Accessibility links

Татарстан мұсылмандары мешітке камера орнатуға қарсы


Татарстанда мұсылмандары биліктің мешітте камера орнату шарасына қарсы шықты. Тұрғындар "мешітке камера қою - адам құқығын бұзу" десе, шенеуніктер "камера мешітке келушілердің қауіпсіздігі үшін орнатылатынын" айтады.

Ресейдің мұсылманы басым аймағы – Татарстанның астанасы Қазандағы Миргазиян мешітінің имамы Абдуррауф Забировтің айтуынша, оның уағыздары жамағаттың бойында радикал секталардың насихатына қарсы иммунитет қалыптастырған.

Екі жыл бұрын қызметіне кіріскелі ол мешіттің Youtube арнасына діни видеолар салып, сол арқылы Ресейдегі мұсылмандарға исламның принциптерін түсіндіріп жүр.

Бірақ Рамазан айынан кейін екі күн өткенде елдегі ең ірі телекоммуникация компаниясы – "Таттелеком" өкілі Забировке қоңырау шалып, оның уағыздарын бақылау үшін мешіттің ішіне үш бақылау камерасы орнатылатынын айтқан.

Мигразиян мешіті. 15 шілде 2019 жыл.
Мигразиян мешіті. 15 шілде 2019 жыл.

2016 жылы садақа жәшігі жоғалған соң Мигразиян мешіті өз бетімен сегіз камера орнатқан. Қазандағы басқа мешіттердің көбі де өз беттерімен камера қойған. Забиров компания өкіліне басқа камераның қажет емесін айтқан.

- Ол "Бұл – ФСБ (Ресейдің аса ықпалды Федералдық қауіпсіздік қызметі – ред.) камералары" деді. Мен "ФСБ бұйрығын орындамаймын" деп жауап бердім, – дейді Забиров.

Забиров "Таттелекомнан" хабар алған жалғыз имам емес еді. 21 мамырда компания Татарстан мұсылмандарының басшысы, мүфти Камил Самигуллинге хат жіберіп, камера орнатуға дайындалу үшін Қазандағы барлық мешіттерге кіруге рұқсат сұраған. Компания хатта "бұл – Татарстан цифрлық даму және коммуникация министрлігінің шешімі" деген.

Компания Самигуллиннен "тез арада барлық мешіттердің тиісті өкілдерінің байланыс ақпаратын беруді" сұраған. Азаттық тілшісінің қолына түскен хат көшірмесінде бұрын Татарстан үкіметінде жоғары лауазымды қызмет атқарған, мамыр айының басында "Таттелекомның" директоры болып тағайындалған Айрат Нурутдиновтың қолы қойылған. Азаттық радиосы бақылау жүйелерін орнату шарасына ФСБ-ның қатысы бар-жоғын, қанша мешітке хат барғанын анықтай алмады.

"БҰЛ – ӘР АДАМНЫҢ ИНТИМДІК ӨМІРІ"

Түрлі есеп бойынша, Ресей халқының 10-14 пайызы ислам дінін ұстанады. 1997 жылғы заңда буддизм, иудаизм және православ христиандығымен бірге ислам да Ресейдегі төрт "дәстүрлі" діннің бірі ретінде мойындалған.

Бірақ православ христиан дініне ерекше мәртебе берілген. 1991 жылы Совет одағы құлаған соң елде үкімет пен православ шіркеуі арасындағы байланыс күшейді. Бұл басқа діндегілерге және атеистер мен агностиктерге қарсы кемсітушілік күшеюі мүмкін деген қауіпті ұлғайтты.

Татарстан көптен бері Ресейде мұсылмандар мен православ христиандар бейбіт өмір сүрген ел ретінде танылған. Дегенмен құқық қорғаушы белсенділердің айтуынша, Татарстаннан қашықта жатқан Солтүстік Кавказдағы ел – Шешенстанда болған екі бірдей сепаратистік соғыс Ресейде мұсылмандарға қатысты сыңаржақ пікір мен түсініспеушілікті ұлғайтып жіберген. Ресейдегі кейбір мұсылмандардың "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының құрамында соғысу үшін Сирия мен Иракқа бару шешімі күштік құрылымдардың қысымын күшейтіп, жалпы мұсылман қауымын бөлектеуге жол ашты.

ИМ кері шегінгелі Ресейден Таяу Шығысқа баратындар азайды, бірақ Ресейде мұсылмандарға деген көзқарас әлі жақсармай тұр.

Биыл көктемде Ресейдегі мұсылмандардың құқықтары бойынша түрлі сот істеріне қатысып жүрген заңгер Руслан Нагиев интернетке үкімет хатының көшірмесін жариялады.

Хат көшірмесінде Татарстан ішкі істер министрлігі Қазандағы барлық мектеп директорларына ата-анасы хиджаб киетін және мұсылман дінін ұстанатын оқушылардың тізімін жасау туралы пәрмен бергені жазылған. Бұған қоса, мектеп психологтарына оқушылардың ата-аналарының "исламның қай бағытын ұстанатынын" анықтау үшін оқушылармен тілдесу тапсырылған.

Интернетте тараған хаттың көшірмесі.
Интернетте тараған хаттың көшірмесі.

Ішкі істер министрлігі бұл іс бойынша тексеру жүргізетінін және интернетте тараған хат жекелеген қызметкерлердің бастамасы болуы мүмкін екенін айтты.

Мамырда Қазан қаласының шетінде мешіт салу жоспарына қарсы тұрғындар мен мұсылмандар арасында қақтығыс болды. Қарсы тұрғындар "мешіт салынса, намаз кезінде маңайға көлік толып, у-шу болып кетеді" деген. Қазанда бұған дейінде бірнеше рет мешіт құрылысына қарсы наразылық шаралары болған.

Нагиевтің сөзінше, Татарстанда жұмыс істеп тұрған 1500-дей мешіттің көбінде камера бар, бірақ бұл камераларды мешіт қызметкерлерінің өздері орнатқан. Ал "Таттелеком" ұсынған камералар орнатылса, жағдай қиындамақ.

- Бұл – адамның жеке өмірінің бір бөлігі. Кейбір кісілер мешітке барып жүргендерін басшылықтың білгенін қаламайды. Бұл – адамның интимдік мәселесі. Полицейлер мешіттерге жасырын барып, бақылаудың орнына діни орындарды сырттан қадағалап отырмақ. Меніңше, құқық қорғау органдары өз жұмыстарын жеңілдеткісі келеді. Жұртты тыңдап, бақылау үшін олардың мешітке баратыны жасырын емес. Енді олар мұны камераның көмегімен атқарып, мешіттің ішінде не болып жатқанын бақылап отырады, – деді Нагиев телефон арқылы берген сұхбатында.

Шілденің 12-сінде Азаттықтың Татар-башқұрт қызметінің тілшісі Миргазиян мешітіне барып, келушілерден камера қою жоспарына көзқарасын сұраған.

- Жамағатқа бақылау камералары керек емес. Мұнда әйелдер, балалар келеді. Жаратушы алдында еңкейіп намаз оқып жатқандарға алдынан, қырынан қарау – әбестік, – деді мешіт имамы Ильшат Галимов.

Ал бірнеше жыл бұрын мешіттің негізін қалаған мұсылман қауымының беделді өкілі Рауф Ибрагимов "Мүмкін оларға Куршавельде аяқты айқастырып, күнге қыздырынып жатып, Миргазиян мешітіне кімдердің келіп-кеткенін бақылау – қалыпты жұмыс шығар. Бірақ бұл – біздің қоғам. Біз – Ресейдің азаматымыз. Өз азаматтарыңа сенім болуы керек" деді.

Мигразиян мешітінің негізін қалаған Рауф Ибрагимов.
Мигразиян мешітінің негізін қалаған Рауф Ибрагимов.

"БҰЛ 24 САҒАТТЫҚ БАҚЫЛАУ МА?"

Азаттық радиосының сауалына жауап берген "Таттелеком" өкілінің сөзінше, Қазандағы мешіттерге бақылау камераларын орнату – діни институттарға келушілердің қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шара. Компания өкілі бұл шараны Татарстан мұсылмандарының діни басқармасы қолдап, қаладағы мешіт имамдарының байланыс телефондарын бергенін айтты.

"Таттелеком" бұл камералардың мешітте бұрыннан тұрған бақылау құралдарынан айырмашылығын, түскен видеолардың ФСБ не басқа да құқық қорғау органдарына жіберілетіні, я жіберілмейтіні туралы нақты ештеңе айтпады. Бұған қоса, олар мұндай камералардың Татарстандағы православтардың шіркеулерінде де қойылатыны, я қойылмайтыны туралы ақпарат бермеді.

Ал Татарстан цифрлық даму және коммуникация министрлігінің өкілі мешіттерге камера орнату шарасы жайлы білмейтіндерін айтты.

- Біз бірде-бір мешітте қандай да бір камера орнату туралы ешқандай келісімге қол қойған жоқпыз. Бұл шарадан ешқандай хабарымыз жоқ, – деді министрліктің баспасөз хатшысы Анна Яковлева Азаттық тілшісіне.

ФСБ Азаттық тілшісінің ресми хатына әлі жауап берген жоқ.

Ал осы кезде "құқық қорғау органдарының діни ұйымдардың ісіне және азаматтардың жеке өміріне араласу" жоспарына наразы жұрт мешіттерге камера орнатуға қарсы "онлайн петиция" бастады.

Ал Забиров пен басқа имамдар мұнымен шектеліп қалмақ емес. Маусымның 30-ы күні Забиров YouTube арнасында жамағатты қолдап, Миргазиянда камера орнатуға қарсылық білдірді және қысымға көнбейтінін айтты.

- Бұл не, Алланың үйіне кіретіндерді 24 сағат бақылау ма? Мұны қалай түсінсек болады? - деді ол.

Имам бұл бастаманы Қытайдың ұйғырларды бақылау әрекетімен салыстырды. Забиров пен басқа да имамдар мешіттерге камера орнату шарасына қарсы сотқа шағым түсірмек. Ал заңгер Нагиев оларға көмектеспекші. Сотқа шағым түсіру идеясын мешітке келетін кейбір жамағат та қолдайтын тәрізді.

- Адамдар өздерін камера түсіріп жатқанын көрсе, мешітке келуді қояды. [Камера] орнатқысы келмейтіндердің Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы бар. Меніңше, олар жеңіп шығады, - деді мұсылман құқықтарын қорғаумен айналысатын "Жалпы татарлар қоғамдық орталығының" төрағасы Фарит Закиев Азаттықтың Татар-башқұрт қызметіне берген сұхбатында.

Азаттықтың Ағылшын қызметінің тілшісі Мэтью Лаксмурдың мақаласы ағылшын тілінен аударылды. Мақаланы жазуға Азаттықтың Татар қызметінің тілшісі Рамазан Алпауыт пен Анлрей Григорьев атсалысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG