденттердің 13 пайызы ғана үнемі үйден, 12 пайызы кеңседе жұмыс істегісі келетінін білдірген.

Бұл әлемнің көп компаниясында, әсіресе, дамыған елдерде болашақта гибридті жұмыс моделі кеңінен тәжірибеге енетінін білдіреді.

АДАМНЫҢ ЖАН ДОСЫ

Үйден жұмыс істеу көп адамның жолға, тамақ пен киімге жұмсайтын ақшасын қысқартты.

Бірақ оқшаулау мен өзге де шектеу шараларына байланысты адамдарға қоғаммен байланысын үзіп, көбіне жалғыздықта қалуға тура келді.

Үй жануарларын ұстайтын адамдар төрт аяқты достарының арқасында уақытын көңілді өткізіп, махаббат сезінуге мүмкіндік алғанын айтады.

Батыс елдерінде пандемия басталғалы қараусыз қалған жануарларды асырап алуға ниет білдірген адамдар саны күрт өскен.

Америкалық жануарларға қатыгездік танытудың алдын-алу қоғамының дерегінше, наурыз айынан бері Нью-Йорк пен Лос-Анджелестегі панаханалардан үй жануарларын асырап алушылар саны 70 пайызға артқан.

Пандемия кезінде көшеде ит жетектеп кетіп бара жатқан адам. Приштина, Косово. 2020 жылғы сәуір айы.
Пандемия кезінде көшеде ит жетектеп кетіп бара жатқан адам. Приштина, Косово. 2020 жылғы сәуір айы.

Сәуірде, карантин шараларына байланысты шаштараздар жабылған кезде, жұмыссыз қалған чехиялық азамат Ханка Муллерова үйде жалғыз болмау үшін ит асырап алған.

"Ит асырап алу пандемия кезінде психикалық денсаулығымды сақтау үшін қабылдаған ең дұрыс шешім болды. Ол менің үйдегі көңілді досыма айналды. Біз бірге серуендеп, азық-түлік алуға барамыз" дейді Муллерова.

Ол тағы бірнеше танысының пандемия кезінде үйде көп уақыт өткізуіне және балаларының қашықтан оқуға көшуіне байланысты ит не мысық асырап алғанын айтады.

Муллерова Чехия мен Германияның шекарасында орналасқан шағын ауылда тұрады. Ауылдың өзге тұрғындары сияқты ол да жалақысы жоғары Германияда жұмыс істейді.

Қос мемлекетте де карантин шаралары жеңілдеген соң, адамдар жұмысқа оралған.

Муллерова қазір жұмысқа байланысты бос уақыты азайса да, итін тастамайтынын айтады.

"Өкінішке қарай, пандемия кезінде ит-мысық асырап алғандар жұмысқа шыққаннан кейін бос уақыты мен пәтерінде артық орын жоғын, қызығушылығы жоғалғанын алға тартып, жануарларын қайтарып жатыр. Ондай адамдар көп емес. Бірақ соның өзі артық. Бұл сатқындық" дейді ол.

ШЫНАЙЫЛЫҚҚА ОРАЛУ

Орталық Азиядағы 9,5 миллион халқы бар кедей мемлекет Тәжікстанда пандемия кезінде экономикалық ахуал нашарлаған. Өйткені көп тәжік азаматы отбасын асыраудың жалғыз амалы саналатын Ресейдегі маусымдық жұмысқа бара алмай қалған.

Тәжікстанның солтүстігіндегі Худжанд қаласының іргесінде тұратын Некруз Амонзода барлық қиындықтың бір жақсылығы болады деп есептейді.

Аманзода биыл бақшасындағы әр текше жерді ұтымды пайдаланып, көкөністер мен шөптер еккен.

"Аз уақыт ішінде ауыл шаруашылығы туралы көп нәрсе үйрендім. Осының арқасында екі рет өнім алдым. Мысалы, көкөніс пен астық жинап алғаннан кейін жерді тыңайтып, жүгері немесе құмай жүгері сияқты дақылдарды егуге болады. Асқабақ, сәбіз, пияз ешқашан дәл осындай дәмді болған емес. Мүмкін көкөністерді өз қолымызбен өсіргеннен кейін дәмді болған шығар. Кешкісін балаларыма үй тапсырмасын орындауға көмектесемін. Бұрын ешқашан балалардың оқуына араласпайтынмын" дейді 32 жастағы Амонзода.

Пандемияға дейін Амонзода жылына 8-9 ай Ресейдің өндірістік қаласы Сургутта жұмыс істеп, қыста Тәжікстанға қайтатын.

Қазір Амонзоданың отбасы бастауыш сынып мұғалімі болып істейтін әйелінің шағын жалақысы мен үйді жөндеуге деп жинаған қаржысына күн көріп отыр.

2021 жылы шекара асуға рұқсат берілсе, Амонзода отбасын асырау үшін жұмысқа шығуы керек.

"Отбасыммен бірге уақыт өткізіп, бақша өсіруден үлкен ләззат алдым" дейді бұл іспен өмір бойы айналысуға да дайын екенін айтқан Амонзода.

"Бірақ Ресейге жұмысқа бармасақ, күн көре алмай қаламыз" дейді ол. Амонзода жақын уақытта өмірім бұрынғы қалыпқа түсер деп үміттенеді.

Материалды дайындауға Азаттық радиосының тілшілері Рикард Йозвяк және Антуан Блуа көмектесті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG