Accessibility links

Испанияның бұрынғы королінің басы дауға қалды


Сауд Арабиясы принці Салман бин Абдул Азиз (сол жақта) және Испанияның бұрынғы королі Хуан Карлос I, 2006 жыл.
Сауд Арабиясы принці Салман бин Абдул Азиз (сол жақта) және Испанияның бұрынғы королі Хуан Карлос I, 2006 жыл.

Испанияда король отбасына қатысты тағы бір жанжал шықты. Бұл дау елдегі монархия институтына қауіп төндіріп тұр.

Қазіргі монарх Фелипе VI әкесі, «елдің отставкадағы еңбек сіңірген королі» 80 жастағы Хуан Карлос І – даудың негізгі кейіпкері. Баспасөз Хуан Карлосты жемқорлыққа қатысы бар, салық төлеуден жалтарды, капиталдың ізін жасырды, қаржы құжаттарын қолдан жасады деп айыптайды. Бұрынғы корольдің істері жайлы El Espanol және OK Diario басылымдары бірнеше мақала жариялады.

Газеттер дереккөз ретінде былтыр қарашадан бері түрмеде тергеліп жатқан отставкадағы полиция комиссары Хосе Мануэль Вильярехоның құжаттарынан алынған материалға сілтеме жасайды. Басылымдардың жазуынша, комиссар ұзақ жылдар бойы «қызметтік ақпаратты сатқан» және «бопсалап, ақша өндіру үшін» жоғары лауазымды тұлғаларға қарсы әшкерелеуші материалдар жинаған.

Мысалы, 2015 жылы ол Монакода тұратын Германия азаматы, 54 жастағы Коринна Ларсеннің әңгімесін жазып алған. Газеттер «Ларсен 10 жылдай Хуан Карлостың көңілдесі болған» де жазады.

Байланыстың үзілгеніне наразы болған әйел полиция қызметкеріне монарх туралы білгенінің бәрін айтып береді. Өзін «цу Сайн-Витгенштейн ханшайымы» (бұрынғы күйеулерінің бірінің титулы мен фамилиясы) деп атайтын Ларсен ақсүйек әулеттен шықпаған. Журналист-зерттеуші Жоан Прунестің айтуынша, әйелдің айтқаны еш жаңалық емес. Бұрынғы корольдің қаржы әлеміндегі күмәнді іс-әрекеті бұрыннан белгілі.

The New York Times басылымның дерегі бойынша, «Хуан Карлостың жеке қаржысы 1,8 миллиард еуро, бірақ ресми табысы жылына 10 миллион еуродан асқан емес. Ол билікте 1975-2014 жылдары отырды. Яғни, 180 жыл емес, 38 жыл ғана билік құрды. Кейін билікті өз еркімен ұлына берді. Сонда капитал қайдан келген? Монархтың көптеген жылдар бойы түрлі сауда келісімінен, мысалы, Парсы шығанағы елдерінен Испанияға мұнай тасымалдау үшін комиссиялық төлем алып келгені белгілі болды. Барреліне 1-2 доллардан алған. Бұрынғы монархтың сараңдығы да белгілі. Ақшасын аңшылық пен көңілдестеріне әшекей бұйымдар әперуге ғана жұмсады. Коринна Пардо ауылында корольдік гвардияға тиесілі үйде тұрды. Демек, мемлекетке қарайтын адам ретінде салық төлеушілер есебінен күн көрді. Ол жерді арнайы қызмет өкілдері күзетіп, олардың кездесуін сырт көзден жасырды. Басқа біреу болса сүйіктісіне арнап өз қаржысына үй әперер еді. Ал Хуан Карлостың ақшаны уысынан шығаруы қиын».

Хуан Карлос пен ұлы Фелипе (сол жақта).
Хуан Карлос пен ұлы Фелипе (сол жақта).

Кориннаның айтуынша, «бұрынғы король Сауд Арабиясында темір жол салу келісімі үшін ақша алған. Хуан Карлос Швейцарияда ақшасын құпия сақтап отыр, банк шоты туысқан інісі Альваро де Орлеан-Бурбонның атына рәсімделген».

Кориннаның дерегінше, «заңсыз ақшаны жасыру үшін бұрынғы король италиялық адвокат Данте Канониканың қызметіне жүгінеді. Ол - офшорлық аймақтарға ақша жасырудың маманы».

Испаниялық газеттердің жазуынша, Хуан Карлостың гандболшы күйеу баласы Иньяки Урдангариннің жемқорлық ісін жасыруға көмектескен. Урдангарин «бюджет қаржысын ұрлады» деген айыппен алты жылға сотталған. Жоан Прунестің айтуынша, Урдангаринге қатысты тергеу мен сот ісі Испанияны 10 жыл бұрын шулатқан.

«Урдангариннің заңсыз іспен айналысуына корольдің өзі себепкер болды. Жоғары жақтан қолдау болмаса Спортты дамыту қорының жетекшісі ретінде түрлі мемлекеттік құрылым бөлген қаржыны алып, өз атына аудара алмас еді. Балық басынан шіритінін ұмытпайық. Король отбасында бәрі Хуан Карлостың өзінен басталады» дейді Жоан Прунес.

Бұрынғы көңілдесі корольдің жасын ақшасын ғана емес басқа да жасырын істерін әшкереледі. Ішімдікті шектен тыс ішу, әйелдерге деген ынтызарлықтан қартайған шағында да арыла алмай келеді. Журналист Прунес өз зерттеуінде корольмен байланысы бар бірнеше әйелдің есімін атаған.

«Коринаның да оқиғасы жаңалық емес. Оған дейін монархтың көптеген көңілдестері болды. Олардың арасында варьете актриса Барбара Рей, дизайнер Марта Гайа, италиялық тележүргізуші Раффаэлла Карра бар. 1975 жылы корольдің әйелі ханшайым София оны әйгілі әнші және киножұлдыз Сара Монтьелмен төсектес болған жерінен ұстап алған» деп жазады журналист.

Баспасөз бетіндегі шу Испанияның саяси ортасын да дүрліктірді. Кейбір парламент өкілдері бұрынғы корольге қарсы іс қозғап, арнайы комиссия құрып, Хуан Карлосты сотпен тергеуді ұсынады.

«Монархтың халықаралық келісім үшін комиссиялық төлем алғаны парламентті алаңдатады. Оның бәрін арнайы қызмет өкілдері білген, бірақ үндемеген. Басқа біреу солай әрекет етсе, жазасын тартар еді. Мұның бәрі еліміздің имиджіне нұқсан келтіреді және қауіпсіздік пен бюджетке қатер төндірді. Сондықтан парламенттік комиссия құрып, бұрынғы корольдің шектен шыққан іс-әрекеттерін тергеу керек. Комиссия аясында конституциямыздағы «күмәнді тұстарды» да талқылап алу керек. Онда кейбір тұлғаларды мүлдем жазаламау туралы айтылған. Испанияда бәрі заң алдында тең болуға тиіс» дейді депутат Альберто Гарсон.

Король Хуан Карлос. 2014 жыл.
Король Хуан Карлос. 2014 жыл.

Испания конституциясында мемлекет басшысын кез келген заң бойынша қудалаудан босататын бап бар. Осы бап ұзақ жылдар бойы монархты сақтап келді. Тағынан айрылған соң мұндай артықшылықтан та айрылды. Бірақ заң бойынша бұрынғы монархқа қарсы Испанияның Жоғарғы соты ғана іс қозғай алады.

Үш жыл бұрын жазылған әшкерелеу мақала неліктен енді ғана дау тудырды? Сарапшылардың айтуынша, мақалада арнайы қызмет пен қоғам білмейтіндей еш жаңалық жоқ. Қоғам корольдің еңбегін ескеріп, «еркелігін» көтеріп келді.

Қазіргі жанжалға қатысты мадридтік публицист Эдуардо Гарсия Серрано өз ойын айтты. Оның пікірінше, соңғы уақытта каталондық сепаратисттер күшейіп келеді. Олар бұрынғы король емес, өздеріне «кедергі келтіре беретін» монархия институтынан құтылуды көздейді.

«Монархияны құртқысы келетін сепаратисттер жанжалды әдейі ушықтырып отыр. Олар король Фелипенің ел бірлігін қорғаудағы жігерлі ұстанымына қарсы. Оның бұл мәселеге қатысты сөзі Испания бірлігін қолдайтын миллиондаған адамды манифестацияға жұмылдырды. Сепаратисттердің отаны саналатын Барселонада сондай жағдай болды. Олар соны кешіре алмайды. Қазір монархия елдің аумақтық тұтастығының символына айналды ғой. Демек, даудың мақсаты қартайған Хуан Карлос пен Кориннаны сотқа тарту емес, мақсат – Испанияның ұлттық бірлігінің кепілдігі саналатын монархияны құлату» дейді сарапшы.

Испания үкіметі де, Жоғарғы сот та және негізгі парламенттік партиялар да бұл іске аса үлкен мән берген жоқ. Хуан Карлос ісі бойынша арнайы комиссия құрылмады. Қылмыстық іс те қозғалмады. Тек арнайы қызмет жетекшісі Феликс Санса Рольдананың мемлекеттік құпия істер жөніндегі парламент комиссиясының жабық отырысында баяндама жасамақ. Бірақ баяндама мәтіні баспасөзге жарияланбайды.

Хуан Карлос - Испанияның генерал Франконың диктатурасынан демократияға өтуіне ықпал еткен (өткен ғасырдың 70-жылдары) негізгі тұлғалардың бірі.

Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG