- 2020 жылы 3 қаңтар АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен Бағдат әуежайы маңында «террористер тізіміндегі» Иранның ислам сақшылары корпусының «Құдс» арнайы жасағының қолбасшысы Касем Сүлейманидің көзі жойылды. Сүлеймани қызмет атқарған элиталық әскери бөлім де «террористік ұйымдар» қатарында.
- 8 қаңтарға ауған түні Иран «кек алу» жолында Американың Ирактағы екі әскери базасын баллистикалық зымырандармен атқылады. Адам шығыны болмағанмен кейіннен Американың 11 сарбазынан миы шайқалу белгісі байқалғаны хабарланды.
- 8 қаңтарда таң алдында Иран Тегеран әуежайынан көтеріле бергенде Украинаның МАУ компаниясына тиесілі Boeng 737 ұшағын 176 жолаушысымен атып түсірді. Алайда алғашқы кезде ұшақтың «техникалық ақауға байланысты» апатқа ұшырағаны хабарланды. Борттағы жеті елдің азаматы барлығы бірдей қаза тапты.
- 9 қаңтарда Америка баспасөзі Пентагон өкілі мен Ирак барлауы өкілінің сөзіне сүйеніп, Иранның қателесіп ұшақты атып түсіргенін хабарлады. Америка президенті Дональд Трамп баспасөзге «ұшақтың өте қауіпті аймақта ұшқанын, біреудің қателесуі мүмкін» деп сезіктенетінін айтқан. Канада премьер-министрі Жастин Трюдо дәлелдерге сүйеніп, Украина ұшағын «Иран зымыраны атып түсіргенін, зымыранның ұшаққа абайсызда тигенін» мәлімдеді. Иран басшылары мұндай деректі бірнеше күн қатарынан үзілді-кесілді жоққа шығарып отырды. Алайда әлеуметтік желіде ұшақтың атып түсірілгенін байқататын видеолар жарияланып жатты.
- 11 қаңтарда Иран қарулы күштерінің біріккен штабы арнайы мәлімдеме жариялап, ұшақты сақшылар корпусы атып түсіргенін мойындады. Штаб оқиғаны «қасақана емес, адам факторынан болған» деп түсіндірді. Сол күні Иран ислам революциясы сақшылар корпусы әуе-ғарыш күштерінің қолбасшысы Әмир Әли Хаджизаде «барлық жауапкершілікті мойнына» алатынын мәлімдеді. Осы күні кешке Иран қалаларында алдымен студенттер, жастар ұшақ құрбандарын еске алу рәсіміне жиналып оның соңы жаппай наразылық шеруіне ұласты. Бұл саяси акция 16 қаңтарға дейін жалғасты.