Accessibility links

Бердімұхамедовтің журналы спорт мектебі қызметкерлеріне қымбатқа түсті


"Түркіменстан спорт" журналының мұқабасы.

Ашхабадтағы спорт мектептері мен елдегі өзге спорт ұйымдарының қызметкерлері «Түркіменстан спорт» журналын сатып алу үшін 80 манаттан (шамамен 23 доллар) жинап жатыр. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады.

Биыл наурыз айының басында президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің бастамасымен ашылған жаңа журнал қызметкерлерге негізгі бағасынан екі есе қымбатқа түсті. Басылымның мұқабада көрсетілген құны – 39 манат (11 доллар).

Журналдың ұлттық ою-өрнекпен және президент суретімен безендірілген алғашқы нөмері сәуірде жарық көрді.

"Түркіменстан спорт" журналының 2017 жылғы саны.
"Түркіменстан спорт" журналының 2017 жылғы саны.

Айына бір рет шығатын басылым мұқабасындағы ақпаратқа сәйкес, спорт және жастар саясаты министрлігі шығаратын журналдың таралымы - 7900 дана. Журналды шығару туралы қаулыға Бердімұхамедов 2019 жылы наурыздың 3-і күні қол қойған.

Азаттықтың Түркімен қызметінің хабарлауынша, осы аттас журнал оқырманға өткен жылы таныстырылған. 2018 жылы спорт мектебі қызметкерлері 2017 жылы жарық көрген журналдың бір саны үшін үшін 80 манаттан (шамамен 23 доллар) жинағаны хабарланған.

Осыған дейін Түрікменстандағы мемлекеттік спорт мекемелерінің қызметкерлері "Дене шынықтыру және спорт" журналына жазылу міндетті болған. Журналдың мұқабасына көбіне Бердімұхамедовтің суреті жарияланады. Басылым 2012 жылдан бері шығады және қызметкерлер бір жылға жазылуы тиіс басылымдар қатарына кіреді. Соңғы жылдары журнал бағасы өскен.

«2015-2017 жылдары журналдың бір данасы 8 манат (2,29 доллар) тұрған. 2018 жылы баға 12 манатқа (3,43) дейін көтерілген. 2019 жылы журнал әлі шықпады» деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі.

"Дене шынықтыру және спорт" журналы.
"Дене шынықтыру және спорт" журналы.

Жақында Ашхабадтағы спорт мектептерінің қызметкерлері сәуірде өтетін денсаулық айлығына қатысушылардың спорт киімдеріне 150 манаттан (шамамен 43 доллар) жинағаны айтылған.

Мемлекеттік баспасөзге жазылу Түрікменстанда жылына екі рет жүргізіледі. Бюджеттік қызметкерлер мен жоғарғы оқу орны студенттер басылымдарға жазылуы міндетті. Мемлекеттік басылымдарға жаздыру науқаны кезінде олардың жалақысы мен шәкіртақысынан қажетті қаржыны ұстап қалады.

Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшілерінің айтуынша, Түрікменстан астанасында газет пен журнал сататын дүңгіршектер аз, жергілікті халық мемлекеттік басылымдарды сирек сатып алады.

Қазір елдегі ондаған газет-журнал биліктің үгіт-насихат құралына айналған. Басылымдардың бірінші бетіне президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің суреті жиі жарияланады.

«Reporters Without Borders» (Шекарасыз тілшілер) халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымының биылғы рейтингінде Түркіменстан 180 елдің ішінде 178 орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG