Accessibility links

АҚШ-та 1 млн аса адамға вирус жұқты. Көз жұмғандар Вьетнам соғысының құрбандарынан көп


Нью-Йорк көшесінде кетіп бара жатқан тұрғын. 27 сәуір 2020 жыл.
Нью-Йорк көшесінде кетіп бара жатқан тұрғын. 27 сәуір 2020 жыл.

АҚШ-та коронавирус жұққандар бір миллионнан асты. Бұл – әлемдегі COVID-19 дертіне шалдыққандардың үштен бірі. Елде коронавирустан 58 мың 348 адам қайтыс болды. Бұл Вьетнам соғысында қаза тапқан америкалықтардан көп (58 мың 220 адам қайтыс болған).

АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, 29 сәуір Алматы уақытымен 15.30-да әлемде вирус жұқтырғандар 3.1 миллионнан асты. 217 мыңнан аса адам қайтыс болды.

Кейінгі уақытта АҚШ анализ алуды көбейткен. Ел президенті Дональд Трамп 29 сәуір таңертең тест санын көбейткендіктен елде көп адамнан вирус табылып жатқанын жазды.

"АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар бір миллионнан асуының себебі біз әлемдегі басқа елдермен салыстырғанда өте көп тест жасап жатырмыз. Басқа елдер тест бойынша бізден әлде қайда артта, сондықтан оларда вирус жұқтырғандар саны аз” деп жазды Трамп.

Бірақ АҚШ-тың аллергия және инфекциялық аурулар ұлттық институтының жетекшісі Энтони Фаучи 29 сәуірде CNN арнасына берген сұхбатында “елде тест сынамасын тапсыруға мұқтаж адамдардан анализ алынбай жатқанын” айтып, дабыл қақты. Ол тестке мұқтаж адамдар мамырдың соңында я маусымның басында анализ тапсыруға мүмкіндік алады деп үміттенеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен ғалым Энтони Фаучи (оң жақта) Вашингтондағы брифингте.
АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен ғалым Энтони Фаучи (оң жақта) Вашингтондағы брифингте.

АҚШ-тың кейбір штаты мен Еуропаның біраз елі вирус жұқтырғандар саны азайғанын айтып, карантин шарттарын жеңілдету жоспарын жариялады.

Трамп карантин шараларын жеңілдеткен штаттарды мақтады. Бірақ бірнеше губернатор дүкен мен мейрамханаларды ашпай, сақтық шаралары әлі сақтау керек деп ескертті.

Әлемдегі миллиондаған адам бірнеше аптадан бері үйден шықпай отыр. Кейінгі кезде әр елде жұрт биліктен жұмыстарына оралуға, спортпен шұғылдануға, жағажайға, шаштаразға баруға рұқсат беруді талап ете бастады.

Денсаулық сақтау мамандары егер карантин шараларын бірден алып тастаса, инфекцияның екінші толқыны болуы мүмкін деп ескертеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерттен айыққандарға қайта вирус жұғуы мүмкін деп дабыл қақты.

Вирустан қатты зардап шеккен Испания, Италия және Франция билігі карантин шектеулерін біртіндеп алатынын, көптеген шектеу ұзақ уақыт күшінде болатынын айтты.

Франция билігі қыркүйекке дейін жұрт көп жиналатын шараларды, спорт жарыстарын өткізуге тыйым салды. Елде биылғы футбол чемпионаты жалғаспайды. Францияда дүкендер, базарлар, кейбір мектеп келесі айда қайта ашылмақ. Қоғамдық көлікте маска кию міндет. Ал үйден жұмыс істеу алдағы бірнеше апта бойы күшінде қала бермек.

Франция дәрігерлері вирус жұқтырған науқасты емдеп жатыр. 27 сәуір 2020 жыл.
Франция дәрігерлері вирус жұқтырған науқасты емдеп жатыр. 27 сәуір 2020 жыл.

Испаниядағы шектеулер алдағы екі айда біртіндеп алына бастайды. Ал Италияда жұрт келесі аптадан бастап аулада жаттығуға және туысқандарына баруға мүмкіндік алады. Бірақ маска кию міндет. Қол алысуға, құшақтасуға тыйым салынады.

Италия, Испания және Францияның әрқайсында вирустан 23 мыңнан астам адам қайтыс болды.

Германия вирус жұқтырған 159 мың адамның 120 мыңы дерттен айыққан тұста, өткен аптада дүкендерді қайта ашты. Бұл елде 6 мыңнан астам адам қайтыс болды.

Еуропа елдерінің біразы шектеулерді босатып жатқанда Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон “бізге шектеулерді жеңілдетуге әлі ерте” деп мәлімдеді.

2019 жылдың соңында вирус шыққан Қытай 13 күн қатарынан өлім тіркелмегенін хабарлады. Бұл елде 4633 адам вирустан көз жұмған. Бірақ кейбір сарапшы Қытай билігі жариялап отырған деректерге күмәнмен қарайды. Бұл елде барлық ақпарат құралы қатаң бақылауда, ал шетелдік медиалардың елде жұмыс істеуіне кедергі көп.

Қытай билігі елдегі бизнес пен кәсіпорындардың жұмысы жанданып жатқанын мақтана мәлімдеді. Коммунистік партиясының заң шығару органы – Ұлттық конгрестің кейінге қалған сессиясы 22 мамырда өтетін жариялады. Бұл туралы Қытайдың мемлекеттік агенттігі Xinhua хабарлады. Жиынға қатысатын 3000 делегат Пекинге келе ме әлде сессияға видеоконференция арқылы қатыса ма, белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG