Accessibility links

АҚШ-та Орталық Азиядан шыққандар контрабанда күдігіне ілінді


Қырғызстан азаматы Тенгиз Сыдыков.
Қырғызстан азаматы Тенгиз Сыдыков.

АҚШ астанасы Вашингтонда Орталық Азиядан шыққан екі азамат ұсталды. Олар Шешенстанға контрабандалық жолмен қару-жарақ сатты деп айыпталған. Бұл туралы Associated Press ақпарат агенттігіне сілтеме жасап вашингтондық WJLA басылымы хабарлады.

Вирджиния шығыс округы прокуратурасының дерегінше, 28 жастағы Тенгиз Сыдыков пен 27 жастағы Элдар Резванов ақпанның 27-сі күні заңсыз түрде қару-жарақ сатты, контрабандамен айналысты деген күдікпен ұсталған. Олар ақпанның 27-сі күні қамауға алынған. Ал наурыздың 1-і күні Вирджиния штаты Александрия қалалық сотының кеңсесі Сыдыковтың қамаудан босатылғанын хабарлады. Резванов әлі қамауда отыр.

Қылмыстық істе көрсетілген дерек бойынша, күдіктілер Шешенстанға жүзден астам қару жарақты шашылған күйде ас үй жиһаздары ретінде көлік жапқыштарға тығып жібермек болған.

Ал 2005-2010 жылдары Қырғызстанның АҚШ-тағы елшісі болған Замира Сыдыкова жергілікті басылымдарға Вашингтонда кіші ұлы Тенгиз Сыдыковтың ұсталғанын растаған. Бірақ ол ұлының қару-жарақ контрабасымен айналысқанына сенбейді. Сыдыкованың айтуынша, Резванов – Қазақстан азаматы.

Замира Сыдыкова қырғызстандық Kaktus.media сайтына "Элдар мен Тенгиз бұрын бір пәтерде тұрған. Қазір бөлек тұрады. Элдар тұрып жатқан пәтерді тінтуге келгенде Тенгиз онда болмаған. Кейін Тенгиз досын қолдау үшін полиция бөлімшесіне барғанда оны да ұстаған. Себебі Элдарды ұстаған пәтер Теңіздің атына жазылған. Тенгиз АҚШ-та ІТ саласында жұмыс істеп жүрген. Ал Элдардың қандай жұмыс істегенін білмеймін" деген.

Замира Сыдыкова.
Замира Сыдыкова.

Замира Сыдыкова күйеуінің АҚШ-та жүргенін, баласымен байланысып отырғанын айтқан. Сыдықова қазір Қырғызстандағы ResPublica газетінің бас рдакторы болып жұмыс істейді.

Азаттық тілшілері Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен Элдар Резвановқа қатысты комментарий ала алмай отыр.

Жапонияда шығатын Diplomat газетінің жазуынша, "бұл іске Тенгиз Сыдыковтың ағасы Чингиз Сыдыковтың да қатысы бар болуы мүмкін". Сот материалдарына сілтеме жасаған басылымның хабарлауынша, Чингиз Сыдыков шетелдік банктер арқылы ақша аударып, қару-жараққа қажетті бөлшектерді сатып алуы мүмкін. Бірақ Diplomat Шыңғыс Сыдыковтың қамалғаны я бостандықта жүргені туралы ақпарат бермеген.

АҚШ басылымдарының хабарлауынша, егер Тенгиз Сыдыков пен Элдар Резвановтың контрабандамен айналысқаны дәлелденсе 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG