Accessibility links

"Путиннің алғашқы құрбанына айналды"


Брий Шутов әйелі және жақындарымен соттың дереу босату туралы қаулысына қуанып тұр. Бірер сәттен кейін Шутовты СОБР қызметкерлері күштеп ұстап әкеткен еді.
Брий Шутов әйелі және жақындарымен соттың дереу босату туралы қаулысына қуанып тұр. Бірер сәттен кейін Шутовты СОБР қызметкерлері күштеп ұстап әкеткен еді.

2014 жылғы желтоқсанның 12-сі күні Соликамск қаласындағы өмір бойына сотталғандар отыратын "Белый лебедь" түрмесінде Санкт-Петербург Заң шығару органының бұрынғы депутаты, публицист әрі Анатолий Собчакты әшкерелеген кітаптардың авторы Юрий Шутов қайтыс болған еді.

Шутов Петербургтің алғашқы мэрі Собчактың көмекшісі болған, бірақ араларына сызат түсіп, қарсыласына айналған. Шутов мақалалары мен кітаптарында бұрынғы бастығын көпшілікті құрғақ сөзбен алдауға тырысатын тілі майда, ұры әрі алаяқ деп сипаттаған.

Шутов Владимир Путинмен де жақын араласқан. Журналист Николай Андрущенко (2017 жылы оны қастандықпен өлтіріп кетті) Шутов пен Путиннің таныстығы 1970 жылдардан басталған, "Здоровье" кооперативінде екеуінің саяжайлары қатар болғанын жазып кеткен еді.

"Меніңше, Путин сияқты ол да КГБ қызметкері болған" деген еді Николай Андрущенко.

1999 жылы Владимир Путинмен сөйлескеннен кейін Юрий Шутовты іле-шала қамауға алған. Ол Путиннің үстінен компрамат жинаған. Шутовқа "қарақшылықпен айналысты және бірқатар ауыр қылмыстар жасады, 1997 жылы Санкт-Петербургтің вице-губернаторы Михаил Маневичті, 1998 жылы Мемлекеттік дума депутаты Галина Старовойтованы қастандықпен өлтіруді ұйымдастырды" деген айыптар тағылды.

1999 жылы қарашада Санкт-Петербургтің Калинин аудандық соты Шутовты сот залынан дереу босатуға қаулы еткен. Бірақ бірер минуттан кейін СОБР-дың (арнайы жедел қимыл тобы – ред.) бір топ қарулы қызметкері Шутовты сот залынан ұстап әкетті. Оларды Шутовтың Мемлекеттік дума депутаттығына кандидат екені де тоқтатқан жоқ. Арнайы жасақ қызметкерлері Шутовты күштеп ұстау сәтін түсіріп жатқан журналистердің камераларын да сындырып кетті. Юрий Шутов сол күйі бостандыққа шыққан жоқ.

Шутовтың ісін тергеу жеті жылға созылды. "Маневич пен Старовойтованы өлтіруді ұйымдастырды" деген айыптарды алып тастағанымен, 2006 жылы Шутовты өмір бойына түрмеге кесті. Мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты Виктор Тюлькин "Шутовтың ісінде заң тұрғысынан дәлелденген бір де бір эпизод жоқ. Бұл - биліктің, нақтырақ айтқанда, Владимир Путиннің арандатуы" деген болатын.

Адвокат Каринна Москаленко үкімге былай деп баға береді: "Айналамдағы адамдардың жартысы оны қорқынышты адам әрі қылмыскер, ал жартысы Шутов - билік өкілдерін сынағаны үшін жазықсыз зардап шеккен нағыз қаһарман, оның саяси уытты памфлеттері мен "Собчачье сердце" повестері мемлекетіміздің жоғары лауазымды тұлғаларының беделіне үлкен соққы болды деп санайды. Мен бұл екі тұжырымды да қостамаймын. Ол кісі әлдебір қылмыс жасаған ба, жоқ па, оларға қатысы болған ба, жоқ па деген сұрақтарға да жауап іздемеймін. Шутовты өмір бойына түрмеге кескен сот құжаттарынан жалғыз түйгенім: сотта оған тағылған қылмыстық айыптар дәлелденген жоқ".

Юрий Шутовты жазықсыз жапа шеккен қаһарман санайтындар арасында Петербург Заң шығару органының бұрынғы депутаты, ал қазір саяси эмигрантқа айналған Андрей Корчагин бар. Ол Шутовқа қарсы істі ол компромат жинаған адамдар, бірінші кезекте, Владимир Путиннің ұйымдастырғанына сенімді. Корчагиннің дерегінше, Владимир Путиннің шетелдік азық-түлікке шикізатты қалай айырбастап, қитұрқы әрекеттермен қалай айналысқанын дәлелдейтін материалдарды тапқан. Бұл 1992 жылы болған, бірақ Собчак пен оның айналасындағы адамдардың істерін тексеруді Шутов бұдан кейін де тоқтатпаған. 1996 жылдан бастап ол Ресей Мемлекеттік думасының Петербург қаласы мен Ленинград облысындағы жекешелендіру қорытындыларын тексеріп, талдау жөніндегі тәуелсіз аймақтық комиссиясын басқарған.

Оқи отырыңыз: "Ресейді Путин емес, чекистер тобы билейді"

"Ол Путин режимінің алғашқы құрбанына айналды. Путин билікке келгеннен кейін өзінің оппозицияның түбіне қалай жететінін дәл осы Шутовты соттату арқылы көрсетті. Шутов елдегі билікке чекистердің келуі қауіпті екенін 1998 жылғы мақалалары мен Петербург парламентінде сөйлеген сөздерінде ескерткен болатын. Сол болжамы дұрыс болып шықты. Чекистермен бірге бүкіл әлемге қауіп төнді" дейді Андрей Корчагин.

Түрмедегі жазбаларында Юрий Шутов ол кезде ФСБ (Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі – ред.) басшысы болып тұрған Путинді "менің көзімді жойғысы келетін епті, сыпайы, елеусіз аңшы, бірақ ликвидаторлар компаниясы ішіндегі ең қауіптісі" деп атаған. "Новый Петербург" газетінде мақаласында "кәсіпқой мергеннің нысанасына ілінгенімді түйсікпен сездім" деп жазады.

Түрмедегі ауыр жағдайға қарамастан Юрий Шутов жазуды тоқтатпаған. Оның мақалалары "Новый Петербург" газетінде жарияланып тұрды. "Түрме" деген соңғы кітабының қолжазбасы Ұлыбританияда тұратын Андрей Корчагиннің қолында екені де айтылады. Шутовтың "түрме жазбалары" 20 жыл бұрын жазылған. Ресей түрмелерін қазіргі заманның "Архипелаг ГУЛАГ-ы" деп атап, ондағы тұтқындардың жағдайы туралы баяндаған Юрий Шутовтың әңгімесі Сергей Магнитскийдің (кезінде Ресей бюджетінен ірі көлемде қаржы жымқыру айла-шарғысын әшкерелеп, 2009 жылы қарашада Мәскеу абақтысында қаза тапқан заңгер - ред.) тағдырын еске салады.

"Ол Петербургтегі баяғыда миналанып қойған, ойыншылары шетінен тісқаққан алаңға шықты. Олар оның қылықтарын бақылап жүрді де, сосын түрмеде мерт болуына мүмкіндік берді" дейді Шутовпен бірге жұмыс істеген Александр Невзоров.

Андрей Корчагин Шутовтың ажалын "қастандықпен кісі өлтіру" деп атауға болады деп санайды. "Оған дер кезінде медициналық көмек көрсетпеген. Олар әдейі солай істеген. Өйткені Еуропаның адам құқығы соты шешімінен қорықты, прецедентке айналып кетпесін деген оймен көзін жойды" дейді ол.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Дмитрий Волчектің мақаласы орысшадан аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG