Accessibility links

Ресей спортшысы допинг күдігіне ілінді


Анастасия Брызгалова мен Александр Крушельницкий Пхенчхан олимпиадасында.

Пхенчхан олимпиадасында керлингтен қола медаль алған ресейлік спортшы Александр Крушельницкий "антидопинг ережесін бұзуы мүмкін".

Ресей спортшысының антидопинг ережесін бұзғаны туралы ақпарат Пхенчханда ақпанның 17-сі күні түс ауа шықты. Олимпиадада жүрген Азаттық тілшісі бұл хабарды Пхенчхандағы Бас медиа орталықта (Main Press Center) ресейлік журналистердің бірінен естіді. Ресейлік тілшілер спортшының өзіне және бапкеріне хабарласқанда олар бұл ақпартты естімегендерін айтқан. Ресей керлинг федерациясының президенті Дмитрий Свищев журналистерге бұл ақпарат дақпырт екенін, тексеруді қажет ететінін жеткізді. Ал кешкісін “Ресей олимпиадалық атлеттері” командасы Халықаралық олимпиада комитетінен (ХОК) ресми хат алғанын хабарлады.

“Бүгін біздің делегацияның штабы Халықаралық олимпиада комитетінен ресми хат алды. Онда команда мүшелерінің бірі допинг ережесін бұзуы мүмкін деген күдікке ілінгені жазылған. Бірақ біз В сынамасы ашылмайынша спортшының есімін және спорт түрін жарияламаймыз. 24 сағаттың ішінде В сынамасы тексеріледі” деді Ресей олимпиадалық атлеттер” командасының баспасөз хатшысы Константин Выборнов журналистерге.

Ал халықаралық және ресейлік басылымдар допинг күдігіне ілінген спортшының 25 жастағы Александр Крушельницкий екенін, оның сынамасынан мельдоний табылғанын хабарлады.

Александр Крушельницкий жұбайы Анастасия Брызгаловамен бірге керлингтен микст жұп (ер және әйел) жарысында қола медаль алған. Олар қолаға таласта Норвегия жұбын жеңген.

Анастасия Брызгалова мен Александр Крушельницкий Пхенчхан олимпиадасында.
Анастасия Брызгалова мен Александр Крушельницкий Пхенчхан олимпиадасында.

Ресей керлинг федерациясының вице-президенті Андрей Созин “Спорт экспресс” газетінің тілшісіне командада мельдоний препараты болмағанын айтқан.

“Біздің дәрігер үшін бұл - бесінші олимпиада. Мельдоний біздің спортшыларда жоқ. 2015 жылдың қазанына бері спортшылар қолданбайды. Керлинг күш не жылдамдықты қажет ететін спорт емес. Керлингке қырағылық керек. Бүған мельдоний мүлде көмектеспейді” деді Созин.

Анастасия Брызгалова мен Александр Крушельницкий (сұр формада) Пхенчхан олимпиадасында қола алған сәт.
Анастасия Брызгалова мен Александр Крушельницкий (сұр формада) Пхенчхан олимпиадасында қола алған сәт.

Спортшының В сынамасы ақпанның 20-сы күні тексеріледі. Бұл процеске Крушельницкидің өзі қатыса алады. Егер Александр Крушельницкидің В сынамасы оң нәтиже берсе ол олимпиада медалінен айырылып, спорттан шеттетілуі мүмкін.

Пхенчхандағы қысқы олимпиадаға Ресей спортшылары ХОК туы астында қатысып жатыр. Олардың командасы “Ресей олимпиада атлеттері” деп аталады.

Оқи отырыңыз: Ресей туы бар суретке “лайк” басуға болмайды

ХОК Ресей билігі Сочи олимпиадасы кезінде допинг саясатын мемлекеттік деңгейде қолдады деп айыптайды. Сочи ойындары кезінде алынған допинг сынамаларын қайта тексергенде допинг ережелері бұзылғанын хабарланған. ХОК арнайы комиссиясы кей спортшылардың қаны және дәреті құйылған құтылардың сырты сырылғанын, сөйтіп, құтылар ашылып, сынамалар алмастырылған болуы мүмкін деп мәлімдеді. Сынамалары бүлінген спортшылар да олимпиадаға шақыртылмады. Бұған қоса, бұрын допингпен ұсталып, жаза мерзімін өтеген ресейлік спортшылар да бұл олимпиададан тыс қалды.

ХОК Пхенчхан олимпиадасы аяқталғанға дейін “Ресей олимпиада атлеттері” допинг ережесін бұзбаса жабылу салтанатына Ресей туымен шығуы мүмкін екенін хабарлаған.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Меншікті тілшіміз

Пхёнчханға аттанған Азаттықтың меншікті тілшісі Руслан Меделбек Қысқы олимпиада ойындарынан сіздерді хабардар етіп тұрады.

Руслан Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

"Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG